10.10.2019, 16:17
Қараулар: 141
Талайлы ақын, тағдырлы поэма

Талайлы ақын, тағдырлы поэма

Жұбан ағамыздың да, оның әйгілі поэмасы «Мен-қазақпынның» да тағдыр жолы тақтайдай теп-тегіс боп кете қоймағанын екінің бірі біле бермес.

Көре алмаушылық, зұлымдық, қараниет бақталастық сияқты пәлелердің кесірінен Жұбағаң талай соққы жеген, жүрегіне жазылмастай жара түскен. «Мен-қазақпын» поэмасы шыққанда, Жұбан Молдағалиевтің соңына түсушілер де аз болмаған. Бұл (поэма) шығарма ұлтшылдықты уағыздайды дегендер де болған.

Поэманы партиялық (коммунистік) цензура 6 ай бойы әр жолын ежіктеп оқып, ақырында ұлтшылдық сарынға негізделген ештеңе таба алмай, Мәскеумен кеңесіп, әрең деп жарыққа шығуына рұқсат етеді.

Оны өткен жылдардың, кеңестік идеологияның еншісіне қалдырайық, ал бүгінгі тәуелсіз еліміздің кейбір жазушысымақтарының мына пікірлеріне көз жүгіртіңіз!

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне тіл тигізіп, «атың шықпаса, жер өрте» деген принципті ұстанатын Бегділда Алдамжар: «Ол көркем шығарма емес  («Мен- қазақпын» поэмасын айтып отыр), әшейін уақытқа, заманға сай ұран тұрғысында жазылған шығарма… көркем шығарма деп мойындамаймын», — деп жазады.

Сондай-ақ Мырзан Кенжебай: «Халыққа қызмет ету жағынан, ұлттық рухын көтеруі жағынан ешқандай дауым  жоқ. Қос қолымды көтеріп қолдаймын, ал көркем шығарма ретінде олқы түсіп жатқан тұстары көп. Жалаң дидактика тұрғысында жазылған шумақ көбірек»,- деп айтқанын қайтерсің. Өкінішке қарай мұндай пікірлер иесі тек бұлар емес.Жылдар жүзінде ақын шығармасы сыншылар тарапынан да, ақын-жазушылар ортасында да, жалпы халық пен зиялы қауым арасында да өзінің тиісті бағасын алды. Ең әділі де осы баға. Ендеше оларды да тыңдап көрейік.

Әдебиетті, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мүсілім Базарбаев:«Жұбан шығармашылығынан қазақтың нағыз ұлттық поэзиясын көреміз. Қазақ жері мен суынан, желі мен көгінен нәр алған даладай тынысты, пәрменді поэзияны танимыз», — десе, белгілі жазушы, есімі елге аян  Жайық Бектұров былай деді: «Жұбан Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы- «Мен-қазақпын» поэмасы.

Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен  оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді. Өзінің «Қазақ» екенін ағынан  жарыла ерекше шабытпен жырлауы-  оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз».

«Мен-қазақпын» поэмасы,-деп жазады белгілі сыншы, акдемик Мухаметжан Қаратаев, — ақын творчествосында тағы бір саты көтерілген туынды. Бұл — үлкен патриоттық сарынмен, философиялық топшылаулармен жазылған айрықша шабыт дүниесі. Мұның жанкүйер өзегі –туған қазақ халқының тарихи тағдыры. Тарихта талай зобалаңды, талай сұмдықты басынан өткерген қазақ халқының әр заманда шеккен азабы, қайғы-қасіреті… ақынның өз атынан, өзі көргендей тебірене, толғана жырланады».

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сәкен Иманасов поэма туралы: «Мен-қазақпын» поэмасын біркүндік дүние деп есептемеймін. Бұл ақынның ондаған жылдар бойына іштей дайындығымен келген… дүние. Өзінің азаматтық болмысын ақтара көрсете отырып, қағаз бетіне түскен бұл шығарма ақынның ғана емес, қалың оқырманға ой салып, соларға да ұнап, біздің қазақ әдебиетіне, оның ішінде поэзияға қосылған қомақты дүние деп білемін.

Әрине, «Мен-қазақпын» деген сөзді бірінші айтқан Жұбан Молдағалиев қана емес. М.Жұмабаев та, С.Торайғыров та айтқан. Бірақ бар болмысы мен ақындығын осы поэмаға сала отырып, атына заты сай етіп жасалған дүние осы. Ақынның азаматтық тұлғасы неғұрлым биік болса, оның шығармалары да сол биіктен көрінеді. Пендешілігі көп болса, оның шығармаларымен  оқырманды нандыра алмайсың.

Жұбаннан да мықты ақындар біздің қазақ әдебиетімізде өте көп. Бірақ соның бәрі Жұбанның дәрежесіне жете алмады. Таза ақындық тұрғыдан алғанда ол кісімен иықтасып та,  алдына түсіп кететін де ақындар баршылық. Ал азаматтық тұрғыдан  алғанда, теңдесе алатыны аз.  Әсіресе, қылышынан қан тамған Колбинге  қасқайып қарсы  тұрып сөйлегені бар. 1964 жылы жазылған шығарманы осы уақытта да ел аузынан тастамай айтып жүрсе, онда оның мақсатының орындалғаны»,- депті.

Ал, атақты жерлес ағамыз, ақын Қайрат Жұмағалиев: «Туған халқына, еліне, ұлтына деген перзенттік махаббаты нәтижесінде «Мен — қазақпын» поэмасы дүниеге келді. Баршаға мәлім, ол кезде қазақ ұлттының болам ба, бордай тозам ба дегендей, тағдыры қыл үстінде тұрған болатын.  Тіпті, Хрушевтың сол кезде «Ресей империясының   пәлен ғасыр бойы орындай алмаған арманынын екі-ақ жылда жүзеге асырдым!», деп, жер жүзіне мақтанғаны да елдің есінде. Бұл тың және тыңайған жерлерді игеру деген саясатты желеу қылып, оның қазақ жеріне төрт миллион тыңгерлерді тоғытқан кезі болатын…

Міне, осындай ауыр шақта,қазақтың ері мойнына кетіп, еңсесі езіліп тұрған шақта Жұбан ақынның осы поэмасы жарыққа шықты. Оның қалай жарыққа шыққанына өз басым әлі күнге  дейін таңғаламын. Соры арылмаған ұлтымыздың  рухы дүр сілкінді. Халық әрі есі шыға қуанды, әрі елегізумен болды. Оған өзінің    араша түсе алмайтынын  да ұғындыӘбден зәрезап болған қазақ «отыз жеті», немесе «қырық тоғыз» қайтып келіп қалмасын деп, іштей Аллаға жалбарынумен күн кешті. Олай үргелектенетін де жөні бар еді.

Мен –қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен –қазақпын! Биікпін! Байтақ елмін!

Қайта тудым, өмірге қайта келдім!

Мен мың да бір тірілдім қайта өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!

Кеңес билеген дәуірде бұлай жырлау, өз ұлтыңды дәріптей сөйлеу- қылмысқа  барабар.

Сондықтан да «Мен-қазақпын!» деп ашық та айқын шабыттана асқақ  пафоспен  бұрын-соңды орыс  ақындарынан басқа одақ көлемінде ешкім жырлауға  батыл етпеген. Батыл ете қалса —  Колымаға айдалатын. Сол себепті, Жұбан ақынның  бұлай жырлауы, ең  алдымен өз өмірі үшін аса  қауіпті еді. Иә, бұл шын көзсіз ерлік еді»

Заманымыздың  белгілі ақыны Маралтай Райымбекұлы: «Сөздің  басында ашып айтуымызы керек, Жұбағаңның бұл поэмасы кітап сөрелерінен ойып тұрып орын алатынына күмәнсіз сенемін. Бұл поэманың бастауында біздің тегіміздегі қаһармандық, қанымыздағы қайсарлықты білдіретін қас туғандардың сарыны бар.

«Ту түбінен ту алған,

Жауды көрсе қуанған,

Мен Өтемістің баласы

Махамбет атты батырмын» —

деп келетін ерлеріміздің рухы жатыр. Бұл дүниеге қалам тартпас бұрын ол кісіде үлкен дайындық болған сияқты. Өйткені бұл кісі 1943 жылы елге майдан даласынан келіп кеткен екен. Сол кезде ол «Қазақ»дейтін өлеңін алып келіпті.

Бұл өлеңді Әбу Сәрсенбиев ұнатып, Жазушылар Одағының хатшысы Сәбит Мұқановқа алып  барып, тыңдатқан екен. Кейіннен «Егемен Қазақстанда» жарияланған. Демек, бұл өлең жайдан жай келе салған жоқ деп айтуға болады. Жалпы  ол кісінің өмірі қазаққа жанын беру үшін жаралған адам екенін болмысы білдіреді. Халық өзіне  «Мен, мен-қазақпын» деген сөзді сіңіріп алды. Бұл сөз бізге әлі де қажет болып тұр. Бұдан кейін де қаншама керек болары анық. Бала  кезімізде  бұл поэманы талай рет оқыдым. Сол кезде бір дәуірдің тынысы, қазақ дейтін халықтың арманы, мақсаты арғы жағынан дем беріп тұратын  сияқты болатын. Сол кезде сондай сөздер айтылмаса болмайтын заман еді. Уақытында ұлттың, халықтың рухын бір көтеріп тастады. Әлі де көтеріп жүр.

Қазақстанның халық жазушысы, аса көрнекті ақын жерлесіміз Қадыр Мырза Әли: «Жұбан Молдағалиев поэмаларын үлкен екі топқа бөлуге болады. Біріншісі  эпикалық сарындағы дүниелер. Екіншісі, лирикалық –публицистикалық сарындағы дүниелер. Оқиғасыз, ойға, толғауларға негізделген. Бұған «Мен-Қазақпын»поэмасын да жатқызуға болады. Қара тасқа қашап жазғандай ірі де айқын»,-деп тұжырымдаса,поэманың құндылығы – образдылығы мен ойлылығында, сезімталдығы мен тіл шұрайлылығында екенін көрсете келіп, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Жүсіпбек Қорғасбек: «Жұбан Молдағалиевтің «Мен-Қазақпын» поэмасы – қазақтың рухына тұрғызған ескерткіш», —  деп түйіндейді.  Біздіңше, «мың өліп, мың тірілген» барлық қазақтың ойы да осы. Мәңгілік қазақ елі барда Жұбан есімі мен «Мен- қазақпын» поэмасы ұмытылмақ емес.

Мәлік БЕРДІ ӘЛІ,

ақын,ҚР Журналистер одағының мүшесі, жұбантанушы-ұстаз