4.10.2019, 11:51
Қараулар: 446
Өшпес мұра, өлмес тұлға

Өшпес мұра, өлмес тұлға

Ж.Молдағалиевтың азаматтығына арналады

Кәрі ағаштың түбіндегі Сайқұдық,

Қанша ұрпақ өсті талып тай қылып

Сенен артық ойладым ба  жер бар деп,

Қарағанша сонда алғаш ай күліп.

Жоқ жаңа да, тарихи да ғажаптар,

Жақсылық көп, ол қайда да аз-ақ па,

Атақтыда, атақсыз да жоқ онда,

Бар кәдімгі, о, кәдімгі қазақтар.

Қарапайым қара өлеңнен туған жеріне деген ұлы махаббатты аңғартқан ақынның даладай көңілімен өзің де бірге шалқисың. Туған жерін ұлықтаған, шексіз перзенттік ықыласынан жаңылмаған ақынның бірінші азаматтығы – отансүйгіштігінде.

Жұбан ақынның екінші бір азаматтығы неде? Қанды майдан жорықтарында жүріп, Белларуссия жерінде «Отан үшін» атты қазақша газет шығаруы. Сол кездердегі  қиындықты Жұбан ағамыз естеліктерінде былай жазған: «Айналып кетейін арызқойлар майданнан да табылады, газеттің 2-3 алғашқы номерін  қып-қызыл қып сызып, саяси басқармаға жіберіпті, әсіресе тілін қатты сынапты. Тосыннан газет  жасау, әсіресе, тұңғыш әскери  газет жасау, оның әскери тіл-терминін  қалыптастыру қайдан оңай болсын?

Жау бомбасы астында, блиндаждарда кеше жүріп, қолынан қаруы мен қаламын тастамаған ақын, қазақ жауынгерлерінің сағыныш хаттары мен жүрек жарды жырларын газет беттеріне жариялаудан шаршамаған.  Соның арқасында  қанша мақалалар мен хаттар осы күндерге дейін архивтерде сақталып, әлі күнге бауырын іздегендер осы газеттегі мақалалар арқылы туғандарын табуда. Жұбан ағамыздың «Қазақ» атты өлеңі осы газетте жарияланып, кейін елге келіп, Әбділдә ағамызға көрсеткенде «Мынау өлеңің поэманың бастамасы ғой» деп баға алған өлең «Мен қазақпын» поэмасы болып 1963ж. өмірге келді.

Жұбан ақынның үшінші азаматтығы – оның поэмаларында. Егер поэмаларды сараптап оқысаңыздар, бүгінгі өмірмен байланыспайтын бірде-бір поэмасы жоқ. «Нұрлы жол» білімге ұмтылған елінің болашағы үшін еңбек етсем деген жас талапкер, Тұңғыш Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасына дәл келсе, «Мен қазақпын» поэмасы көкбайрағы аспанда қыранмен қатар қалқып, әлемге қанат жаятын қазақ елін суреттейді, «Байқоңыр баспалдағы» ғылым мен техникада өзге елдермен қатар тең өмір сүретін, ғарыштың мекенін дәлелдейтін біздің елді сипаттайды, «Қыран дала» поэмасы қазақи мейірімділік пен қонақжайлылығын әспеттесе, «Туған жері» еліне деген ұлы патриоттық сезім мен халықтық тәлім-тәрбиені үйретеді.

Жұбан ақынның азаматтығын да, алыптығын да айшықтайтын, ұлы қоғам қайраткері екендігін дәріптейтін кезі – 1986 жылғы оқиғасы. Ақұштап апамыздың «Ерлікті көзбен көрген күн» атты көлемді өлеңін оқымаған адам жоқ шығар. Жұбан ақынның залды кернеген дауысы:

Сен келгенде ауылға жыр келетін

Жазғы бір жайма шуақ нұр келетін.

Әзілге де шебер ең сөйлегенде,

Не бір «айтқыштарым да» сыр беретін.

Мұңаймаймын, негіз жоқ, мұным бекер,

Сен жетпеген жерлерге жырың жетер.

Өмірімнің өзегі – өлеңдерің,

Сені ұмытпас туған жер – ұлы мекен, деп,  Сағынтай ақын жырлағандай ақын елі Ақжайық өңірі Жұбан тойын бір жыл бұрын бастағаны анық. Оның куәсі аудан, облыстық ақпарат беттерінде жариялануда. 100 жасты атақты Бұқар жырау «қарттықтың шегі» деп бағалаған екен. Жетісіне жете алмай, замана жүгін арқалаған азаматтың жүрегіндегі сызат өмірден ерте алып кетті. Осы жылдарға жете алмайтынын сезсе керек, Жұбан «Жастық шағым» атты өлеңінде былай дейді:

Қайда жастық, рас-ау, қашан қалды?

Қалай біздің арамыз қашықтады?

