10.10.2019, 16:42
Қараулар: 180
Су арналары кеппесін, мал батпаққа батпасын…

Су арналары кеппесін, мал батпаққа батпасын…

Бітік ауылы аудан орталығынан 50 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Мұнда 40 шақты үй бар. Ауыл болған соң, тұрғындардың азды-көпті уақ жандық, ірі қарасын ұстап, тірлік ететіні де аян. Осы жылдың тамыз айынан бері бұл ауылдың азаматтарынан маза қашты. Себебі, осыған дейін шаруалар малын суарып келген Первомай каналы мүлдем құрғап кеткен. Әсіресе, бұл жағдай малын күнкөрісім деп санайтын ағайынға ауыр тиюде. Екі айдан бері бір тамшы су құйылмаған арнаның жайын айтып, төрт түлігіне су іздеген шаруалар газетіміздің редакциясына келді. Осы жағдайдың анық-қанығын, мәселені шешудің қандай жолдары бар екенін біз өзімізше анықтап көрдік.

Алдымен Бітік ауылы құрамына кіретін Жамбыл ауылдық округінің әкімі Қайыржан Елешевке хабарластық. Телефон арқылы орнаған әңгімеде округ басшысы Бітіктегі ахуалмен толық таныс екенін және ауыл тұрғындарының судан тарылғанынан аудан әкімдігінің де хабардар екенін, осыған қатысты тиісті қарекеттің атқарылып жатқанын жеткізді.

— Бітіктегі судың тапшылығы  — бұрыннан күрмеуін таппай келе жатқан мәселе. Осындай жағдай округке қарасты Үштөбе ауылында да орын алып тұр. Бұрын ауыл тұрғындары осы маңда орналасқан шағын көлден малын суаратын. Әйткенмен, бір ғана көлшіктің түп-түгел ауылдың қажеттілігін қамтамасыз етуге қауқары жетпейтіні анық. Сондықтан былтырдан бастап су тапшылығының алдын алу үшін қолдан келген жұмыстарды атқардық, — дейді Қайыржан Шәрәпиұлы.

Өткен жылы ауылдың тұсынан тұрғындардың сұрауымен Первомай каналынан тартып, көлемі 80х40 метр болатын тереңдігі 4 метрлік көбік қаздырылыпты. Сондағы мақсат – көктемде арыққа келген сумен көбікті толтырып, жеткілікті қорын жинап алу. Былтыр осы көбікке үш рет: ерте көктем, жаз, күз айларында су құйылып алынса, биыл тек бір мәрте ғана көбіктің ернесіне дейін су көтеріліпті. Оның себебі – Первомай каналы бастау алатын Киров су қоймасындағы су деңгейінің төмендігінен, — дейді округ әкімі, — Біз ауыл тұрғындарының аулаларына құдық соқтырып алуын ескертіп жатырмыз. Қазірдің өзінде бірқатар аулада құдық қазылды.

Қ.Елешевтің айтуынша, осыдан 1 ай бұрын Киров қоймасының 1 қақпасынан каналға су жіберілген. Ортақ іс қой, каналға су жіберілгенін естіген бойда округтің бас көтерген азаматтары бірлесіп, әкім мырзаның өзі бастап, кепкен арнаны жіті тазартыпты. Құлаған теректерден, қоқыс қалдықтарынан арылтып, су жүретін жолдағы кедергілердің бәрін жояды. Дегенмен, ай жүзінде су деңгейінің төмендігінің салдарынан канал бойымен сыздықтап аққан су ауылдың тұсына енді ғана жетіп жатыр. Көбікке қашан түсетіні белгісіз. Тұрғындарды да алаңдататыны осы. Аңқасы кеуіп, әбден шөліркеген жануарлар бұрынғы сарынмен көбік басына барады. Ал көбіктегі қалдық су жерге сіңіп, оның басы ми балшыққа айналған. Жануарда сана жоқ, балшық екенін қайдан білсін, ентігіп келіп, осы шалшыққа бір батады.

«Жоғалған малымызды көбінесе осы көбіктен табамыз, оны балшықтан шығарудың өзі біраз әлек-әбігер», — дейді ауыл тұрғыны Айбек Алимов. Расында да, жайылымдағы ірі қарасы үйге келмесе, ауылдағы білекті азаматтар бірігіп, көбік батпағының құрсауынан арқанмен тартып шығарған жағдайлар жиілеуде. Әрине, қынжылтарлық жайт.

