26.09.2019, 17:53
Қараулар: 333
Күн тәртібінде – мемлекеттік қызмет

Күн тәртібінде – мемлекеттік қызмет

Өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев аудан активімен кездесті. Актив жиынына ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерші қатысты.

Жиында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов мемлекеттік қызмет саласында атқарылған жұмыс легімен таныстырды. Ауданда 159 мемлекеттік қызметші өз салалары бойынша халыққа қызмет көрсетуде. Олардың 30-ы биыл түрлі курстарда білімін жетілдірген.

8 айдың нәтижесімен 18 ауылдық округ пен 9 бөлім арқылы 85721 түрлі қызмет ұсынылса, олардың 92,5 пайызы, яғни 79302-сі электронды  түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтер. 8 ауылдық округте өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылып, ешкімнің көмегінсіз электронды қолтаңба арқылы тиісті анықтамаларды санаулы секундтарда алуға жағдай жасалды.

Өткен жылы балабақшаға кезекке тұру толығымен автоматтандырылса, биылдан бастап бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына жолдаманы электронды қолтаңба арқылы үйден шықпай-ақ алуға болады.

Ауданда атқарылған игі істермен танысқан Ғалым Сұлтанұлы мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін арттырудағы Әдеп жөніндегі кеңестің маңызына ерекше тоқталды. Іскери әдептілікті және ресми әдептілік қағидаларын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің ұстамдылығы мен сыпайылығы әдетке айналуы тиіс екенін  айтты. Сонымен қатар маман  даярлау, кадрлық резервті жасақтау мәселесін пысықтау қажеттігіне тоқталды.

Жиын соңында департамент басшысы жеке мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдады.

Өз тілшімізден.