25.09.2019, 18:58
Қараулар: 403
Есім ханды ескерейік

Есім ханды ескерейік

Біздің айтқалы отырғанымыз Жәнібек ханның ұрпағы, ел билігін 30 жыл бойына қолына  ұстап,  «Есім ханның ескі жолы» атты заң жинағын  өмірге енгізген Есім хан емес екенін ескертіп қояйық.

Әңгіме Нұралы ханның үлкен ұлы Ерәлі ханның мұрагері, Әбілхайыр ханның немересі, 1794-1797 жылдары аралығында Кіші Жүздің ханы болған тарихи тұлға Есім хан  Нұралыұлы туралы болмақ.

Облысымыз бойынша соңғы жылдары өлкетанушылар құлпытастарды зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Осының арқасында талай тарихи тұлғалардың –хандар мен сұлтандардың, батырлар мен әулиелеріміздің құлпытастары табылып, тарихымыз тың деректермен толықты.

Ауданымыз аумағынан Базаршолан округіне қарасты Ескі Есім елдімекенінің маңындағы көне қорымнан  Есім ханның құлпытасының табылуы да – осы зор жұмыстың  жемісі.

Осы ауылда көп жылдар тұрып, еңбек еткен ауылшаруашылығы саласының ардагері, шежіре қария Науқан Есенәлиев былай дейді: «Бұл Есім хан қорымын 1960 жылдардан білемін. Тайпақ өткелінен  өткенде, Базаршолан ауылының солтүстігінде 1 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 56 көне құлпытас бар. Сол кезеңде Мырзаш Әзенов, басқа да көнекөз аталарымыз: «Осы жерде Есім ханның моласы бар,» —  дейтін.  Ескіше жазуды оқи алады дегендердің біразын қорымға апарып, оқытқым келді. Қабаш молда, ҰОС ардагері, зоотехник қызметін атқарған, ұлты шешен Гарданов Абузар Халисович сияқты арабша сауаты бар адамдарды апарған едім. Өкінішке қарай, олар құлпытастағы жазуларды оқығанмен, нақты кімдікі екенін айта алмады. Кейін ғалымдардың зерттеуімен Есім хан моласы анықталғанда, ерекше қуанған адамдардың бірімін».

Расында да, көне қорымдардағы ескі құлпытастар–ата-бабаларымыздың қабіріне қойылған тас белгілер ғана емес, құпиясына үңіліп, сырын аша білгенге ел мен жердің тасқа қашалып жазылған тарихы.

Ал тарих былай дейді: ХҮІІІ ғасырдың 30 жылдарында Кіші Жүз Ресейге қосылғаннан кейін, бекіністер салына бастады. 1744 жылы Орынбор салынды. Ор өзені бойында Орск салынды. Орал қаласынан Өскеменге дейінгі 3,5 мың шақырымдық қашықтықтағы Жайық, Ертіс өзендері жағалауында ірі әскери бекіністер бой көтерді. Оларға орыс-казактар қоныстандырылды. Патша үкіметі қазақтарды ішкі жаққа Жайық сыртына өткізбей, оған тыйым салды.

1747-1786 жылдары Кіші Жүзге хандық құрған Нұралы Әбілқайырұлы да елге көп қысым жасады. Осы қысымға шыдамаған қазақтар көтеріліске шықты.

Көтеріліс басында Байбақты  руынан шыққан Сырым батыр (1742-1802) тұрды. 1786 жылы Нұралы хан қолынан ешқандай іс келмейтін, қауқары жоқ дәрменсіз ханға айналды. Екатерина ІІ арнайы жарлықпен ханды тағынан тайдырды. Қазақтардың да, отаршыл билеушілердің де көз алдында өзінің беделінен жұрдай болған Нұралы хан 1786 жылы Кіші Жүзден біржолата қуылады. Ол ендігі жерде патша билігінің қамқорлығына алынады. Біраз уақыт Калмыков бекінісінде жасырын тұрады. Содан кейін 1790 жылы Уфаға жер аударылған хан, ақырында, сонда қайтыс болады.

Одан кейін хан болған Ерәлі 1794 жылы дүние салды…Тек 1796 жылы қазан айында жекелеген аз топ билердің ұйғаруымен Кіші Жүз ханы болып Нұралының ұлы Есім сайланады.

1795-1796 жылдары қыс айларында Кіші Жүз халқы үшін үлкен апат – жұт басталды. Осы жұт нәтижесінде жүздеген ауыл адамдарының қисапсыз малының қырылуына әкеліп соғады. Елде өлім-жітім көбейеді. Қарапайым халық басына түскен  қайғы-қасіреттің негізгі себепшісі хан деп түсінді. Сондықтан 26-27 наурыз күндері Сырымның көптеген жасақтарының бірі хан ордасына шабуыл жасап, ханның ауылын ойрандап, Есім ханды өлтіріп тынды.

Міне, осы көпке дейін белгісіз боп жатқан Есім хан құлпытасы –біздің шежіреміз, тарихымыздың нышаны. Сол тарихымызды түгендеуге ат салысып жүрген белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов те өз ойларын былайша түйіндейді:«…Басқаның  патшасының бәрі жақсы,Неліктен біздің хандар жаман болған?!»,-деп көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, неге біздің хандарымыз әлі де жаман атақтан арылмай келе жатыр. Бүгінде Есім хан басына шағын ғана ескерткіш тақта орнатылды. Бұл тарихқа қиянат! Қай ауданның аумағынан ханның құлпытасы табылып жатыр? Еліміздің басқа да өңірлері әрбір тарихи орындарға мән беріп, оларды киелі жерлерге айналдыруда. Оған өзімізбен бірге шетелдік туристер де жиі ат басын бұрады. Ал біз дерегі дәлелденіп, тарихы айқындалған Есім хан қорымын әлі де иесіз қу мекенде ескерусіз қалдырып отырмыз. Хан жатқан жердің басын қарайтып, тарихын одан да терең зерделейтін қасиетті орынға айналдырсақ, қане? Рухани жаңғыру дегеніміз де осы емес пе?» — дейді.

Біздің де ойымыз осы,ағайын!

Мәлік БЕРДІ ӘЛІ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі