10.10.2019, 16:03
Қараулар: 107
Ұстаздарға құрмет қашанда ерек

Ұстаздарға құрмет қашанда ерек

Аудан орталығында ұстаздар күніне орай «Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік» тақырыбында салтанатты шара өтті. Мерекелік кешке аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, білім саласының қызметкерлері, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, ұжымдар қатысты.

Әрине, ұстаз деген ұлы атқа лайық жандарға құрмет қашанда ерек. Өйткені, алғаш әліп танытып, қолға қалам ұстатқан осынау аяулы жанға хан да, қара да қарыздар. Бойындағы тұлғалық қасиетімен, мейірімімен, телегей теңіз білімімен шәкіртіне өмір жолында нұсқаушы бола білген ардақтылар әрқашан елдің назарында. Ауыл-елдің, қазақ жұртының интелегенттері де осы жандар. Салтанатты шара осы күн құрметіне аудан орталығындағы «Ақбота» балабақшасының бүлдіршіндері мерекелік сәлемімен басталды. Бал тілді балғындар тақылдап тақпақ оқып, жиналғандардың көңілін бір серпілтті.

Аудан басшысы Қалияр Айтмұхамбетов салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде:

–«Ұстаздық –ұлық емес, ұлы қызмет. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасаң, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», деп халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, мұғалімдер қауымы қашанда мәртебеге ие. Жас ұрпақтың шабытын шыңдап, тәрбие мен білім бере алған қарапайымдылық пен кең пейілділік өзінен ғана табылатын мамандарға мемлекетіміз қашанда қолдау білдіріп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халқына Жолдауында білім беру саласы турасында, мұғалімдерге жасалар қамқорлық хақында кеңінен айтты. Құрметті ұстаздар, сіздерге артылар жүктің қаншалықты ауыр екенін сезіне отырып, соған сәйкес үнемі қолдаудың да болатынын айтқым келеді. Ел үшін еткен еңбектеріңіз әманда қастерлі. Отбасыларыңызға амандық, қызметте шығармашылық табыстар тілеймін!-деп, ұстаздар қауымына жылы лебізін арнады.

Оның айтуынша, ауданымызда 45 мектепте 1076 педагог қызмет атқарады. Олардың 880-і жоғары, 196-сы арнаулы орта білімді мамандар. 186 мұғалім – жоғары, 417-сі бірінші санаттағы ұстаздар.  Атестаттаудың жаңа форматы бойынша 125 педогог-модератор, 147 педагог сарапшы, 72 педагог-зерттеуші, 1 педагог-шебер біліктілігі бойынша қызмет етеді. Аудан мектептерінде еңбек өтіліне 3 жыл толған 103 жас маман жұмыс жасаса, биыл ауданға 9 жас маман аталған сала бойынша қызметке орналасты. Бүгінгі таңда 11 білім беру ұйымына 30 мұғалім жетіспейді.

Үш тілде білім беруді дамыту бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін 2015-2020 жылдарға арналып әзірленген жол картасы негізінде ауданның 7 мектебінде химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін 11 сынып ашылды. Биыл 9 толық жинақты мектеп 45 интерактивті кабинеттермен жабдықталды. Осы уақытқа дейін  «Күнделік KZ» жүйесімен 8 мектеп жұмыстанса, биыл 25 мектепке осы жүйе енгізілді. Барлық білім беру ұйымдарында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қолжетімді заманауи білім беру мазмұны топтастырылған кешенді «BilimLand» жүйесі, 31 шағын жинақты мектепте 52 «Bilimbook» компюьтер-трансформерлер бар. Әлі де 15 биология, 8 физика, 16 химия, 19 роботты техника жаңа модификациялы пән кабинеттері қажет.

Шарада Қ. Ш. Айтмұхамбетов бірқатар мақтаулыларды қошеметтеді. Мысалы, Абай атындағы мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Максим Әбішев, Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің кітапханашысы Анар Жәрдемова, М. Өтемісов  атындағы ора мектептің математика пәнінің мұғалімі Бақытса Құдабаева, Тайпақ орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Айдынғали Тәженов, С. Ошанов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арина Шайхиева облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, аудандық білім бөлімінің әлеуметтік-психологиялық қызметі жөніндегі әдіскері Нұрлы Құбашева облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің технология пәнінің мұғалімі Халық Аймағамбетов, білім бөлімінің метаматика-физика пәндерінің әдіскері Берік Елекешов, Ақжайық саз мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қанат Есқайров, «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі Әлия Ибрашева, Абай атындағы мектеп-гимназияның тәлімгері Гүлфайруз Мендалиева, тағы да басқа үздіктер аудан әкімінің алғысхатына ие болды.

Осында ардагер ұстаз Райса Нұржанова сөз сөйлеп, білім саласындағы игі өзгерістер туралы, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық жайында сөз қозғады. Соның ішінде мұғалімнің біліктілігі мен ізденімпаздығын шыңдау, балаға берер тәрбиеге сақ қарау хақында әңгіме өрбітті. Абай атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Ақырыс Әдиетова жас әріптестерінің зор ізденісін, мамандықтың қызықты сәттерін айта келіп, аудандағы іргелі білім ордасында қызмет ететінін мақтанышпен жеткізді.

Мерекеде аудандық білім бөлімінің басшысы Дәурен Нұрғожа құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар әріптестерін марапаттады. Салада үздік танылған аудандық балалар шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогі Әсемгүл Ғали, Ғ. Махамбетов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Руслан Есқұлов, Тайпақ мектеп гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Жұмағұлова, О. Исаев атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Талғат Сүлейменов, Қаршы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ұлжан Сұлтанғалиева, Тінәлі негізгі мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақмарал Хасанова білім бөлімі басшысының алғысхатына ие болды.

Аудандық білім қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Үмбетәлиев сөз алып, ұстаздар қауымын айтулы мерекемен құттықтады. Ізгі тілегін арнаған ол 603 жылдан астам уақыт құрметті ұстаздар династиясын жалғап келе жатқан  Бәкішевтер отбасын «Педагогикалық династия» аталымымен кәсіподақ атынан қошеметтеді. «Креативті басшы» аталымымен Тайпақ орта мектебінің директоры Любов Ахатованы, «Жаңартылған білім беру мазмұнын оқу процесінде тиімді ұйымдастырушы тренер» аталымымен Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің биология пәнінің мұғалімі Гүлмира Оразғалиеваны, «Тәрбие жұмысын үздік ұйымдастырушы» аталымымен Бударин мектеп-бөбекжай кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақманар Душанова, «Жалынды жас маман» аталымымен Алғабас орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Еламан Халиматов марапатталды.

Жиналғандар ұстаз туралы театрландырылған көрініс тамашалады. Ыбырай Алтынсарин бейнесіндегі кейіпкер ұстаз біткеннің ұстанымын, арман-мақсатын монолог арқылы ұсынса, әр сала мамандар рөлін сомдағандар ұстаздың арқасында көптеген биікті бағындырғандарын жеткізді.

Осы күн құрметіне орай балалар шығармашылығы орталығы, Ақжайық балалар саз мектебі оқушылары, мұғалімдері, ауданның мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар