10.10.2019, 16:50
Қараулар: 181
Ғибратқа толы ғұмыр

Ғибратқа толы ғұмыр

“Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады” деген аталы сөзге жүгініп, әрбір адамға өзінің лайықты бағасын беру кім-кімнің де арына сын болса керек. Зиялылық  іс-әрекетте, адами қасиеттердің астарында жатыр десек, мұндай құнды қасиетті еңбегі елге елеулі азамат Ғилаж Еспенбетұлының Лұқпановтың бойынан анық көреміз.  Абзал азаматтың өміріне үңілсек, атқарған еңбегі арқылы қайраткерлік, тұлғалықты көретініміз сөзсіз. Ол қарапайым халықпен бірге күн кешіп, өңірімізді түлетуге бар қажыр-қайратын жұмсаған жан.

Сауыры құмға, жайлауы малға  толы Бөкей Ордасының Бисен ауылында жарық дүниеге келген ол тағдырдың тауқыметін жас кезінен-ақ тартты. Қаршадайынан сұм соғыс әкесінен айырып, бұғанасы қатпаған жеткіншек ауылдың қара жұмысына кіріседі. Бірақ, өршіл жанды өмірдің артар ауыртпалығы, қабырғаны қайыстырар қиыншылығы қайрай түседі. Орта мектепті бітірген соң, бірден Первомай кеңшарының жұмысына етене араласып, тәжірибе жинақтай түседі. Еліміздің шекарасын сонау Германия елінде қорғай жүріп, жастайынан алғыр жігіт ол жақтың жағымды тұстарын көңіліне түйгені кәміл. Адал тер төгіп, өзіндік ой-мақсатын жинақтаған балауса жас өз жұмысын атқара жүріп, Орал ауылшаруашылық техникумын, сосын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдап, зоотехник мамандығын алады.

Небары 25 жасында-ақ еселі еңбегімен, асқан жауапкершілігімен көзге түскен ол Первомай кеңшарыгың №3 бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалады. «Еңбек еткен емер» деген аталы сөздің дәлелі емес пе, өз қызметінде Ғилақаң алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерді қолдана отырып, малды қолдан ұрықтандыру, төл алу науқандары бойынша өз бөлімшесінің атағын шығарады. Қойды қырқу, қой тоғыту қосындары іске қосылады. Бұрыннан да мал шаруашылығы саласынан алдына жан салмаған кеңшар енді биязы жүнді кроссборд қойын өсіруді қолға алады.

Әрине, жұмыстың жемісін көру үшін білімді жетілдіру керек-ақ. Бұл аксиоманы жадына мықтап түйген Ғилаж Лұқпанов 1964 жылы Алматының біржылдық совхоз, колхоз басшыларын даярлайтын курсқа түсіп, озық технологиялар, мал сапасын асыру бағытындағы жаңа әдіс-тәсілдермен тәжірибесін толықтырады.

Қашанда тындырымды ісімен, қай іске кіріссе де табандылығымен ерекшеленген Ғилаж ағамыз 1968 жылы үш ұжымшардың негізінде құрылған Алғабас кеңшарында бас зоотехник жұмысына кіріседі. “Өзі болған адамға қайда барса да орын бар, бола алмаған адамға кең дүниеде орын тар” деген екен. Бұл жерде табандай 10 жыл қызмет атқарып, қой өсірумен қатар ірі қара малының сапалы тұқымдарымен айналысатын кеңшардың жұмысына жаңа серпін әкеледі. Зеңгі баба тұқымының түр-түсіне, тұқымына қарай саралап, қазақтың ақбас сиырларын бөлек өсіріп, маусымдық төлдеу жұмыстарына ерекше назар бөледі. Тиянақты іс-әрекеттің арқасында 100 сиырдан 100 бұзау алып, облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Ал айрықша атап өтеріміз – 1976 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, кеңшарлықтардың еңбегі еселене түседі.

Сосын ауданымыздың ауылшаруашылық саласын басқарып, Батурин кеңшарының директоры болып қызмет атқарады. Күн болсын, түн болсын, әманда жұмыстың басы-қасынан табылған аға ауылдастарының арасында лезде құрметке ие болды.

Ерекше атап кетер тұс – 90 жылдардың тоқырауында ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының тізгінін қолға алып, ақсамауына барынша күшін салады. Жаңа жұмыста да Ғилаж Лұқпанов үшін істелетін шаруа шаш-етектен екен. Оның тікелей араласып, жетекшілік жасауымен жаңа нарықтық қатынастар тұсында реформалау жұмыстары еш кедергісіз өтті.

Қашанда еткен еңбек, төккен тер текке кете ме, Лениннің 100 жылдығына арналған және еңбек ардагері медалімен марапатталса, мерейлі еңбегі үшін алған алғыс хаттары мен грамоталары да жетерлік, Ақжайық ауданының құрметті азаматы. Зейнеткерлікке шықса да, туған өңірінің қоғамдық өмірінен қол үзбей, бірнеше жыл аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы міндетін абыроймен атқарды. 2007 жылы еліміздің кіндігі – Астанаға ардагерлермен сапар шегіп, «Егемен Қазақстан» газеті редакторы Сауытбек Әбдірахмановпен кездесуде елдің сәлемін жеткізіп, ауыл жайын баяндаған қазына қарттарымыздың бірі. Облыстық «Ақжайық» шипажайы күрделі жөндеуден соң ашылғанда да алғашқы демалушылардың қатарында Ғилақаң да бар. бүкіл Жайық шартарабында дүркірей өткен Жұбанның 90-жылдық тойында аға басқарған ардагерлер кеңесінің сүбелі үлесі бар. беделді ақсақалдарымыздың арқасында аудан орталығына қазақтың қыран перзенті Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші орнатылып, арнайы қордан атбәйгесінің жеңімпаздарына сыйлықтар берілді.

1959 жылы қол ұстасып, шаңырақ көтерген жұбайы Жансұлу екеуі үш қыз, төрт ұл өсірген ұлағатты үйелмен. Енді Жансұлу апамызға келсек, өмірін адал еңбекке арнаған жан. Бітік ауылында дүниеге келген ол осында 7-жылдық мектепті тәмамдаған күннен бастап, жасөспірім шағынан қызметке араласады. Жүгерісін өсіріп, плантатор жұмысын да атқарды. Көп жылдары сауда саласында, білім саласында да жұмыс істеді. Талай жылғы қызметі үшін тың және тыңайған жерді игерудің 50 жылдығына орай мерейтойлық медалмен марапатталды. Жұмыс жасай жүріп, 7 баласының тәрбиесін көзінен таса етпей, жақсы адам болып жетілуіне күш салып, әрі басшылық қызметте жүрген азаматының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Қиындықтарды бастан өткерсе де, жасымаған, балаларына жоғары білім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана. Солардан қос қария 6 немере, 6 жиен, 10 жиеншар сүйіп отыр. Бүгінде гауһар тойын тойлайған отағасы екеуі солардың арасында мерейге бөленіп отыр.

Әлия СЕРІК,

«Жайық таңы»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар