26.09.2019, 17:25
Қараулар: 207
Құтырудан қалай сақтанамыз?

Құтырудан қалай сақтанамыз?

Көшеде, не біреудің үйіне бара қалғанда, итке қабылып, мысығы тырнап алған оқиғалар басымыздан өткен шығар. Бірақ тіс пен тырнақтан қайсыбір қауіп келер дейсің деп, елемей жатамыз. Әйткенмен, осындай жағдайда ит пен мысық, жалпы сүтқоректілерден жұғатын кесел – құтырудың зардабы туралы бір де біреуіміз ойламаймыз. Ал тек өткен жылы біздің ауданымызда осы аурудың екі ошағы тіркелген. Құрайлысай ауылдық округі, Ж.Молдағалиев ауылының тұрғыны Б.Сатдыковтің ауласындағы иттен, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны М.Мухановтің ауласындағы мүйізді ірі қарадан  құтыру вирусы анықталып сауықтыру іс-шараларының дер уақытында жүргізілуінң арқасында адам зардап шеккен жоқ. Айта кеткен жөн,  қазіргі таңда құтыру ауруынан жағдай тұрақты.

Жылдағыдай, биыл да аудан тұрғындарының иелігіндегі  13530 бас ірі қара, 7400 бас уақ жандық, 700 бас жылқы, 1400 ит пен 100 мысық кеселге  қарсы вакцинацияланды.

Ауру ит, мысық, түлкі, қасқырдың қабуынан немесе тістеуінен пайда болады. Ауруды қоздырушы өте ұсақ организм – вирус дертке шалдыққан хайуанаттың сілекейінен бөлінеді. Табиғатта инфекцияны қасқырлар, түлкілер, қарсақтар таратса, қазір бұралқы ит және мысықтан таралу деректері көбеюде, төрт түлік малдан да жұғуы әбден мүмкін. Мысалы, ауырған ит-мысық тынышсызданады, тамақ жемейді, одан кейін су көрсе үрейленіп, аузынан сілекей шұбырады. Құтыру вирусының төменгі температураға төзімді екенін айта кету керек, тіпті шіри бастаған материалда 2-3 аптаға дейін тіршілігін жоймайды. Адамға жұққан жағдайда инкубациялық кезең өткеннен кейін сырқаттың симптомдары байқалады: тыныс алысы бұзылып, жұтыну қиындайды, аяқ-қолының жаны кетеді. Құтырған жануардың тісі мен тырнағы тиген адамды сақтандырудың бірден-бір жолы – емдік егу.

Қазіргі кезде аудан аумағында жыл сайын төрт түліктің саны өсу үстінде. Аурудың тек ит-мысық қана емес, жалпы сүтқоректілерден де, яғни, қораңыздағы малдан да жұғуы мүмкін екенін ескерсек, аудан тұрғындарының өз иелігіндегі малдарын жоспарлы ветеринариялық іс-шаралардан  уақытында өткізу қажеттігін қаперде ұстағаны жөн.

Дәурен Сапаш,

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар