22.09.2019, 22:54
Қараулар: 431
Құрылыс нысандары партия бақылауында

Құрылыс нысандары партия бақылауында

Аудандық «NurOtan» партиясы филиалы  жанындағы  партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Чапаев ауылындағы құрылыс обьектілерінің жұмыс барысымен танысты.

Аталмыш партия филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева бастаған құрамында облыстық мәслихат депутаты Мәлік Мұхтар,  аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, аудандық мәслихат депутаты Светлана Оразова бар жұмыс тобы алдымен жаңадан салынып жатқан «Абай» атындағы мектеп-гимназияның құрылыс нысанында болып, мердігерлер жұмысының сапасын қарап, мезгілінде тапсырылуын бақылауда ұстайтындарын жеткізді. Сонымен қатар мұқтаж  тұрғындарға арнап салынып жатқан 24 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысып, жұмысқа жауапты «Дизайн – D.A.» ЖШС-ның өкілдерімен тілдесті. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жалел Жолдығалиевтің айтуынша, тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 149 млн. теңге бөлінсе, бүгінгі таңда оның 48 млн. теңгесі игерілген. Әзірге бір қабатының қабырғасы қаланып тұрған бұл нысан жыл аяғына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Құрылысқа жауапты мердігер ауа-райының қолайсыздығына орай жұмыстар кешеуілдегенмен, белгіленген уақытта тұрғын үй толық бітетінін айтты.

Әрі қарай бақылау комиссиясы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен №1 ОЖББМ-де болып, жұмыс сапасын тексерді. Аталмыш екі нысанда да жұмыс қарқынды жүруде. БЖСМ-нің шатыры толық жөндеуден өтіп, желдету және жылыту жүйесі реттеліп, ішкі жұмыстар басталған. Орта мектептің сыртқы фасады мен шатыры жөнделіп, терезелері ауыстырылуда. Екі мердігер де жөндеу жұмыстарын межелі уақытта бітіретіндерін айтты.

Рауан Таңатжанұлы