10.10.2019, 16:54
Қараулар: 95
Спорт алаңында  — ардагерлер

Спорт алаңында  — ардагерлер

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, тамаша спорттық дәстүрлерді сақтаудың ұлт денсаулығын жақсартуға, өскелең ұрпақты спортқа үйір етіп тәрбиелеуде әсері зор. Спорт пен дене тәрбиесі тек денені ғана шынықтырып қоймай, рухты да шыңдайтыны сөзсіз. Осыған аудан орталығында өткен спорт ардагерлері арасындағы аудан біріншілігінде орын алған тартысты бәсекелер дәлел болды. Сайысқа қатысқан ардагерлердің жас ерекшеліктеріне қарамастан салауатты өмір салтын ұстанып, шымырлығынан танбағаны талайды тәнті етті.

Бұл біріншілік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы шеңберінде ұйымдастырылған. Сайыс үстел теннисі, асық ату, ләңгі тебу, дойбы, дартс сияқты 5 спорт түрі бойынша өтті. Қатысушылардың дені – 40-тан асқан аудан тұрғындары мен 60-тан асқан спорт ардагерлері.

Жарысқа Жаңабұлақ, Мерген, Қабыршақты, Қарауылтөбе, Тайпақ ауылдық округтері және Чапаев ауылының спортшылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша өз жас ерекшеліктерінде асық атудан ерлер арасында Қ.Телағысов (Чапаев), М.Бакишев (Тайпақ), М.Сариев (Қарауылтөбе), әйелдер арасында Қ.Зейналиева (Чапаев) жеңімпаз атанды. Үстел теннисінде мергендік С.Муканаков, чапаевтық Б.Қоспаевақа тең келер ешкім болмады. Ләңгі тебуден өз жас ерекшеліктерінде тайпақтық А.Габдулов, М.Бакишев, М.Иманғалиевтер үздік танылды. Дартстан жеңісті М.Бакишев иеленді.

Ұйымдастырушылар мұндай бәйгелердің бұдан әрі тоқтап қалмайтындығын, аудан тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттау жолында өнімді еңбек ететіндігін атап өтті.

 

Өз тілшімізден

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