4.10.2019, 11:38
Қараулар: 355
Күші тасығанның көмектен дәмететіні несі?!

Күші тасығанның көмектен дәмететіні несі?!

Кез-келген ел  өз азаматтарының бақуатты болуы үшін жұмыс істейді, себебі халық – мемлекеттің байлығы, оның жаһандық әлеуеті халқының әл-ауқатының деңгейіне қарай бағаланады. Осыған байланысты әр ел аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жұмыссыздарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында әлеуметтік бағдарламалар жасақтап, оны іске асырады да. Тәуелсіздік алғанына тек ширек ғасырдан астам уақыт өткен елімізде халықты жұмыспен қамту мен тұрғындардың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған біраз шаралардың атқарылғаны белгілі. Аталған шаралар әлі де жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін жұмысқа тұрған, тіпті өз бизнесін ашып, тірлігін түлеткен азаматтар аз емес. Дегенмен, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп күн көру, үкіметтің бергенін ғана місе тұтып, масылдыққа бой алдыру белең алып бара жатқандай ма?! Осыған бір шолу жасап көрсек.

Ақша  тұшпара сатып алу үшін берілмейді

Бәрімізге белгілі, биыл 1 сәуірден бастап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа форматы енгізіліп, отбасындағы бала басына 21 мың теңгеден жәрдемақы төленуде. Осы қаражаттың тағайындалуы турасында халық арасында небір амал-айла көбеюде. Бірі көмекті алу үшін жұбайынан ажырасса, енді бірі зейнетақы алатын ақсақалдарын бөлек үйге тіркеп әлек. Қорасындағы малды өзге егелердің атағына жаздырып, тұлдыр кедей боп шыға келгендері де бар. Осы қитұрқының барлығы бала басына тағайындалатын көмекті қалай болса да иемдену үшін.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Бақтыгүл Ержанованың айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегіне 903 отбасындағы 4825 адамға 294 миллион 500 мың теңгенің әлеуметтік көмегі тағайындалыпты. Салыстыру үшін өткен жылдың осы кезеңіндегі сандарды келтірсек: 317 отбасының 1675 мүшесіне барлығы 58 миллион 400 мың теңге төленген. Байқасаңыз, отбасы мен адам саны 3 есе, ал төленген қаржы көлемі тіпті 6 есеге жақын артқан. Мейлі, қош делік, балаларына төленген қаражат қой, ала берсін, қызғанып қайтелік. Дегенмен, жәрдемақыны алған күні дүкенге бет алып, осындағы ай бойы жиналған қарызын өтеп, қалғанына келілеп тұшпара алатындар бар арамызда. Қаржылық сауаттылықтың төмендігі дейміз бе, әлде тегін ақша, қалай пайдаға жаратсам  да, өзім білеміннің кері ме?! Әлеуметтік көмектің жұмсалуының қадағалануы туралы сауалымызға Бақтыгүл Ғилманқызының жауабы мынадай: «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасының тиесілі қаржыны ай сайын немесе 6 айда бір алуға құқығы бар. Осы тұсқа келгенде, біраз мәселе туындайды. Егер ол 6 айда қомақты қаражат етіп алатын болса, біз жәрдемақының белгілі бір бөлігін малдануға, құс алуға немесе қолынан келетін кәсіппен айналысуына жұмсауын талап ете аламыз. Ал әлеуметтік көмек  ай сайын төленетін отбасылардың қаражатын қайда жұмсап жатқанын қадағалау құзіретімізде жоқ».

Біреуге қол жайған масылдық

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының анасы көбінесе бала күтімінде болады да, еңбекке жарамды мүшесі, әдетте әкесі, жұмыспен қамтылуы тиіс. Осы тұсқа келгенде, қызықтың көкесі басталады. Тепсе темір үзетін отағалары ауыл-аймақтағы ірі жұмыстардан көп ақша алып, жәрдемақыдан айырылып қаламын деп, қоғамдық жұмыстарға сұранады. Жұмыспен қамту бөлімі басшысының айтуынша, қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа кезекке тұрған азаматтар көп екен. Биылдың өзінде 650 адам қоғамдық жұмыспен қамтылған. Ал жеке кәсіпкердегі, шаруа қожалықтарындағы әлеуметтік жұмыс орындарында қызмет етуге құлықсыз.

Ресми деректер бойынша, аудан көлемінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген 200-ден астам азамат ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында жұмыс істейді. Жерлес кәсіп иелері аз жалақы төлейтін болса, сонау шетелден ат арытып, жалданып несі бар. Олардың да артында бала-шағасы бар емес пе? Ойлап қараңызшы, бұлар жылы ошағынан жырақ елде өз күндерін көруде, отбасын асырауда. Осындайда күші тасыған азаматтарымыздың масылдығы не деген ойға еріксіз келесің.

Ұсынылған жұмыстардан бас тартқан жатыпішер 18 отағасына шара қолданылыпты. Қандай шара деймісіз? Заң бойынша олар алғаш рет қызметтен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмектің ішінде әкесіне қарастырылған қаражаттың 50 пайызынан айырылады, ал мұндай жайт тағы қайталанса, тек қана оған тиесілі ақша төленбейді. Сонда бұл азамат бала бағып отырған әйелі, ұл-қызының жәрдемақысымен күн көрмек пе?! Осылайша масылдыққа бой алдырған адамда «Балаларыма пәленбай мың ақша беріп жатыр. Неге жұмыс жасаймын»  деген ой қалыптасатыны анық. Ақыры өз бетімен пайда табудан қалмасына кім кепіл?!

Алмақтың да салмағы бар…

Тағы бір мәселе, — дейді Б. Ержанова, — атаулы әлеуметтік көмекке ие болу үшін табысын жасыратындар да бар. Атап өту керек, әрбір ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі комиссия құрылды. Әрбір адамның әлеуметтік картасы да жасақталды. Аталмыш комиссия көмек берілетін адамның жағдайын жан-жақты жіті тексеруі қажет. Әйткенмен, қорадағы сиыры ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру базасында басқа азаматтың атында тіркелген, төрде отырған үлкендері бір ай бұрын басқа мекенжайға заң жүзінде көшіп кеткен, еш жерде тіркелмей-ақ, жалдамалы жұмыс істеп, жалақысын конвертпен алатындар бар екенін көріп, біліп тұрса да, комиссия бұлардың өтінішін қабылдамауға қауқарсыз. Себебі, заңда бұл жағдай ескерілмеген. Дегенмен, 7 отбасының жылдың 1 тоқсаны бойынша табысын жасырғаны анықталып, олар 1 млн 600 мың теңге көлемінде тағайындалған көмек қаражатын қайтаратын болды.

Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларына келесі жылдан бастап өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Бұл өзгерістер жоғарыда аталған мәселелерге тікелей қатысты. Енді отбасы мүшелерінің соңғы 6 айдағы әл-ауқаты жіті тексерілмек. Мекенжай анықтамасын ұсынсаңыз, осы құжат бойынша 6 айдан кем емес уақыт бір адрес бойынша тұратыныңыз дәлелденуі керек. АӘК алатын отбасының кез-келген мүшесі ұсынылған жұмысты қабыл алмаса, отбасын түгелдей төлемнен айыру да қарастырылған.

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Атаулы әлеуметтік көмекті перзенттерінің несібесі деп санап, бір тиынын шашау шығармай, шаңырағының берекесін арттыруға жұмсап отырған отбасылар жетерлік. Өздерінің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алғандардың ішінде Ақмұқановтар бар. Көнеккеткен ауылында тұратын олар мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алды. Екі баланың анасы Әйгерім аталған бағдарлама жайында естіген бойда бірден құжаттарын аудандық жұмыспен қамту орталығына тапсырады. Себебі, өзі бала күтімімен үйде отырған келіншектің жолдасының да тұрақты жұмысы болмаған. Барлық талаптарға сай келген отбасының айлық бюджеті қарастырылып, айына 76405 теңге көлемінде шартты ақшалай көмек берілген. Бұған қоса, отағасы Ақжайық ауылдағы «Әліп» шаруа қожалығына тұрақты жұмысқа  орналастырылды. Қайтарымсыз қаражатқа ие болған ерлі-зайыптылар ақылдаса келе, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көріп, 1 бас ірі қара, оған қажет жем-шөп сатып алды. Ал базаршоландық Гүлжамал Сағынғалиеваның бес баласы бар. Бөлінген қаражатты  айдалаға шашпай, бірден бұзаулы сиыр сатып алыпты. Ендігі олардың мақсаты – мал басын көбейтіп, тұрмыстарын түзеу.  Сондықтан олардың мемлекет тарапынан берілген бұл көмек үшін айтар алғысы зор. Мұндай үлгі әр ауылдан табылады. Еселі еңбектен өзгелер үлгі алса, игі.

Түйінін тарқатар болсақ…

Менің де, сіздің де, оның да бір уақыт  жалқауланып кететініміз рас. Кейде өзіміздің қызметімізді тастап, үйдегі диванда сұлқ түсіп, қолымыздағы пульттің батырмасын әрең басып, ештеңеге бас ауыртпай жатқымыз келіп тұратынын қайтерсің. Әйткенмен, адам болып жаратылған соң, тірліктің қамын қамдап, әрекет етесің. Дарвинше айтсақ, «Маймылды адам еткен еңбек» емес пе?!

Үкіметке қол жаятын заман емес қазір. Шүкір дейміз. Күніміз тыныш. Кімнің не істегісі келеді, қалай өмір сүргісі келеді, өз еркі! Қажет пе, арнайы бағдарламамен грант алып, өз ісіңді баста, жағдайың келсе, несие ал. Пайызы аз. Мемлекет бар мүмкіндікті беріп отыр. Ендігісі тірлік ету, тырмысу. Жаға жыртысып , жанталасып еңбек ету. Жеміс – еңбек еткенге, маңдайдың терін төккенге келеді емес пе. Ал мемлекет баланы асырауға қаражат бөліп жатса, ол перзент үшін берілген ақша. Жұмыс жасамай, тал түске дейін ұйықтау үшін берілмейді. Ата-анасы ала таңнан кешке дейін үйде жұмыссыз отырған баланың да еңбекке құштарлығы ояна қоймасы анық. Отбасылық масылдық психология өстіп қалыптасады. Ал бүгінгі заман – нарықтың заманы масылдықты жақтырмайды. Жалқаулықтың аздырып, еңбектің оздыратынын  ұмытпайық!

Әлия ШАРАПИЕВА

«Жайық таңы»