10.10.2019, 16:29
Қараулар: 157
ЕҢБЕК – ТАБЫСТЫҢ ТҰТҚАСЫ

ЕҢБЕК – ТАБЫСТЫҢ ТҰТҚАСЫ

Еңбек – адам өмірінің мәні. Ынталы адам кез-келген бастамасын, жобасын жүзеге асыру мақсатында аянбай еңбек ететіндігі сөзсіз. Елімізде бүгінгі таңда, заман талабына сай нарықтық қатынастарға бейімделген, өзінің ісін бастап, ірілі-шағын шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары қалыңдап келеді. Бұл —  заңды да. Өйткені елімізде өз ісімен айналысып, жұмыс істеймін деген кез-келген отандасымызға көп елдермен салыстырғанда қолайлы жағдай жасалған. Осы және өзге де мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ауданымыздың тұрғындары да сәтті пайдалануда. Біз бүгінгі мақалада мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп, көрсетілген көмекті пайдасына жаратқан жерлестеріміздің жарқын үлгілерін көрсетпекпіз.

ҚҰС ӨСІРГЕН ТАБЫСҚА КЕНЕЛЕДІ 

Ақжол ауылдық округіне қарасты Лбішін ауылының тұрғыны Нұрсәуле Ғабдуллина  — атаулы әлеуметтік көмекті игілігіне жаратқан жандардың бірі, 3 баланы тәрбиелеп отырған ана. Өзгелер секілді мемлекеттік қолдауды біркүндік тірлік үшін пайдаланбай, өзінің жеке қосалқы шаруашылығын дамытуды мақсат етті. Отағасы да үкіметтің берген ақшасына қарап, қол қусырып отырған жоқ. «Жайықтехсервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне су жіберуші болып қызмет істейді.

— Қазақта «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген аталы сөз бар, сондықтан ең алдымен зайыбыммен ақылдастым. Тиесілі қаражатты ай сайын алғаннан гөрі, қомақты мөлшерде бір алып, отбасымыздың берекесін асыруды көздедік, — дейді отанасы. Әлеуметтік көмекті осылайша табыстың көзіне айналдырған ол отағасы Аслан Кенжебаевпен кеңесе отырып, 1 бас бұзаулы сиыр мен 20 шақты тауықты сатып алыпты. Бүгінде ауласында шағын тірлігін түлеткен олар осы құстарға арналған шағын қора жайының құрылысын қамдауда.

«Табиғи сүттің ағзаға пайдасы зор. Бұрын шайымызға дүкеннің сүтін пайдалансақ, енді күнделікті балаларға жетерлік сүт, қаймақты өзіміз айырып отырмыз. Тауықтарымыздан да пайда жетерлік. Күнделікті өзімізге жұмыртқа жеткілікті. Болашақта тауықтардың санын көбейтіп, ауыл тұрғындарына жұмыртқамызды ұсыну жоспарда. Ең бастысы, өзіңе сеніп, аздан бастау, ал ары қарайғының барлығы – ниетіңе, еңбекқорлығыңа байланысты», — дейді Нұрсәуле.

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫНЫ ТЕККЕ ШАШПАЙ… 

Ауданымыздың Көнеккеткен ауылында әлеуметтік көмектің игілігін көріп отырған отбасылар  баршылық. Солардың басым бөлігі берілген қаржының бір тиынын да шашау шығармай, отбасыларының әл-ауқатын көтеруге  жұмсауда. Осындай үлгілі мысалды біз Есенқұловтардың жанұясынан көре аламыз.

Отанасы Азаткүл биылғы жылдың маусым айында халықты жұмыспен қамту орталығына әлеуметтік көмек тағайындауға қажет құжаттарын тапсырады. Ұсынған қағазында атаулы әлеуметтік қолдаудың жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін тағайындауын өтінеді. Өтініштері қанағаттандырылып, маусым айынан бастап Есенқұловтарға айына 54 мың теңгедей қаражат тиесілі болады. Осыған дейін қорада мал ұстамаған Азаткүл мен Нұрғали 250 мың теңгеге бұзаулы сиыр сатып алады.

Айта кетелік, ерлі-зайыптылардың 1 баласы бар. Көмек тағайындалған кезде 3 жасқа толмаған осы сәбидің күтімімен Азаткүл айналысқан болатын. Жұмыссыздар есебінде тіркелген Нұрғали «Балауса» шаруа қожалығына екі ай  маусымдық жұмыстарға қабылданады. Зайыбының уақытша қызметі тоқтаған соң жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен Азаткүл ауылдағы мектепке химия пәні кабинетіне зертханашы болып орналасты.

ГРАНТТЫҢ ИГІЛІГІ 

«Жан қиналмай жұмыс бітпес,талап қылмай мұратка жетпес». Нақыл сөздің өміршеңдігіне Назгүл Өмірзақованың  көзі әбден жетті. Тайпақ ауылының тұрғыны өзінің бала кезгі асқақ арманына берік. Кішкентайынан қуыршағына киім тігіп, үйдегі ұсақ маталардан құрақ құрап өскен оның жеке тігін ательесін ашу арманы болатын. Қолөнермен айналысуды діттеген нәзік жан сол себепті «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік қолдау» бағдарламасының ІІ бағыты – грант тағайындау бойынша бағын сынауды ұйғарған. Қолы шебер арудың бағы жанды. Назгүл 500 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Бұл үшін ол алдымен «Бастау-Бизнес» тренингтеріне қатысып, кәсіпкерліктің әліппиін меңгерсе, артынан өз ісінің тиімділігін дәлелдейтін бизнес-жоспар жасақтады.

Назгүл гранттың қаражатына мата-жіп, тігін машиналарын сатып алып, бүгінде Тайпақтың қақ ортасынан шағын тігін цехын ашып, жұмыстануда. «Ауылда жұмыс жоқ деген – енжардың сөзі», — дейді ол. «Ерінбегенге, өзі үшін, ертеңі үшін аянбай жұмыс істеген кісіге бәрі де табылады. Ал жергілікті әкімдіктің еңбек етемін, пайда табамын дегендерге қолдауы зор екендігіне көзім анық жетті».

Шебер қыз қазір ауыл тұрғындарынан тапсырыстар қабылдап отыр. «Жеті мәрте өлшеп, бір рет кесуді» қаперге алған тайпақтық ару жеке тапсырыстар бойынша жасқа да, жасамысқа да киім тігіп, ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасайды, ұсақ жөндеу жұмыстарымен де айналысады. Өзіндік қолтаңбасы бар нәзік жан көпшіліктің сеніміне ие.

Жастардың бүгінгі технологияларды жетік меңгергені, оны өз ісінің берекесін арттыруға пайдаланатыны белгілі ғой. Өз жұмыстарын әлеуметтік желіде жариялап, тігін ательесін жарнамалайды. Назгүл бүгінгі жетістігіне тоқмейілсімейді.  Кәсіптің тынысын кеңейтіп, тігін цехының жұмысын ілгерілетіп, жергілікті тұрғындардың сұранысын қамтамасыз ету үшін ісмер қыздарға да жұмыс ұсынбақ.

МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫ – ЖАСТАРҒА 

Өз ісін ашып, жеке ісін бастаған жандардың арасында жастар белсенділігімен көзге түседі. Жас ерекшелігіне байланысты олар жаңа жағдайларға тез бейімделе алады да. Солардың ішінде чапаевтық Ербота Саматовтың бағы бес белі десек, артық айтпасымыз анық.

Биыл өңірімізде жүзеге асырылған «Zhas project» жобасының жеңімпазы Ербота шағын құс фермасын ашты. Алғашында 100 тауық сатып алған ол жоба шарты бойынша осымен 5 ай қатарынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тегін жұмыртқа өнімдерін таратып келеді. Ерботаның іскерлігінің дәлелі – жоба қаражатына балапан басып шығаратын инкубатор да сатып алған. Яғни, оның үй жағдайында жылдың мезгіліне қарамастан инкубатор режимімен тауықтың санын арттыруға мүмкіндігі бар.

Құс шаруашылығын дамытуға шындап кіріскен ол мемлекет ұсынған тағы бір мүмкіндік – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бөлінген грантты мүлт жібермеуге шешім қабылдады. «Кәсіп ашпас бұрын көп ойландым. Үй құсын өсіріп отырмын. Жұмыртқасынан да пайда біраз. Менде: «Енді құс шаруашылығының айналасында немен айналысуға болады? Қолға алған ісімді алып кете аламын ба?» деген сұрақ тұрды. Десе де, бар ынтамды салып, білгенімді қағаз бетіне түсіріп, гриль тауықтарын дайындау бойынша жобамды ұсындым. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының қолдауының арқасы – бизнес-жоспар жасақтауға бастан-аяқ жәрдемдесіп, грантты иеленуіме көмектері мол болды», — дейді жас кәсіпкер.

Қазіргі сәтте Ербота  қайтарымсыз гранттың қаражатына гриль дайындайтын құрылғы және тоңазытқыш құралдарын сатып алды. Бұйыртса, желтоқсаннан бастап саудаға шығарады.

P.S. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөзден тәлім алған халықпыз. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелентіп отырған жандар аз емес екеніне бүгінгі мақаланы дайындау барысында көз жеткіздік. Баршамызға берекелі еңбекке жұмылған, сол еңбектің қадірі мен құрметін сезінген кейіпкерлеріміздің үлгісі сабақ болары анық!