26.09.2019, 17:50
Қараулар: 414
Сала мамандарының басқосуы

Сала мамандарының басқосуы

Аудандық кітапхананың мәжіліс залында ауданымыздағы ветеринария саласы мамандарының  қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті. Отырысқа аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов пен БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов қатысты. Алдымен сөз алған аудан басшысы Қалияр Шадиярұлы бірдейлендіру мен ит-мысықты жою жұмысындағы кемшіліктерді көтеріп, аудандық ветеринария саласының осал тұстарын сынап өтті. – Аудан географиялық орналасуының арқасында облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын аудандар ішінен алдыңғы қатарда тұр. Алайда мал басын бірдейлендіруге келгенде сала мамандарының тарапынан жалпақ шешейлік те жоқ емес. Қолға берілген билікті тиімді пайдаланып, белгілі бір нәтижеге жететін уақыт әлдеқашан келді. Егер пилоттық жоба ретінде аудан орталығында жүзеге асырсақ, басқа округтер де осы бағыттағы жұмысты жандандырар еді. Айтып өту керек ауданымызда 20 жылдан бері дұрыс жолға қойылмаған мал бағымын да биыл қалыптастырған болып едік, алайда бұл жұмыста да жүйелілік жетіспейді. Бұл да жауапты мамандардық салғырттығының кесірі. Әйтпесе жыл сайын абаттандыруға бөлінетін қарайған қаражаттың сұрауы кімнен, егер гүлзарларда мал жүретін болса. Тіпті жұмыс қолайлы болуы үшін арнайы алгоритм де жасадық. Алайда нәтиже аз, — деді Қалияр Шадиярұлы. Мал шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтере келе, жасалып жатқан қолдау туралы да айтып өтті. Аудандық бюджеттен биыл 2 млн. теңге аталмыш салаға бөлінген екен. Енді мал дәрігерлері 2009 жылдан бері өзгеріс көрмеген ескі кеңсе құралдарын тастап, жаңа компьютерлермен жабдықтанып, жұмыстарын жеделдететін болады. Жиын барысында мамандар аталмыш салаға қатысты ауданда жасалып жатқан жұмыстарды баяндап, малдәрігерлік саласындағы өзекті мәселелерге  тоқталды.

Облыстан келген қонақ ветеринария саласындағы оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтарға тоқталып өтті. – Сарып ауруына шалдығып, жойылуы тиіс малды иесі қандай ет қабылдайтын жерге апарса да өзі біледі. Оған мемлекеттік қызметкерлердің араласуына ешқандай құқығы жоқ. Тек белгіленген санитарлық күнді сақтау керек. Сонымен қатар осы аурудың алдын алуда шет елдік вакцинацияны қолдану қазіргі таңда оң нәтиже беріп келеді. Осы секілді оң үдерістерді халыққа насихаттау сіздердің мойныңызда. Ал енді ветеринариялық пункттерге ғимарат бөлу жайына келетін болсақ, біз өз тарапымыздан барымызша ықпал етудеміз, — деді басқарма басшысы. Серік Базарұлының айтуынша, биыл Атырау облысында белең ап тұрған шешек ауруының алдын алу үшін облысымызға 1 млн. 388 мың теңге бөлінген екен.

Мамандар да өз салалары бойынша көкейкесті сұрақтар қойып, басшылардан тұшымды жауап алды.

Түстен кейін аталмыш делегация Алғабас ауылдық округінде болып, халықпен жүздесті. Сонымен қатар шаруа қожалықтарын аралап өтті.

Рауан Сатыбалдиев

Толық ақпарат  газетіміздің келесі санында.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар