25.09.2019, 19:45
Қараулар: 131
Кітап құны құлдырамасын десек…

Кітап құны құлдырамасын десек…

Адам ғұмырының ең қымбат бөлшегіне айналған кітап туралы әңгіме таусылар емес. Неге таусылсын? Кітап – рухани қазына, мол байлық, тегін білім. Сөздің расы керек, біз бүгінде кітап оқитын қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Адамдар күн өткен сайын кітап оқудан қол үзіпа бара жатыр. Орман ойдың ордасы-кітапханаға бас сұқпайтын ұрпақтың ертеңі қалай болмақ. Осылай деп бәрі де дабыл қағып жатқанмен, осы түйткілдің түйіні тарқатылар емес. Мүмкін, мәселе басқада шығар? Салмақты мәселеге тағы бір үңіліп, саралап көруді жөн көрдік.

Әрине, бағытымыз – аудандық кітапхана. Қашанда қат-қабат қайнап жататын мекеме бізді осы жолы да сондай кейіпте қарсы алды. Кітапхана сөрелері сан түрлі кітаптармен сіресіп тұр. Осынша кітапты оқитын оқырман бар ма екен деген ой еріксіз мазалағандай. Кітапханашылармен әңгіме барысында осы ойдың расқа айналып бара жатқанына сеніңкіремей отырдық. Кінә кітапханашыларда емес, келмейтін оқырманда болып отыр. Әйтпесе, жылма-жыл жанданып келе жатқан рухани орданың дамуы көз қуантады.

Ауданымызда 45 кітапхана бар. Жаңабұлақ, Ақжол ауылдық округтеріндегі рухани ошақтар коворкинг орталығына айналды. 8 кітапхана модельді статусын алып, келушілерге сапалы қызмет етуде. Аудан кітапханалары бойынша кітап қоры 593 343. Соның 312 941-і қазақ тіліндегі кітаптар. 2018 жылы қор 586 688 кітапты құраған. Соның ішінде қазақ тіліндегісі 305 484 кітап. Сандарға қарасақ, кітап саны жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Жаңадан түскен әдебиеттер қай оқырманның болмасын талғамынан шығады. Мысалы, 2018 жылы сөрелер 5021 жаңа кітаппен толықса, биыл 4355 әдебиет келген. Тиісінше аудан бойынша 2018 жылы 414 637 кітап оқуға берілсе, биыл 415 676 кітап оқылған.

Аудандық кітапханадағы абонемент бөлімінде 30 жылдан бергі кітапханашы болып қызмет атқарып келе жатқан Қаламқас Жұбанғалиевадан аталмыш мәселеге орай мәліметтер сұрастырдық. Осындағы абонемент және көпшілік оқырман залының 3264 ересек, 1286 жасөспірім оқырманы бар екен. Кітап қоры 25 мыңнан астам. Осы оқырмандар биылдыққа 65 460 кітап түгесіпті. Көңілге қонымды цифрлар. Бірақ, кітапханашы оқырманның кітапқа құмарлығы бұрынғыдай емес екенін алға тартады.

–Тоқсаныншы жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Уақыт өткен сайын оқырманның азайып бара жатқаны өкінішті, әрине. Тоқырау кезеңі ғой. Әйткенмен, тұрғындар кітапханаға ағылып келетін. Іздегендерін тауып, індете оқып, кітаптарды лезде қайтаратын. Бүгінде ондай белсенділік жоқ. 2000 жылдан бері қарай оқырмандар кітапқа көп жүгінбейді. Жаңа технологиялар заманы болғасын да шығар, керегін теледидар, ұялы телефон, интернеттен іздей бастады. Бұлардың бәрі кітап оқығанға жетпейді ғой. Бүгінде кітап оқымақ түгіл теледидар қарамайтын жастар көбейді. Осылай екен деп қол қусырып отырған біз жоқ. Тұрақты оқырмандарымыз баршылық. Мысалы, еңбек ардагерлері Дәулетжан Жақсыбаев, Балым Хамзина, облыстық мәслихат депутаты Мәлік Мұхтар, жас кәсіпкер Ербол Көшекқалиев пен жолдасы Бибіжан Нұрпейісова, мәдени-демалыс орталығының жас қызметкері Перизат Темірболатова сынды оқырмандарымыз ордамызға тұрақты келіп тұрады,-дейді Қ. Жұбанғалиева.

Кітапханашы айтса, айтқандай, кітапхана ұжымы оқырмандарды тарту үшін қолдан келгенді жасауда. Мысалы, оқырмандарды жаңа технологиялар арқылы ақпаратпен қамтамасыз етуде және пайдаланушыларға сапалы қызмет көрсетуде кітапханалық «КАБИС» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы мәліметтер базасы толықтырылуда. Сонымен қатар «BOOKSKAN» модулі арқылы өлкетану бағытындағы кітаптарды көбейту барысында мұрағат қорларымен де тыңғылықты жұмыстануда. «Әже, оқып берші» бұрышы, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған «Нұр» рухани орталығы, кітапхана мұражайы, ақын Сағынтай Бисенғалиев жетекшілік ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауы, басқа да бөлімдер тұрғындарға тұрақты қызмет етуде.

Қыркүйек айында өткізілетін мәдени-көпшілік шаралардың өзі баршаны тартып тұрғандай. «Майданда ерлік, еңбекте жігерлік көрсеткен» тақырыбындағы соғыс және еңбек ардагері Төлеген Жұмақаевтың 110 жыл толуына орай өткен кеш, «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» тіл айлығы аясындағы кітап көрмесі, «Отбасым–өмір тірегім» атты отбасы күніне орай мерекелік кеш – бәрі-бәрі білген адамға мазмұны терең шаралар. Тек осыған тұрғындардың қатысуы бәсең. Жастардың руханиятқа қызығушылығы осындай тағылымды кештерге қатысудан басталады ғой.

Кітап–қасиетті қағаз. Ең ұлы өсиеттер көктен кітап болып түскесін-ақ қадіріне жете білуіміз керек қой. Үлкендердің заманында ауылдағы әрбір кісінің үйінде газет-журнал, кітап қатталып тұрғанын ойлаған сайын өз күйің, замандастарыңның халі, айналаңдағы достарыңның бейқамдығы көңіл жүдетеді. Кітапты ешкім оқымаса, жиырмасыншы ғасырдың басындағы ардақтыларымыз ақындық, жазушылық жолынан өзге қазақ педагогикасын, психологиясын, тарихын, әдебиетін, ғылымын кітап етіп жазуға жанталасқаны бекер болғаны ма? Кітап құнының құлдырағаны руханиятымыздың ақсағаны емес пе?

Сан сауалдың жауабын смартфоннан іздеп, сериалдармен санамыз арбалған тұста жаңа технологиялардың адам өміріне әкелген зор зардабын айтып-айтып жағы талған зиялылар қаншама.

Дегенмен, осы құрылғылармен де кітап, газет-журнал оқитын жастарымыз бар екен. Оған Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің кітапханасына барғанымызда көз жеткіздік. Аспазшы мамандығының ІІ курс студенті Жанна Меңдешова қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын ұялы телефоннан қосымшалар арқылы оқиды. Жас та болса, біраз кітапты түгесіп үлгерген ол, қатарластарының арасында үлгілі. Сөзге де шешен, ойын тез жинақтап, нық сөйлейді.

–Ұялы телефон қосымшалары арқылы көп кітап оқыдым. Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Жүсіпбек Аймауытов, Абай Құнанбайұлының, тағы да басқа заңғарлардың дүниелерін оқып тауыстым. Кітапханаға бара беруге уақыт жетпейді. Сондықтан смартфоннан қалаған электронды кітаптарды оқығанды жөн көремін. Ғаламторда қазақ ақын-жазушыларының электронды кітаптары көбейсе, мен үшін мол олжа болар еді. Ол үшін жаңа технологияларды игерген жастар  электронды кітапхана қорын молайтуға жұмыстануы керек,-дейді Ж. Меңдешова.

