4.10.2019, 11:59
Қараулар: 412
Сахнада – ерекше жандар

Сахнада – ерекше жандар

Тағдыр талқысына түсіп, түрлі қиындықтарға тап келгенімен, өнерімен, дарынымен ерекшеленіп, алға ұмтылған, мүмкіндігі шектеулі болса да рухы мықты жандар қаншама? Сондай жандардың арасында өткен аудандық шығармашылық фестивалде өнерліге өріс кең екеніне тағы бір көз жеткіздік.

Ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін дамыту және өзін-өзі жан-жақты танытуға жәрдемдесу, оларды қоғаммен етене араластыруды мақсат еткен шарада небір таланттар өнер көрсетті.

–Өмірде түрлі жағдай болады. Дегенмен, сынаққа сынып кетпей, бойындағы ерік-жігерімен қатардан қалмай келе жатқан ерекше жандар қашанда құрметке лайық. Біртұтас қоғам болғаннан кейін, біз ешкімді алаламаймыз, кемсітпейміз. Керісінше, олардың шыңдалуына, мүмкіндігінше кәсіппен айналысуына жәрдем жасауымыз керек. Бүгінгі фестиваль – соның айғағы,-деді БҚО Мүгедектер ерікті қоғамы бірлестігі Ақжайық ауданы филиалының төрағасы Мұрат Сәрсенов.

Байқауға ауылдық округтерден, аудан орталығындағы мекемелерден қатысқан үміткерлер түрлі аталымдар бойынша сынға түсті. «Үздік жасампаз» аталымы бойынша қатысушылар арасынан қолөнер және бейнелеу өнерімен шұғылданатын шеберлер бақ сынасты. Арнайы сайланған қазылар алқасы олардың қолынан шыққан дүниелерді қарап шығып, сарапқа салды.

«Үздік вокал» аталымының ерекшелігі–қатысушылар сахнада мәдениет қызметкерлерімен бірге өнер көрсетті. Мысалы, құрайлысайлық мәдениет қызметкері Гүлсара Ақжайықовамен қатар өнер көрсеткен осы ауылдың тұрғындары Замир Жанатов пен Малика Бақытжанова «Әке-ана» атты әнді тамаша орындады. Мерген Мәденеит үйінің қызметкері Гауһар Өтепбергенова мен Бибігүл Құсайынова «Арыс жағасында» әнін тамылжыта шырқады. Жаңабұлақ ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Манарбек Сүндетов пен талай жерде олжа салып жүрген әуесқой әнші Азамат Жәрдемов «Үш қоңыр» әнін көпшілікке ұсынды. Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорланушылары Арман Макаров, Хамидолла Жұмаев осындағы мәдениет қызметкері Ермек Сарқұловпен бірге ән шырқады. Бұл жерде сахнаға төселген мәдениет қызметкерлерінің арқасында ерекше жандар халық алдында еш толқымай өнерлерін паш ете алды.

Поэзия түсінген адамға өмірдің сан тарау сырын шертеді. Мүмкіндігі шектеулілер арасында белгілі ақындардың туындыларын оқитындар мен өз өлеңдерін жолдағандар кездесті. Мысалы, есенсайлық Мәмбет Бисенғалиев «Ажарлы Есенсай» қарауылтөбелік Меңдігерей Мұқанов «Досыма арнау» атты өз шығармаларын оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Шумақтары жұп-жұмыр, ұйқастары келісті-ақ. Ізденістерін жалғастыра берсе, әлеуметтік орталықтардың қолдауымен жыр жинақтарын да шығаруға болатындай. Алмалылық Аманжол Төлегенов, чапаевтық Гүлжиһан Мәденова, ақсуаттық Меңдігүл Рахметоллина, тағы да басқа көркем сөз шеберлері бұл  сайыста аянып қалған жоқ.

«Үздік аспапта ойнау» аталымы бойынша Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорланушылары Нұржан Еслямов, Ермек Сармолдиндар, алмалылық Амангелді Жанайсов, жаңабұлақтық Мерует Мұратжанова, тағы да басқа өнерпаздар түрлі аспаптарда ойнап, шеберліктерін көрсетті.

Байқау нәтижесінде «Үздік вокал» аталымы бойынша Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорланушылары Арман Макаров пен Хамидолла Жұмаев, «Үздік көркем сөз» аталымы бойынша қарауылтөбелік Меңдігерей Мұқанов, «Үздік аспапта ойнау» аталымы бойынша алмалылық Амангелді Жанайсов, «Үздік жасампаз» көрмесі бойынша жаңабұлақтық Марина Қонысовалар жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтар және арнайы дипломдармен марапатталды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суретті түсірген автор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар