26.09.2019, 17:23
Қараулар: 131
Мергендегі меценаттық

Мергендегі меценаттық

Мерген ауылында 1974 жылғы түлектердің ұйымдастыруымен «Мерген менің жүрегім» кіші архитектуралық нысаны орнатылды. Шағын ескерткіштің ашылу салтанатына ауылдың ақсақалдарынен бастап мектеп оқушылары да қатысты. Алдымен сөз алған округ әкімі Мәмбетқали Сағаденов ауылдың абаттандырылуына үлес қосып жатқан замандастарына алғыс білдіріп, жиналғандарды қуаныштарымен құттықтады. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Болат Жұмағалиев те өскелең ұрпаққа берері мол бастамалар үшін шәкірттеріне ризашылығын білдірді.

– Түнгі мезгілде жанып, жап-жарық боп тұратын шағын ескерткіш туған ауылымызға жасаған тартуымыз. Үлкен қаражатты қажет ететін жоба болмаса да, осы арқылы алтын бесік – ауылымыз жүрегімізде мәңгі сақталатынын білдіргіміз келді. Сонымен қатар жастарды да игі іске баулу бағытында жасалған жұмыс, — деді жоба ұйымдастырушыларының бірі Оңғар Төлемісов.

Шара соңы мектеп оқушыларының шағын концертіне ұласты.

Рауан Таңатжанұлы