2.10.2019, 15:24
Қараулар: 248
Шәкіртінің жүрегіне жол тапқан

Шәкіртінің жүрегіне жол тапқан

Сонау ықылым заманнан бері қасиетті саналып келген бір кәсіп болса, ол – мұғалім. Дара жұрттың ішінде ұрпақ болашағы үшін түн батыра, таң атыра еңбек еткен,  табиғатынан ұстаз болуға жаралған мейірімді  жандар қаншама! Солардың бірі және бірегейі Злиха Аронқызы Жақсыбаева.

Злиха Аронқызының зеректігі, оқуға деген құштарлығы бала кезінен анық байқалды. Осы қасиеттері де оны мейірбандық пен жан жылулығын талап ететін ұстаздық жолына әкелді. Бала тәрбиесін жүрек қалауымен таңдаған ол Орал педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша облысымыздың Тасқала ауданындағы Н.Крупская атындағы ауыл мектебінде еңбек жолын бастайды. Бұл 1973 жыл болатын. небары 1 жылдан соң Чапаев ауылындағы сол кездегі №2, қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы мектепке ауысып, осы білім ошағында 30 жылдан астам еңбек етті.

Оның ұстаздық өмір жолы еліміздің, мемлекетіміздің қалыптасу, өсу, өркендеу кезеңдерімен тұспа-тұс келіп, педагог барша мұғалімдер қауымымен егеменді еліміздің нығаюына қызмет етті. Айталық, 1989 жылы Алғашқы «Тіл туралы Заң» қабылданды. Соған сәйкес аудандағы үш-ақ мектепте қазақ тілін тереңдетіп оқыту сыныптары ашылды. Аудан орталығындағы мектептің жауапкершілік жүгі Злиха Аронқызына артылып, осы сыныпты аяқтаған 20 оқушының 18-і қазақ тілінен үздік білім нәтижесін көрсетті. Үздіксіз ізденіс, қажырлы еңбектің нәтижесі —  Р.Есеналиев, Н.Қошқарова, Е.Көбегенов, Р.Шохаев, мұғалімдік қызметті таңдаса, С.Хамзина, Б.Ахметжанов, И.Мұқанғалиев, өзге де шәкірттері басқару ісі, заң-құқық, кәсіпкерлік салаларында ерен еңбек етіп жүр.

1991 жыл. Еліміздің егемендік алуы, ана тіліміздің  мемлекеттік мәртебеге ие болуы, салт-дәстүріміздің жандануы – барша рухани жұмыстар ұстаздар қауымынан еселі еңбекті талап кетті. Тіл жанашыры, бала бағбаны Злиха Аронқызы аянып қалған жоқ. Жас ұрпақ санасына елжандылық, Отан сүйгіштік, ізеттілік, адами қасиеттерді қалыптастырып, білімділікке баулыды. ХХІ ғасыр-білім ғасырында нарық саясатында бәсекеге қабілетті білім беру үшін еңбектенді.

Шәкірттерінің жүрегіне шам жаққан З.Жақсыбаева қазақ әдебиетінің алыптары, олардың шығармаларынан, қазақтың шешендік сөздерінен жүргізген сабақтары –  өз кәсібінде ұстаздың кәнігі шеберлікке қол жеткізгенінің айғағы. Оның жетекшілігімен жасақталған бағдарлама іспеттес – ұстаздық жолында  оқушылардың белсенділігін арттыру, теориялық білімдерін практикада қолдана білуге үйрету, пәнге деген қызығушылығын арттырып, пән бойынша толық білім алуына жетелеу сынды өзекті мәселелерді басшылыққа алды. Оның дәрістерінің маңыздылығы сол – жаңашыл үрдістерге толы дәрістері әлі күнге жас педагогтардың қызметіне арқау боларлық. Педагогикалық, шығармашылық тәжірибесі тіл және әдебиет мұғалімдерінің курстарында, облыстық тамыз мәслихаттарында бірнеше мәрте таратылды. Ұстаздың пән бойынша өткізген сабақтары және тест жұмыстары облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының баспа –сараптау комиссиясында қаралып, облыс көлемінде таратуға ұсынылды, ал 5-6 сыныптарға арналған жазба жұмыстары үшін «Диктанттар жинағы» қазақ тілін тереңдетіп оқытуға даярлау бағытында 7,8,9-сыныптарға арналған күнтізбелік жұмыс жоспарының үлгісі аудандық білім  бөлімі әдістемелік кабинеттінің ұсынысымен аудан көлемінде таратылды.

Болашақтың іргетасы – білімде» екенін әрдайым жадында ұстаған ұстаз Злиха Аронқызы өз сабақтарында оқу-тәрбие жұмыстарын түрлендіріп, жан-жақты жетілдіріп, сабақ берудің инновациялық әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданып, мектептегі мультимедиалық, компьютерлік, интерактивті тақта, өзге де заман игіліктерін сөз ұтымды пайдаланғаны  өзге әріптестеріне үлгі болатын. Жаңашыл ұстаздар Ж.Қараевтың деңгейлеп оқыту, М.Жанпейсованың модульдік оқыту, Н.Оразақынованың сатылай кешенді талдау технологиялары бойынша курстарда болып, озық тәжірибелерді оқыту үрдісіне батыл енгізді. Жаңа әдістемелерді тиімді пайдалануы өз нәтижелерін  көп күттірмей-ақ берді. Жылдар бойына мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орындарына түскендерінің басым көпшілігінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім көрсеткіштерінің жоғары деңгейде болуы  — осының дәлелі. Бұл, әсіресе, білім саласында ұлттық бірыңғай тест жүйесі енгізілген кезде ерекше нәтижелілігімен байқалды. 2007 ж. 20 түлектің 16-сы тест бойынша «5»-тік бағаға, 4-уі «4»-ке, 2008 ж. 39 оқушының 20- сы «5», 16-сы «4», 2009 ж 18 оқушының 13-і «5», 5-уі «4»-тік бағаға қол жеткізіп, орташа – 22,3 балл көрсеткішімен аяқтады.

Шәкіртінің мерейімен бір жасап қалатын ұстаз емес пе, Осы сынып түлектерінің барлығы дерлік жоғары оқу орындарына түскен кезде Злиха Аронқызы ата-аналарымен бірге қуанды.  Тәжірибелі ұстаздың Р.Жайнақов, А.Айтбаева, С.Есқалиева, А.Сембаева сынды оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадаларында жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Злиха Аронқызының өзі де әріптестері арасындағы пәндік сайыстарға белсене қатысып, жұмысына тың серпін беруден жаңылған жоқ. А.Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген аудандық байқауда бас жүлдеге ие болып, облыстық сайысқа қатысып, алдыңғы саптан көрінгені – біліктілік, жан-жақтылық, өз ісіне адалдықтың нышаны.

А.Жақсыбаеваның ұзақ жылдардағы дамылсыз еңбекті талап ететін қызығы мен шыжығы мол ұстаздық қызметі аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте бағаланды. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі марапаттаулардың иегері. 1997 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» құрметті атағымен марапатталса, 2002 жылы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасының» иегері атанды.

Мұғалім – мектептің жаны, мектебінің, ауыл-аймақтың, елдің тыныс-тіршілігіне ерен еңбегімен айшықты үлес қосқан Злиха Аронқызының еңбегі  қашанда құрметке ие бола бермек.

Әлия СЕРІК