4.10.2019, 12:07
Қараулар: 350
Ақпараттық түсіндіру тобымен кездесу

Ақпараттық түсіндіру тобымен кездесу

Аудан орталығына арнайы іссапармен келген республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері – Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Амантай Сәдиев, сол мешіттің найб имамы Алтынбек Құсайыновпен кездесу өтті.

Отырысқа еңбек  ардагерлері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Осында тұрғындар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі мәдени құндылықтарға сай келетін сананы қалыптастыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жайында әңгіме өрбіді.

–Бүгінде дін мәселесі өте өзекті. Діни көзқарастарға байланысты туындаған түсініспеушіліктерді шешуде бірқалыпты жұмыс атқарылуда. Осындай түйткілдің түйінін тарқатуда діни сауаты мол имам, мамандардың көмегі ауадай қажет. Бүгінгі меймандарымыз діни адасушылықтықтың алдын алуда қажетті ақпаратпен хабардар етпек,-деді кездесуді ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Т.А. Ғабдушев.

Оның айтуынша, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» діни бірлестігіне қарасты 5 мешіт, сонымен қатар 1 православ приходы бар. 10 адамнан тұратын аудандық, 18 ауылдық округте 148 адамнан құралған ақпараттық түсіндіру топтары жүйелі жұмыстануда. Сонымен қатар діни тақырыптар төңірегіндегі мәселелермен, оңалту жұмыстарымен «Таным» және «Ақиқат» қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді.

Осында Амантай Сәдиев елімізде қалыптасқан діни ахуал төңірегінде сөз қозғады. Соның ішінде уахабизм идеологиясынан сақтану, оны басқа ұстанымдардан ажырата білу жайында толық мағлұмат берді. Жат ағымның жетегіне кеткен жандарды сыртқы формасына, киіміне, сөйлеген сөзіне қарап ажыратуға болатынын айтты. Соңғы уақытта жат ағымды насихаттаушылар қомақты қаржының көзі бар өңірлерде көптеп шоғырланғанын, оған мемлекеттік қызметшілердің, спортшылардың арбалып жатқанын дәлелдермен келтірді. Қазақстандықтар ата-дәстүрді берік сақтап, бабалар жолынан айнымаса ғана тура жолдан таймайтынын баса айтты.

Осында аудандық «Шуақ» әйелдер кеңесінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова, М. Әуезов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Алдаберген Сәрсеков бүгінде бірқатар жасөспірімердің жат діни идеологияға арбалып жатқанын, осы ағымда жүрген мектеп жасөспірімдердің мектеп формасын сақтамауына қатысты алаңдаушылық білдіріп, сөз сөйледі.

Рахмет ҚАЛИ

Суретерді түсірген автор