Әрбір жылын соғыстың онға сайсақ,

Жүз жасадым, одан да асам тағы.

Қалды жастық жол-соқпақ шатпағында,

Солтүстік-батыс майдан батпағында

Қалды тал боп Беларус орманында

Одер, Нисса… өртенген бақтарында.

Мейлі жылдар мен үшін тоқтамасын,

Армансызбын, тағдырмен жоқ таласым.

Жалғасымсың сенемін, келер ұрпақ

Ысырабы бар шығар жоқтамассың – деп, өзі өміріне баға беріп, бүгінгі ұрпаққа аманат қалдырады. Жұбан шығармаларының беттерін ақтарып отырып, оның азаматтық тұлғасына үнемі тәнті боласың.

Ақын ылғи туған елі алдындағы перзенттік парызын мәңгі борышым деп есептейді. «Маңдайыма қанша жыл, қандай тағдыр жазылғанын білмеймін, бірақ айқын білетінім:

Қарызбын қара нанға, тұзға, сүтке

Өтермін қашан қалай кімге немен?»- деген жолдарды оқысаңыз, қазақ өмірінің бүкіл болмысын осы жолдарға сыйдырғандай. Бұл жолдардан адам баласына керекті «Обал. Борыш. Сауап» атты үш қасиетті аңғарамыз. Елін сүйген азамат осындай-ақ болса керек деп сүйсінесің.

«Кіші Отан» атты өлеңінде

Менің ауылым жапырақтай Жыланды

Қыраным деп түлетеді ұланды

Аққуым деп ұзатады қыздарын.

Бала дейді бүгінгі ақын Жұбанды. – дейді.

Бейне тоқ зарядтары секілді тыңдап отырған адамдар арқасынан құмырсқа өткендей әсерде қалдырады. Оның жүрек дірілі, қолына ұстап тұрған қағаздың қозғалысынан көрінді. Колбинге айтқан әрбір қадау-қадау сөзі, әр адамның жүрегіне қазық қаққандай әсер етті. 60-тан асқан азаматтың көкірегіне өксік тығылып, көзіне жас алдырған өрімдей жастарының болашағы еді ғой, оның өмірінің тоқтауына да осы себеп болды. Оны Ақұштап апамыз:

Төрт жылына соғыстың төтеп беріп,

Бір күніне  желтоқсанның шыдамадың – деп дәл айтып берді.

Өзіңді өр қазақ деп жүрген кезде,

Білмеппіз жүрегіңнің нәзіктігін – деп және баға берді.

Мен жерлесім, ақын ретінде Жұбан ағамен үш рет кездестім, алғашында тілдесе алмадым, екіншісінде 1978 жылы Есенсайға келін болып түскенімде, үйімізге түсіп, қолыммен шай құйып құрмет еттім, онда да ата-енем бар, сөйлесе алмадым. Үшіншісінде, 1980 жылы Орал қаласында студентпін, қазіргі Островский атындағы орыс драма театрында кездесу өтті. Қадыр ағамыз бар мен осыдан екі жыл бұрын Есенсайда атам Т.Әбдешовтың үйінде шай құйып бергенімді, өзімнің Сайқұдықтан екенімді айттым. Қадыр ағамыз әзілшіл ғой: «Жұбаға Сайқұдық – Үзілдік деген ұқсас екен, бұл сіздің туғаныңыз болды ғой»,-деді. «Қазір қайдасың»,-деп сұрады ақын. Мен студент екенімді, мұғалімдік мамандықты таңдағанымды айттым. Жұбан аға: «Ауылға бар, оқығандар ауылдан алыстап кетеді, еліңнің ертеңіне қызмет ететін мамандықты сүйген екенсің, бақытты бол, айналайын! Есенсайда болғанымызда Гүлмирам ауырыңқырап, сіздерді азапқа салғанымыз бар, есіме түсіп тұр» — деп, маңдайымды сипаған-ды. Бұл менің Жұбан ағаны соңғы көруім екен. Міне, 42 жылдан астам еңбегімді аға өсиетіне адал болып, әрі аманатқа қиянат етпей, туған ауылыма, ұрпақ тәрбиесіне арнадым.

Біздің, келер ұрпақтың өмірі өнеге, өшпейтін мұраға айналар осындай ағаларымыздың ісін алға апару бағытында біраз игі істер жасап келеміз. Өзімізден кейінгі ұрпақтардың да ақын мұрасын зерделеп, айрықша қастерлеуі, одан үнемі ұлағат алуы, әсіресе жерлестері «дарабоз бір бәйтерек» деп құрмет тұтатын дара туған талант иесі Жұбан ақынның есімі мәңгі жасай беруі үшін, сіздердей еңбек адамдарының иығына үлкен жүк бар екенін сезінейік, ағайын!

Үзілдік ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ,

ақын, жұбантанушы

Қазақстан білім беру саласының үздігі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар