4.10.2019, 11:26
Қараулар: 276
«Сұлтандағы» серпіліс – өрелі істерге арқау

«Сұлтандағы» серпіліс – өрелі істерге арқау

Жаңабұлақ ауылдық округіне қарасты Көздіқара қыстағында орналасқан «Сұлтан» шаруа қожалығында қазақтың ақ бас тұқымы республикалық палатасының ұйымдастыруымен «Ақ бас тұқымды түлікті сұрыптау курсы» тақырыбында семинар өтті. Семинарға республикалық палата басшысының орынбасары, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыбай Қажығалиев, аталмыш палатаның БҚО және Ақтөбе облыстары бойынша уәкілетті өкілі Мақсот Балқыбаев, Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Ермек Құсайынов, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан, Орал қаласынан, Қазталов, Жаңақала аудандарынан сала мамандары қатысты.

Бірнеше күнге созылған семинардың теориялық сабақтары облыс орталығындағы ауылшаруашылығы басқармасында өткен болатын. Тәжірибелік сабаққа «Сұлтан» шаруа қожалығының таңдалуы тегін емес. Әлижан Жүсіпов жетекшілік ететін шаруашылық 2014 жылы құрылғаннан асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Ә. Жүсіпов сол жылы Ресейдің Орынбор облысынан 100 ақ бас аналық, 7 аталық сатып алып келіп, шаруасын бастап кетті. Сол түліктен өрбіген ірі қара жылдан-жылға көбеюде.

Семинар барасында Мақсот Кенжеұлы қатысушыларға облыс көлемінде түлікті асылдандыру бойынша жұмыстанып жатқан шаруашылықтар  жайында айта келіп, ақ бас тұқымды ірі қараны қыстату үшін қора-жайлардың талапқа сай болуын, яғни ықтасын қажет екенін, қоршау материалдарының сапалылығына мән беру керек екеніне тоқталды.

–Бүгінде қазақтың ақ бас тұқымын көп әрі сапалы өсіріп отырған шаруашылықтар бар. Мысалы, Ақжайық ауданындағы «Сәбит», «Дөңгелек», Теректі ауданындағы «Айсұлу», «Бақыт» шаруа қожалықтары тұқымдық түрлендіруден алдыңғы қатарда. Олар бүгінде ғалымдармен тығыз байланыс жасап, сапаны арттыруда талмай жұмыстануда. Осы ірі төрт қожалық төлдердің «әкесін» ДНК арқылы анықтау ісін жүргізуде. Бұл геннің араласпауына, тұқымдық түрлендіруді толықтай бақылауға алуға көмектеседі. Әйтпесе, Ресейден келген ақ бас тұқымды малдың арғы тегі құжатында болжалды түрде 5 аталыққа дейін жазылады. Мұның сапалы төл алуға үлкен кедергі болатынын бәрімізге де белгілі,- деді Мақсот Кенжеұлы.

Семинарға қатысушы мамандар Әлижан Жүсіповтың лабораториялық пунктінде осы қожалықтың ақ бас тұқымды малдарын сұрыптаудан өткізді. Қатысушылар малдың жасына, жынысына қарай жиырмаға жуық түлікті бағалады. Олар кәсіби, ғылыми тұрғыда түліктің мүшелері бойынша сұрыптау жүргізді. Шоқтығының , құйымшағының биіктігі, кеуде ені, кеуде тереңдігі, кеуде орамы, тұрқының қиғаш ұзындығы, мықын аралығы, жіліншік орамы, дене бітімі, генотипі байқасталды. Арнайы құрылғылар арқылы осы өлшемдерді алған соң, малды таразыға тұрғызып, тірілей салмағын өлшеді. Ал аталықтар ұрғашылардан бөлек қаралды. Мақсот Кенжеұлының айтуынша, «Сұлтан» шаруа қожалығының асыл тұқымды малдарының сапасы анағұрлым жоғары. Мамандар бағалау парағына сұрыпталған ірі қараны жеке бағалады. Бұл оларға семинар сертификаттары табысталар кезде ескеріледі.

Сиырдың етті тұқымы саналатын ақ бас тұқымы 1932-1950 жылдар аралығында Қазақстан мен Ресей жерінде шығарылған. Қазақ және қалмақ сиырларын герефорд аталығымен будандастыру арқылы пайда болған ақ бас ірі қара еліміздің далалы және шөлейт аумақтарының табиғи жағдайына бейімделген.  Нұрлыбай Жігербайұлының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 7 миллионнан астам мүйізді ірі қара болса, соның 53 пайызы етті тұқымға жатады. Соның 60 пайызы қазақтың ақ бас тұқымы. Аталған тұқымды шығаруда үздіксіз еңбектеніп, көп ізденген Н. Ғалиакберов, Б. Мусиндер бастаған ғалымдар тобы осы жетістіктері үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын да алыпты. Батыс Қазақстан бойынша бертінде бұл іспен Қазбай Бозымов, Едіге Нысанбаевтар айналысты. Аңқатыдағы «Чапаев» мал зауытының жетістігі күллі Қазақстанды дүр сілкіндірді.

–Ақжайық ауданындағы ақ бас тұқымын өсіріп отырған шаруалардың еңбегіне ризамын. Басқа өңірлерге қарағанда деңгейлері жоғары. Осы жылдың тамыз айында Петропавл қаласында болдық. Семинар өткізіп, мамандарды жетілдіруде жұмыстандық. Басты мақсатымыз–шаруа қожалықтарындағы мал мамандарының ақ бас тұқымды бағалау және сұрыптау жұмыстарына шыңдау. Бұл олардың кәсіби маман болуына, тиісінше асыл тұқымды мал басының көбеюі мен сапасына зор септігін тигізеді. Сондықтан жыл сайын әр аймақта 3-4 семинар өткізуді қолға алып отырмыз,-дейді Н. Қажығалиев.

Ғалымдардың айтуынша, қазақтың ақ бас тұқымына жататын түліктер 6 айлығынан бастап сұрыпталады. Сұрыптау барысында генотипінен олқылық байқалған мал тез арада табыннан бөлектеніп, бордақылауға қойылып, етке өткізілуі тиіс. Ондай мал асыл тұқымды табын арасында жүрсе, қанның бұзылуына, сапаның төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Бүгінде түлігін асылдандыруға бет бұрып жатқан шаруалар ақ бас тұқымды көбіне Ресейден сатып алып жүр. Тұқымы өз елімізде де шығарылған түліктің жойылып кете жаздағанына өзімізден басқа ешкім кінәлі емес. Сонау «балапан басына, тұрымтай тұсына» болған тоқырау кезеңдерде осы асыл түліктерімізді көптеп сақтап қалғанда, бүгінде көптеген шаруашылық малдары, тіпті жекелеген тұрғындардың ірі қарасы да түгелге жуық асылданар еді. Салаға мүдделі мамандар, іргелі шаруашылықтар енді осы олқылықтардың орнын толтыруда жұмыстанса, еліміздің сапалы өнімнің отаны болар күн алыс емес.

Әлижан Жүсіпов осы бағытта айналасындағы қожалықтарға қашанда қолғабыс беріп келеді. Ол жыл сайын Жаңабұлақ ауылдық округі аумағындағы, басқа да аудандардағы шаруашылықтарға ақ бас аталықтарды саттыққа шығарда.

–Көбіне сатыққа аталықтарды шығарамыз. Ал аналықтардың мал басын көбейту үшін маңызы зор. Биыл лаборатоия салып, 1 млн. теңгеге қолдан ұрықтандыру құрылғысын онаттық. Зеңгі баба тұқымын асылдандыруға ден қойғасын, елордадағы «Асыл түлік» республикалық орталығынан алынған дозалармен аналықтарды қолдан ұрықтандырудамыз. Сәтін салса, ұрықтанған 250 бас келер жылдың ақпан, наурыз айларында төл бере бастайды,-дейді Әлижан Сыдықжанұлы.

Оның еншісінде бүгінде 584 бас ірі қара бар. Оның 300-і аналық, 230-ы бұзау, қалғаны аталық малдар. Шаруашылық иесі болашақта да осы бағыттан таймай, асыл түлікті көбейтуді жоспарлап отыр. Жай көбейтіп қана қоймай, етті бағыттағы сапалы зеңгі баба тұқымын өсіре бермек. Сүтті сиырларды сатып алып, сүт өндіру ісі де ойында жүрген мәселе.

Ірі қарамен қатар Көздіқарадағылар асыл тұқымды жылқы өсіреді. 2014, 2015, 2016 жылдары Көшім жылқысын көптеп өсірген олардың қылқұйрықтары бүгінде 500 басқа жеткен. Ә. Жүсіпов былтырдан бері Мұғалжар жылқысын көбейтуде. Себебі, қыстақ орналасқан жердің ауа райы осы тұқымдас жылқыларды өсіруге ыңғайлы. Ол үшін арнайы Ақтөбе облысына барып, осы тұқымды сатып алып келген. Алты ай қыстағы аяз бен боранға төзімді келетін жылқы тұқымы қалың қарда да тебіндеуге қиналмайды. Қыр төсінде 10 Көшім айғыры, 12 Мұғалжар айғыры 22 үйірді шашау шығармай, ұстап жүр.

«Сұлтанның» иелігінде 8900 гектар жер бар. Шабындығы, жайылымы соның ішінде. Олар әлдеқашан мал азығын дайындап алған. Биыл шөп шығымы ойдағыдай болмаса да, 3500 тайланған шөп жинаған.  Оған техникасы да жеткілікті. «МТЗ-80», «МТЗ-82», «МТЗ-1221» маркалы тракторлары, Беларус елінен алып келген комбайны, шөп тайлағыш, орақтары бар.

Бітік су қоймасының маңында орналасқандықтан, мұндағылар судан көп қиналмайды. Құдықтары да жеткілікті. Қыстақтың аты айтып тұрғандай, Көздіқараның жерінде бірнеше бұлақ көзі бар.

Шаруасы ширап келе жатқан Әлижанның көмекшілері де жетерлік. Олардың бәріне заңға сәйкес келісімшарт бойынша жалақы төлеп, алдына мал салып берген. Малшыларға да жағдай керек. Осыны ойлаған шаруашылық жетекшісі қыстаққа заманауи бір үй, екі үлкен қора, жайлауға бір үй, екі қора салған. Электр қуаты қыстаққа барып тұр. Міне, шаруаға білек сыбана кіріскен жігіттің еңбегінің жемісі.

–Қай істе болмасын, адамға ең алдымен зор ынта керек. Соның арқасында жетістіктерге қол жеткізуге болады. Мен өз кәсібімді бастауға осындай екпінмен келдім. Шаруашылықтың қыр-сырын білмеген уақыттарда «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев ағам бағыт-бағдар беріп, көп қолғабыс берді. Інілерін қатты сыйлайтын осындай азаматқа айтар алғысым зор. Сонымен қатар «Аманер», «Дөңгелек» шаруашылықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып тұрамыз,-дейді Әлижан Жүсіпов.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген автор.