Округ басшысы Қ.Елешев  «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының аудандағы мамандары суды қоймадан каналға жіберді деп сендіргенімен, мәселенің түп қазығын анықтап алатын әдетімізбен осы мекеменің аудандағы филиалының басшысы Тұрымбек Байсеновке сауал жолдадық. Телефонмен хабарласқанымызда, Тұрымбек Мырзакелдіұлы Киров су қоймасының басында екенін, Первомай каналының су деңгейін көтеру мақсатында іссапармен жүргенін баяндады. Мұны естіген біздің ойымызда «Біз толғаған күрмеуді шешу үшін кеткен екен, Бітіктің көбігін сумен толтырар» деген үміт қылаң етіп, бір қуанып қалдық. Дегенмен…

Ертеңіне Т.Байсеновтың өзі редакцияға келіп, мәселенің жай-жапсарына қатысты түсінік берді.

— Көпшілікке аян, биыл Жайық өзенінің арнасы тарылып, суы таяздап кетті, — деп бастаған ол өзендегі су деңгейінің көрсеткіші соңғы 50 жылда болмаған рекордтық деңгейге төмендегенін айтты: «Жайықтағы судың тартыла бастауы 2006 жылы алғаш байқалса, әлі күнге дейін бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Сол уақыттан бері өзен суы әлі күнге дейін бұрынғы арнасына толмай ағып келеді».

Бұрын судың тапшылығына трансшекаралық өзен – Жайықтың төменгі ағысына су жібермей отырған Ресейді кінәлаушы едік. Бірақ, Т.Байсеновтың өзімен бірге ала келген қағаздарындағы ресми деректерге сүйенсек, Орынбордың тұсында орналасқан Ириклинск су қоймасындағы да жағдай  мәз емес екен. «Көлемі 2 млрд 434 млн кубты құрайтын бұл қоймада судың қажет мөлшерінің тек үштен бір бөлігі ғана бар. Ал өзеннің төменгі арнасы тура осы қоймадан қоректенеді», — дейді ол.

Әңгімені облысымыздың басты су күретамыры Жайықтан бастаған себебін де түсіндірді. Аудан аумағындағы ірі қоймалардың бірі —  Киров су қоймасы Жайық-Көшім суармалы-суландыру жүйесінен нәр алады екен. Ал бұл жүйе тура Жайық өзенінен бастау алады. Осыған байланысты Киров қоймасында судың арнасы тартылып, оның ресурсы мүлдем азайған. Айталық, қойма кемеріне дейін толуы үшін  62,9 миллион куб су қажет болса, қазір небары 18 млн. куб қана бар, бұл қажет мөлшердің тек 28,6 пайызы. Судың тереңдігі де 2 метрге дейін азайды.

Ал бұл қоймадан ауданымыздың аумағындағы 4 канал суландырылады: Бударин, Первомай, Киров-Шежін және Көшім каналдары. Осы арықтардың  қай-қайсысы да бүгінде суға жарып тұрған жоқ.  Айталық, қалыпты деңгейде қоймадан Первомай каналына секундына 2 куб мөлшерде су жіберілсе, қазір бұл көрсеткіш – 0,3 куб. Тоғанға арнайы сорғы орнатып, каналға су айдалмаса, аталмыш көрсеткіш мұнан да төмен болады екен – тығырықтан шығудың амалы-дағы. Осыдан бір ай бұрын канал бойымен аға бастаған су, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Бітіктің тұсына енді жетті. Көптен құрғап тұрған соң, ағынды судың жерге тез сіңіп кетуі де арнаның толуын біраз кешеуілдетуде.

Міне, ауылдық округ әкімі мен су арналарына жауапты мекеме өкілінің жауаптары осындай. Көріп отырғанымыздай, аудан басшылығы тарапынан бар қолдан келер қам-қарекет атқарылуда.

«Су бар жерде, ырыс бар» деген, жаны бардың сусыз күні жоқ. Алғашқы тіршіліктің өзі судан басталғанын ескерсек, күн санап азайып келе жатқан судың да сұрауы бар екенін еске тағы бір түсірген абзал. Байқасаңыздар, бұл жағдай тек Бітікте емес, аудан аумағындағы басты каналдардың бәріне ортақ. Өкінішті, әрине. Біздің міндет – суға тарыққан ағайынның уәжін айтып, дабыл қағу. Осыны облыстағы тиісті мекеме басшылары ескеріп, байлығымыз – көз алдымызда семіп бара жатқан Жайықтың арнасына оралуына бар күшін салса, игі.

Әлия ШАРАПИЕВА