Жаннаның сөзінің жаны бар. Көбінде кітапханаға баратын уақыттың жоғы шындық. Күніне мың құбылған замана ағымы кітап оқуға мұрша бермей жатқан секілді. Жедел де жүйрік уақыттың жалына қол артып үлгермей жатқан бір адам. Бәлкім, уақыт талабы солай шығар. Дегенмен, оқып-тоқуға атүсті қарамай, кітап бетін парақтап тұрған жөн. «Кім кітапты көп оқыса, сол интернетте отырғандарды басқарады» деген тәмсіл осыған саяды.

Колледж кітапханасында он жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Ағила Садықова студент жастардың ілім-білімге құмарлығы ерекше екенін айтады. Кітапханаға тұрақты келіп, ізденетін қыз-жігіттер жоқ емес. Гүлзия Байжанова, Ділназ Жаңбырбаева, Гүлназ Алданова, Ержан Құрақбаев, тағы да басқа студенттер кітапқұмар. Ағила Сүйінқызының айтуынша, колледж кітапханасынада 15 920 кітап бар. Соның 2 мыңнан астамы көркем әдебиеттер. Шағын ғана кітапхананың тұрақты 350 оқырманы бар. Мұнда жоспарға сай даңқты даталар, мәдени-көпшілік шаралар, мазмұнды кештер жиі өтіп тұрады.

«Артық білім–кітапта» деп, хакім Абай айтпақшы, дүниенің нұры, өмірдің жыры, көңілдің сыры кітапта екені еш дәлелді талап етпейтін ақиқат. Оны оқыған адам ғана сезіне алады. Қысқа ғана ғұмырда бір кітап оқымай, уақытын жалқаулықпен жойған адамның ғұмыры зая емес пе? Әрине, оқуда зорлық жоқ. Дейтұрғанмен, парасатты ұлт болудың бір жолы–білімді жетілдіру. Бай әдебиетімізге сай оқырман бола алсақ қана көп елден көшіміз ілгері болары анық.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

 

Асылайым АБАТОВА, Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ақын: заманның заңғар биігіне шығып, интернеттің игілігіне иек артқан шақта төл туындыларымызды қаншалықты парақтап жатырмыз деген заңды сұрақ туындайды. Осы орайда «кітап кеміргіштердің» соңғы буыны біздер дейтін аға буынның қасаң айтылған пікірлерін де оқып жүрміз. Өзім әдеби ортада көп жүргендіктен, әңгімеміз кітап оқу жайында болады. Қазіргі кезде кітап оқитын жастар жоқ емес. Бірақ олардың қалауы–әлем және орыс әдебиеті. Әдебиет ұлтқа бөлінбейді. Алайда заманымен үндес туындылар қазақ әдебиетінен көрініс таппай жатқаны шындық. Яғни, Кеңес кезінде өндірістік тақырыптағы, ұжымшар, кеңшардың жайы бүгінгілерді көп қызықтырмайтын болып тұр. «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өзінің қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, ұлт қасіреті», деп Иосиф Бродский айтқандай, рухани аштыққа ұшырамайық десек, төл әдебиетімізді өркендету керек.

 

Амангелді АЛДАБЕРГЕНОВ, Ақжайық агротехколледжінің ІІ курс студенті: өз басым бала кезден ізденгенді жақсы көремін. Мектеп кезінде әдебиет оқулықтарын елден ертерек оқып тауысатынмын. Өсе келе үлкен проза туындыларды оқыдым. Мысалы, Оралхан Бөкей, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев сынды заңғарлардың шығармашылығынан түйгенім көп. Облыстық «Орал өңірі», аудандық «Жайық таңы» газеттерін үнемі оқып отырамын. Соның арқасында таным көкжиегім кеңейді. Өзім жайдарман ойындарына қатысып тұрамын. Командамен әзіл құрап, тың идеялар іздестіруде кітап, газет-журналдардың пайдасы көп. Кітап оқығанның осындай игілігін басқа да замандастарым түсінсе деймін.