10.10.2019, 16:13
Қараулар: 98
Өмір естеліктерінен…

Өмір естеліктерінен…

Мен Тайпақ аудандық мәдениет бөлім меңгерушісі болып 1971-1980 жылға дейін қызмет еттім. Осы жылдар ішінде мәдениет мекемелерінің саны артып, материалдық, техникалық жағынан жақсарды, жаңадан он кітапхана, үш ауылдық клуб ашылып, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсете бастады.

Сайқұдық ауылында Жұбан Молдағалиевтың  60 жылдығына қарсаңында кітапхана үйі салынды. Кітапхананың бір бөлмесі «Жұбан» бөлмесі деп аталып, мән-маңызына сай құнды кітаптармен толықтырылды. Кітапхананың ашылуына Жұбан Молдағалиев және Қазақ ССР Халық артисі Әсет Бейсеуов келіп қатысты. Аудан көркемөнерпаздары облыстық өнерпаздар байқауына қатысып, жоғары өнер көрсетіп, дипломмен марапатталғаны да – сол жылдардың еншісінде.

1978 жылы аудан халқымен кездескен жазушы, ақын Жұбан Молдағалиев  «Толқын» ансамблі өнерпаздарына жоғары баға берді. Жұбанның құлақ қағысымен және облыстық мәдениет басқармасының ұсынысы болуы мүмкін: «Толқын» ансамблінің репертуарымен танысу үшін Мәдениет министрінің екі маманы келіп, ансамбльдің концертін республикалық теледидардан көрсетуге шешім қабылдады. 1979 жылы маусым айында Алматыға барып, ансамбль теледидардан концерт берді. Ансамбльдің белді мүшесі, әнші Таудаева Сәуле Ғарифолла Құрманғалиевтің студиясына қабылданды.

Алыстағы малшы-шопандарға мәдени қызмет көрсеткені үшін автоклуб меңгерушісі Айтмағамбетов Сергейге «Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілді. Сонымен қатар Таудаева Сәуле филармония әншісі болып, «ҚССР-ға еңбегі сіңген артист» деген атаққа ие болды.

Аудандық мәдениет үйінің әншісі Мақаров Көшерғали терме орындаушылардың Бүкілодақтық республикалық байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды, «Республиканың мәдени қайраткері» атанды. Осылайша ауданның мәдениет тарихында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге осы өнерпаздар қол жеткізді, ауданның мерейін асырды. Жоғарыда аты аталғандармен қатар аудандық мәдениет үйінің директоры Құбайдолла Қибашев СССР-дың «Үлгілі мәдениет қызметкері» деген төсбелгісімен марапатталды. «Толқын» вокалды аспаптар ансамбліне мәдениет министрінің шешімімен «Халықтық ансамблі» атағы берілгені – өнер саласының майталмандарының қарымды еңбегінің жемісі. Гүлжан Жұмақаева еңбек жолын аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы болып бастап, кейін аудандық кітапхананың директоры болды. Кітапхана жұмысын жетік меңгергенінің арқасында облыстық мәдениет басқармасының мадақтауына ілікті. Кейін облыстық мәдениет басқармасының инспекторы, Жұбан Молдағалиев кітапханасында директор болып, 30 жыл бойы қызмет атқарды.

Ауданның мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуда көптеген шаралар іске асырылды. Аудан кітапханалары мен клубтары кітап сөрелерімен, техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Аудан орталығында типтік жобамен салынған мәдениет үйі 1977 жылы 30 желтоқсанда пайдалануға берілді.

Мәдениет үйінің сахнасын Мәскеу қаласынан келген суретшілер безендірді. Сахналық өнерпаздар киімі Мәскеу қаласындағы шеберханасында тігілді. Музыкалық аспаптар мен керекті техникалық құралдар Мәскеу қаласынан әкелінді. Осындай типтік жобадағы мәдениет үйі Өлеңті совхозы орталығында салынып, пайдалануға берілді.

Өнерпаздарының сахналық киімдерін Мәскеу, Алматы шеберханаларында әзірленді. Мысалы, Базартөбе совхоз директоры Досқалиев Бисеннің келісімімен совхоз қаражаты арқылы сахналық киім Мәскеу қаласынан әзірленіп әкелінді. Ал Қурайлысай мәдениет үйі өнерпаздары үшін сахналық киімдер Алматы шеберханасында әзірленді. Аудан халқы, мәдениет мекемелері әнші Жайымова Бақытты, Күрмекешов Батыргерейді, музыкант Қуанғалиев Жасталапты, кітапханашы Ескендірова Жұпарды мақтан тұтады.

Осы жылдар ішінде Жаңақалада өткен домбыра сайысында Құсайынов Мұқастың жанұялық ансамблі жоғары өнер көрсетсе, домбырашы қарт Иманбаев Қалеш Махамбеттің «Жұмыр қылыш», «Ақтабан» тағы басқа күйлерін шебер орындап, тыңдаушылардың құрметіне бөленді. Қалештің Махамбет күйлерін орындау шеберлігіне тәнті болып, оны Алматы қаласына шақыртып, орындаған күйлерін күйтабаққа жазып алды.

Мен мәдениет бөлім меңгерушісі болғанға дейін 1965-1966 жылдары Талап орта мектебімен Зауральный орта мектебінде директор болып қызмет атқардым. Сол кезде қазіргі мектепке жаңа ғимарат салынды. Совхоз кеңшарының басшысы Насипов Кукаштың ерекше көңіл бөлуімен мектеп 1 қыркүйеккке әзір болды. Алғашқы мектептің ашылу лентасын Социалистік Еңбек Ері Берғалиев Жокен мен Насипов Кукаш кесті. Осылайша 45 күннің ішінде мектеп толықтай жарақтанып, жылыту жүйесі жүргізілді. Осы мектепке керекті оқу, техникалық құралдарды Оралдан әкелу үшін кеңшар директоры әдейі машина бөліп, тасымалға жүйелі кірісті. Ай жарымның ішінде мектепке керекті құрал-жабдықтар парта, тақта, үстел, орындықтар, көрнекі құралдар пән үшін, мектеп шеберханасы үшін жабдықтар әкелінді. Осылайша мектепке математика, физика, химия, биология кабинеттері жасақталып, география-тарих пәндерінің карталары, бастауыш сыныптар үшін керекті көрнекі құралдармен қамтамасыз етілді. Мектеп жанынан малшы-шопан балаларына арналған 25 балалық интернат ашылды.

Кеңшардың Сарман бөлімшесінің балаларды сабаққа қатыстыру үшін әдейі машина бөлінді. Мектептің оқу-тәрбиелік және техникалық құралдармен қамтамасыз етудегі еңбегімді жоғары бағалап, мерекелік медальмен наградтады. Сондай-ақ облыстық оқу бөлімінің шешімімен республиканың халық ағарту ісінің үздік төсбелгісімен марапатталдым.

Менің қолымнан кәмелеттік аттестат алған Кеңес Оспанов, ұзақ жылдар денсаулық министрлігінің санэпидеомиялогиялық комитетінің төрағасы және аса қауіпті аурулар жөніндегі республиканың бас дәрігері қызметін атқарды. Ол – Тайпақ топырағынан шыққан медицина ғылымдарының докторы, академик. Ал Ержанов Сырым – техника ғылымдарының докторы.

Жаза берсең, талай естеліктер бар, әрине. Бұл жазғандарымның барлығы тек менің ғана емес, бүкіл елдің еңбегінің арқасында келген жемістің жаңғырығы. Көкірек сайрап тұр…

2014 жылы маған Ақжайық ауданының мәслихат депутаттарының шешімі бойынша еңбегімді бағалап, «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» деген атақ берді. Әрине, елім берген мадақ пен қошемет үшін халқыма ризамын. Ақжайық жұрты, Жұбан елінің мәртебесі лайым асқақ болсын!

 

Бекқайыр   МАҒАЗ,

зейнеткер,

Ақжайық   ауданының   құрметті   азаматы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар