2.10.2019, 15:47
Қараулар: 332
Ақжайық – туған өлке, құт қонған мекен

Ақжайық – туған өлке, құт қонған мекен

Өткен сенбіде Ақжайық ауданы күні аталып өтті. Аудан орталығындағы Бәйгетөбе алаңында кең көлемде ұйымдастырылған атаулы күн дала қызықтарымен, мәдени-көпшілік шаралармен, ұлттық спорттық ойындармен айшықталды. 18 ауылдық округ алаңға ақшаңқан киіз үйлерін тікті.

Иә, Жайықтың қос қапталын тең жайлаған іргелі ауданның өткені мен бүгіні – таусылмас тарих. Уақыттың небір тезінен аман өткен аудан азаматтары сонау тоқырау жылдарында да қиындық біткенді еңбекпен еңсере білгенін мақтанышпен айтамыз. Бай мәдениеті, ерен еңбеккерлері бар шежірелі өлкемізден небір мықтылар, ақын да, батыр да шықты. Есімдері күллі қазаққа әйгілі қайталанбас тұлғалар Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Ораз Исаев, Бақтығали Бисенов, Михаил Абдолов, Николай Майданов, Қаламқас Орашевалар туған елдің абыройын асқақтатты. Кешегі Кеңестік кезеңде де ауданымыздан 18 Еңбек ері шықты. «Дала академигі» атанған Бақтыгерей Мұқсымов, Сансызбай Боранбаев, Нағым Өтешов, Наурыз Орашев, Шайхы Аманғалиев, Райхан Мамаева сынды жерлестеріміздің қолтаңбасы зор. Осындай дара туғандарды атаған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов салтанатты шарада жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.

–Біз қай кезеңде де ауданның экономикасы мен мәдениетін, әлеуметтік жағдайын дамытуға зор үлес қосып, елге қалтқысыз қызмет еткен еңбек адамдарын мақтан етеміз. Бүгінде ауданымыз жан-жақты дамып келеді. Қай салада болмасын, биік жетістікке жетсек, оның бәрі сіздер мен біздердің еңбегіміз. Мереке құтты болсын! Іс еңбекпен ғана өнеді, ынтымақ-бірліктің арқасында талай биікті бағындырамыз, –деді Қ.Ш. Айтмұхамбетов.

Ол сонымен қатар ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы хақында хабарлама жасады. Негізгі кәсібін ауыл шаруашылығымен өрбіткен Ақжайықта 93 мың ірі қара, 36 мың жылқы, 191 түйе, 258 мың қой-ешкі бар. Тұқымдық түрлендіру бойынша асыл тұқымды түлік өсіретін 46 ірі қара, 8 жылқы, 4 қой шаруа қожалықтары жұмыс жасауда. Бау-бақшаға бетбұрған шаруалардың табысы да көңілге қонымды. Мысалы, ел аузында «Тайпақ қарбызы» аталған өніміміз жыл сайын аудан, облыс аумағына, көршілес облыстарға шығарылып келеді. Биыл 63 шаруашылық 12 144 тонна бау-бақша өнімдерін алған. Күздің соңғы айларында ендігі осы өнімдерді ысырапсыз жинап алуға шаруалар бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Шаруашылықтың қай түрі болмасын, ең алдымен өзімізді сапалы өніммен қамтуға, содан соң ауданымыздың экономикалық дамуына зор үлес қоса алады. Аудан басшысының мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 10 млрд. 537,2 млн. теңгеге жеткен.

Қ.Ш. Айтмұхамбетов құрылыс, газ, саласындағы бірқатар жетістіктерді атап, өңірдің өркендеуіне мүдделі жерлестеріміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмылып еңбектене беретінін жеткізді. Жуырда облыс басшылығының қолдауымен Жайық өзеніне құны 175,0 млн. теңге тұратын қалқымалы көпір орнатылып, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Бұл көпірдің ауданымыздың дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына оң ықпалын тигізері анық.

Ауыл-елді дамытуға арналған «Ауыл–ел бесігі» жобасы арқылы аудан бойынша 612 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда. Айталық, Чапаевтағы №1 орта мектебі және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратын, сондай-ақ 3, 4 шақырымды құрайтын Чапаев ауылының бірқатар көшелері жөнделуде. Күні бүгінде аудан орталығындағы Әбілхайыр хан көшесі жарықтандырылып, пайдалануға берілді.

Биыл Шапдаржап, Томпақ елдімекендері таза ауыз суға қол жеткізсе, жыл соңына дейін Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар, Жайық, Кеңсуат ауылдары сумен қамтылады.

Сонымен қатар Қабыршақты, Мерген, Есенсай, Тасоба, Қызылжар ауылдарындағы денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізілуде.

Ілкімді істерді айтқан аудан әкімі келер жылы ғасыр тойы тойланатын ақиық ақын Жұбан Молдағалиев атындағы орталық құрылысын, республика дегейінде тойланатын ақын мерейтойын өткізу де ақжайықтықтар үшін ынтымақ мен бірліктің жарқын үлгісі болатынын айтты.

Шарада әр саладағы бірқатар үздіктер, ауыл шаруашылығы саласындағы озаттар марапатталды. Еңбек ардагері Әленғали Кереев аудан күнін атап өтіп жатқан ақжайықтықтарға зор алғысын арнады. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін еселі еңбекпен елдің дамуына үлес қосып жатқанын, соның арқасында бағымыз еселеніп, берекеміз құтайып отырғанын сөз етті. Осы күн құрметіне орай мәдениет саласы бойынша «Жыл үздігі» аталымына белгілі дәстүрлі әнші үштөбелік Данияр Елеуов, спорт саласы бойынша самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері тайпақтық Болатбек Райымқұлов, республикалық КИО интернет олимпиадасында І орын алған тайпақтық Анаргүл Тотанова, жастар саясаты бойынша базартөбелік Лаура Құбашева, кітапхана саласы бойынша будариндік Әсима Құлетова, ішкі істер саласы бойынша Ақсуат ауылдық округінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Азамат Әлішов, ауыл шаруашылығы саласы бойынша Қабыршақтыдағы «Шынар» шаруа қожалығының жетекшісі Темірболат Қаржауов, т.б. үздіктер марапатқа ие болды.

Сонымен қатар «Нығмет» шаруа қожалығының қызметкері Асхат Тайболатов –«Жас механизатор», «Сәбит» шаруа қожалығынан Ерлан Ерғалиев –«Озат бақташы», «Мансұр» шаруа қожалығынан Ануар Сейтқалиев – «Озат жылқышы», «Бақтияр» шаруашылығынан  Бақтияр Байғалиев–«Жас бағбан», «Бірлестік» шаруа қожалығынан Бабит Жандолаев–«Озат шопан» аталымдарымен, басқа да мақтаулылар қошеметтелді. Марапатталған арасында жас еңбекерлердің болуы көпшілікті қуантты. Өйткені, бүгінде көптеген жастар ауылдан қаланы артық көріп, дала еңбегінен алшақтап жүр. Ауыл шаруашылығы саласына араласып, жастық жігерін тынымсыз еңбекке арнағандар ғана атакәсіптің құт-берекесін, қадірін біледі.

Осында аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерелік бөлімнің ұйымдастыруымен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде тұрғындар арзандатылған бағамен сауда-саттық жасады. Мысалы, 180 келі жылқы еті, 170 келі сиыр еті, 63 келі қой еті, 4,5 тонна кортоп, 2 тонна пияз, 500 келі асқабақ, 1,5 тонна қарбыз, 600 келі қауын сатылды. Бұл, Чапаев, Мерген, Алмалы ауылдық округтеріндегі шаруалардың өнімдері.

Сонымен қатар алаңда асыл тұқымды түліктердің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Мерген ауылдық округінен «Дөңгелек», Бударин ауылдық округінен «Аманер», «Еділбай», Алғабас ауылдық округінен «Қуанашы» шаруа қожалықтары асыл тұқымды түліктерін көрсетті. «Қуаныш» шаруа қожалығындағы «Ақжайық» етті-жүнді қойларының салмағы 30 келіден 57 келіге дейін. Биязы жүнінен де келетін пайда шаш-етектен. «Еділбай» шаруа қожалығының қойлары да салмақты. Қазақтың еділбай тұқымы мен Тәжікстандағы гиссар қойын да будандастыратын олар осылайша тұқымды түрлендіріп отыр.

«Дөңгелек» шаруа қожалығы көрмеге қойған лақап аты «Миллион» атты 6 айлық аталықтың салмағы 220 келі, 54 айлық «Неон» атты аталықтың салмағы 750 келіні тартады. «Аманер» шаруа қожалығының «Сыпайы» 6 айлық бұзауының салмағы 224 келі, 4 жылдық «Сырғалы» атты сиырдың салмағы 755 келі, 4 жылдық «Сұңқар» атты аталықтың салмағы 910 келіні тартады. Бәрі де қазақтың ақ бас тұқымды түліктері.

Шарада сондай-ақ «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары жоба қағидасына сәйкес өнімдерін тегін таратты. Осы жобаға қатысқан аудан қыз-жігіттері ұсынған 30 бизнес жоспар жеңімпаз танылған еді. Жамбыл ауылдық округіндегі «Нұрғасыр», «Береке» сүт өнімдері шаруашылығы, шағын құс фермасы, Базартөбеден «Нұрсұлтан» наубайханасы, Қарауылтөбеден «Тәтті нан» нан өнімдері, Будариннен сүт өнімдері жәрмеңкеге шығарылды.

Осы күн құрметіне орай өткен дала қызықтары шараның маңызын айшықтай түсті. 3 шақырымдық тай жарыста 15 сәйгүлік бақ сынады. Екі айналымға созылған додада шабандоз Ерасар Сапарғалиев тізгіндеген чапаевтық кәсіпкер Мұхтар Сапарғалиевтың «Шағырайы» мәре сызығын бірінші болып кесті.  ІІ орынға Тасқала ауданы Атамекен ауылынан келген Руслан Шахметовтың «Бірлік» атты тайы, ІІІ орынға тайпақтық Мерген Әйтімовтың «Торғын» атты тайы ілікті. 6 шақырымдық тоқ бәйгеде Қазталов ауданы Жалпақтал ауылынынан келген Бекзат Ахметкереевтың «Көктерегі» бірінші келді. Оралдық Берік Есенғалиевтың «Хиуаз» атты сәйгүлігі ІІ орын, оралдық Нұрлыбек Хайруллиннің «Ветерогі» ІІІ орын еншіледі. 24 шақырымдық аламан бәйгеде Базаршолан ауылының тұрғыны, белгілі атбегі Құбайдолла Биғазиевтың «Тоқтамасы» топ жарды. Он айналым бойы ортада бой тасалап шапқан «Тоқтамас» мәреге жақын қалғанда, екпініне екпін қосып, жұрт алдында жұлдыздай ағып өтті. Жас болса да, талай тұлпары топ жарып үлгерген Құбайдолла атбегінің тәжірибесі мол. Алғабастық Сайыпқали Байзуллиннің «Нұрқасқасы» ІІ орын, Атырау облысы Индер ауданы Өрлік ауылынан ат қосқан Олжас Шонышевтың «Әминасы» ІІІ орынға табан тіреді. Бәйгелі болған бапкерлер мен шабандоздар қомақты қаражатпен марапатталды.

Жамбы атудан «Құлагер»  ат спорты кешенінің бапкері Жанәділ Ғазез жеңімпаз атанды. Қазақ күресінен 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жамбыл ауылдық округінің палуаны Шапағат Наурызов І орын, қарауылтөбелік Нұрдәулет Уахитов ІІ орын, Қаратөбе ауданынан келген Мағжан Серіков ІІІ орын еншіледі. 90 келіден жоғарғылар арасында қазталовтық Бекайдар Меңдешов «Түйе палуан» атанса, чапаевтық Ринат Абатұлы ІІ орын, қаратөбелік Мағжан Серіков ІІІ иеленді. Сонымен қатар асық атудан командалық есепте М. Әуезов атындағы орта мектеп командасы І орын, БЖСМ командасы ІІ орын, «Жігер» спорт клубы командасы ІІІ орын, бесасықтан чапаевтық ойыншылар Дина Бимағамбетова І орын, Жанна Сәрсенова ІІ орын, Надежда Кенеева ІІІ орын алды. Табантартыс, арқан тартыс, ләңгі тебу бәсекелерінің жеңімпаздары марапатталып, ауданның мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті. Өз киіз үйлерін жабдықтаған ауылдық округтердің бұл еңбектері арнайы комиссиямен бағаланды. Нәтижесінде, Тайпақ ауылдық округінің киіз үйі үздік деп танылды. Ел тойына хал-қадірлерінше үлес қосқан ақжайықтықтардың есінде бұл күн ерекше сақталары сөзсіз.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген автор