10.10.2019, 16:07
Қараулар: 97
Жұбан ақынға тағзым

Жұбан ақынға тағзым

5 қазан – ірі эпик ақын, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Жұбан Молдағалиевтың туған күніне орай аудан орталығында мазмұнды шара ұйымдастырылды. Ақын ескерткішінің алдына жиналған қауым оның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Шараға еңбек ардагерлері, мекме, ұжым басшылары, кітапханашылар, жастар мен оқушылар қатысты.

Осында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев сөз сөйледі.

–Күллі қазақтың мақтанышы, жерлесіміз Жұбан Молдағалиев өзінің саналы ғұмырын өнерге, өлеңге, мемлекет ісіне арнаған жауынгер ақын. Отты жырларымен, қайраткерлігімен халқының жүрегінде қалған аяулы тұлға қанша уақыт өтсе де, елі барда, ақынның рухын құрметтейтін жұрты барда  мәңгі жаңғыра бермек. Оның есімін дәріптеуде ауданымызда ірі-ірі шаралар өтіп, даңқты тұлға дәріптелуде. Келер жылы республика деңгейінде аталып өтетін ғасырлық тойының қарсаңында өңірімізде қолға алынған айшықты істер соның бір айғағы. Оған көп уақыттан бері дайындық шаралары жасалып, Жұбан орталығының құрылысы басталды. Сәтін салса, 2020 жылы ауданымыз үшін осы айтулы шара Жұбандай ердің, Ақжайықтай елдің мерейін тасытады,-деді ол.

Ескерткіш алдында құрайлысайлық жас ақын Мейірман Шәкенов Жұбан Молдағалиевтың «Туған жерде тағы да» атты өлеңін оқып, ақын рухын жаңғыртты.

Жұбан жырларын, еңбегін, үлгі-өнегесін жас ұрпақтың бойына сіңіруде аудандық орталық кітапхана жүйелі жұмыстанып келеді. Кітапхананың тұрақты жас оқырмандары да бұл шарадан тыс қалған жоқ. Жайық негізгі мектебінің 9 сынып оқушысы Айтолқын Жиенғожиева Жұбан ақынның «Туған жер»өлеңін, 7 сынып оқушысы Диляра Тажанова «Түсімде көрем Анажан» өлеңін, №1 орта мектебінің 6 сынып оқушысы Арсен Жұмабай «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» атты жырын, М. Әуезов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Ғазиза Сағындық «Ақжайық» атты туындысын мәнерлеп оқыды.

Шара соңында ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай сөз сөйлеп, ақын өлеңдеріне шолу жасады. Оның ерлік жырларын, лирикасын, поэмаларын тілге тиек етіп, шығармашылығын насихаттауға ақжайықтықтар атсалысу керегін айтты.

 

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН