26.09.2019, 17:17
Қараулар: 142
Жас отбасылар байқауы

Жас отбасылар байқауы

Аудандық мәдени-демалыс орталығында халықаралық отбасы күніне және Жастар жылына орай аудандық жас отбасылар байқауы өтті. «Әкем, анам және мен» атты сайысқа ауылдық округтерден, аудан орталығынан 8 жас жанұя қатысты.

«Өнеге-отбасынан», «Таң қалдырыңыз!», «Епті әке», «Біздің үлгі» атты төрт кезеңнен тұрған байқауға үміткерлер жақсы дайындықпен келген. Бұл, әрине отбасы татулығын, ынтымағын сахнада көрсету ғана емес, ата-анадан алған тәлім-тәрбиенің, өнердің салтанат құратын сайыс болды. Әйтпесе, шаңырақ көтере салып, жолы екіге айырылып жатқан жас отбасылар қаншама? Осы байқаудың бір мақсаты да сол – отбасы бірлігін сақтау, одан әрі нығайту, өнерлі шаңырақты халыққа кеңінен насихаттау болып табылады.

Байқаудың бірінші кезеңі бойынша қатысушылар өздерін бұрынғыдай ұзынсонар қарасөз, өлеңмен таныстырып жатпады. Бұл жолы олар тапсырмаға сәйкес өз отбасылары туралы толық мәліметті видеоролик арқылы көрсетті. Екінші кезеңде әр отбасы өз өнерлерін ортаға салды. Бұл кезеңде Ақжол ауылдық округінен келген Қайыржановтар жанұясының биге құралған сахналық қойылымы, тайпақтық Бейбіт отбасының музыкалық аспапта орындаушылығы, құрайлысайлық Базаровтар отбасының әке қадірі жайындағы аңыз-әңгімеге құрылған көрінісі, чапаевтық Баймағамбетовтер отбасының музыкалық сәлемдемесі сәтті шықты. Үміткерлер жас отбасы болғасын, ұл-қыздары балабақшаға барып жүрген сәбилер екен. Сөйтсе де, балғындар өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауға тырысып, бал тілдерімен көпшілікті сүйсінтті.

«Епті әке» кезеңінде асқар тау — жас әкелер аянып қалмады. Салмағы ауыр гір тасын әртүрлі тапсырмаларға сәйкес көтеріп жарысты. Толағайлар жеңіс үшін тартысқа түсіп, тамаша өнер көрсете білді.

Соңғы кезеңде байқауда бақ сынаушылар отбасылық сән үлгісін ұсынды. Бұл жерде дүкендегі дайын киімдерді көрсету шарт емес, әрине. Отбасына лайықты киім таңдап, ортаға алып шыққан жас аналардың ісмерлігі, фантазиясы сыналды. Мұнда бәрі де жиналғандар көңілінен шыға білді.

Үйелменнің құты – асқар тау әке, жанашыр ана, өнерлі ұл-қыз емес пе? Өмірдің ыстық-суығын енді сезініп келе жатқан қатысушы жанұялар бұл сындардан да  сүрінбеді. Лайым солай болып, өнегелі отбасылар қатарынан көріне беруге тілектестіктерін білдірді жанашыр жанкүйерлер.

Аудандық туризм және экология орталығының әдіскері Қанат Жазықбаев, мәдени-демалыс орталығының әдістеме бөлімінің жетекшісі Гүлжамал Қайбалиева, облыстық отбасылар сайысында жеңімпаз болған отбасының мүшесі Зухра Құсайыновалар қазылық жасаған байқау нәтижесін шығару да оңай болмаған секілді. Байқауда төрт кезең бойы ерекшелктерімен көзге түскен ақжолдық Қайыржановтар отбасы Бас жүлдеге ие болды. Чапаевтық Баймағамбетовтер – І орын, тайпақтық Бейбітттер мен сайқұдықтық Қуанышбаевтар – ІІ орын,  құрайлысайлық Базаровтар мен базаршоландық Жүгінісовтер ІІІ орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Осы күн құрметіне орай аудан мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті.

Рахмет ҚАЛИ

Суретті түсірген автор