31.10.2019, 11:14
Қараулар: 117
Әсем ән қалықтаған күн

Әсем ән қалықтаған күн

Өткен аптада Қарауылтөбе ауылының мәдениет үйінде жерлесіміз, танымал композитор Сейітқали Қайырғалиевтің әндерін орындаушылардың ІІ аймақтық «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті.

Алдымен конкурсанттар мен шара қонақтарының және әділқазылар алқасының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермұханов.үміткерлер мен көрермендерді қазылар алқасымен, байқау шарттарымен таныстырып өтті. «Осымен екінші рет өткелі тұрған «Екі жұлдыз» аймақтық байқауының негізгі мақсаты қазақтың сазгерлік өнеріне елеулі үлес қосқан талант иесі, талай жүректерді сырлы сазымен тербеткен С.Қайырғалиевтің әндерін кеңінен насихаттап, жаңа есімдер мен жас таланттарды анықтау. Барша қатысушыларға сәттілік серік болсын», деді бөлім басшысы. Әділқазылар алқасының төрайымы, С.Қайырғалиевтің жұбайы Бикамал Сыдыққызы ауылдастарына алғысын білдіріп, жас таланттарға ақжол тіледі. «Бауырымыз бүтін, басымыз аман, ата-бабамызды еске алып, емен-жарқын жүргеніміз еліміздің тыныштығының арқасы. Топырағынан шыққан таланттарды құрметтей білетін Ақжайық өңірінің жұртшылығы алдында басымды иемін. Ағаларың ауылдық клубта жұмыс жасаған кезде мен де осы өнер ордасында аздаған жыл еңбек еттім. Сондықтан бұл жер маған ыстық. Байқауға қатысып жатқан барлық талантты жастардың талабына нұр жаусын. Барлығы да жұлдыз болсын!», деді Бикамал Қайырғалиева. Сондай-ақ, осы кешке арнайы келіп қатысқан облысқа танымал ақын Сағынтай Бисенғалиев өнердегі ағасының рухына жыр жолдарын арнады.

Баспасөз конференециясынан кейін бірер минуттан соң байқау да басталды. Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Нұрмұхамбет Мурсалимов алғысөз сөйлеп, көрермендерді өнер мерекесімен құттықтап, келген қонақтарға алғысын білдірді. Ән сайысына өз ауданымыздан бөлек, Ақтөбе, Атырау облыстарынан жас әншілер қатысты. Байқау шарты бойынша үміткерлер екі ән айтуы керек, оның біреуі С.Қайырғалиевтің әні,  екіншісі әуесқой сазгерлер туындылары болуы тиіс еді. Байқау үміткерлерінің қай-қасысы да өздеріне қойылған талапқа сай өнер көрсетті. Атырау облысы Индер ауданынан келген Айданақ Орынбасарқызының орындауындағы жерлесіміздің «Махаббат назы» әнімен басталған сазды кеш аяғына дейін тыңдармандарды ерекше әсерге бөледі. Әсіресе атыраулық Мұратбек Жұмашевтың орындауындағы «Кетсең де шалғай», жергілікті әнші Мирас Мэлсұлы шырқаған «Ақжайық әсем әнімсің» атты сазды әуендер көрермен көңілінен орын тауып жатты.

Байқау нәтижесі бойынша жерлес сазгердің «Келді көктем» әнімен көрермен көзайымына айналған ақжайықтық Алтынбек Базаров бірінші орын алып, Мұратбек Жұмашев пен жымпитылық Асылай Абуғалиева екінші орын иегерлері атанды. Индерлік Айданақ Сағындық үшінші орын алса, байқаудың арнайы жүлдесі Мирас Мэлсұлының қанжығасында кетті.

– Байқау өз деңгейінде өте тамаша өтті деп айта аламыз. Алайда жерлес сазгер ағамыздың туындыларын әлі де кеңінен насихаттап, байқау үміткерлерінің санын арттыру қажет. Тағы бір айтатыны ағамыздың елуден астам туындылары бола тұра, бүгінгі байқау конкурсанттары тек елге танымал әндерді шырқады. Келесі сайыстарда қандай да бір себептермен жарыққа шықпай қалған туындыларды тыңдарманға тарту етсе, құба-құп болар еді, — деді Жаңылсын Мақсотқызы.

Айта кету керек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаңылсын Хасанова,  халықаралық ән байқауларының лауреаты Асланбек Қуаналиев және жергілікті әуесқой композитор Рахым Жанаисов сынды өнер майталмандары байқауға қазылық етті.

Танымал сазгерге арналған шараның екінші бөлімі байқауға қатысушылардың гала концертімен жалғасын тапты. Гала концертке аудан әкімінің орынбасары Тілек Габдушев қатысып, шараның өз деңгейінде өтуіне үлес қосқан жандарға алғысын білдірді. «Ақжайық өңірі тума таланттар мен дарынды жандарға кенде емес. Солардың біреуі, әрі бірегейі мемлекетімізге танымал сазгер – Сейітқали Қайырғалиев. Композитор ағамыздың атына арналған бірінші байқау аудан орталығында өткен болса, екіншісі өзі туған топырақта өтіп жатыр. Сазгердің ізбасарлары осындай шараларға қатысып қана қоймай, өнерге көрсетілген құрметті көзімен көріп, өздері де биікке ұмтылып өсуі керек. Мұндай шаралар бақилық болған қайраткерлерімізді дәріптеуге ғана емес, өскелең ұрпақ санасының жаңғыруы үшін өте қажет. Біз өз тарапымыздан ұлы тұлғаларымызды ұлықтауға бағытталған осындай байқаулардың өміршең болуы үшін бар үлесімізді қосамыз. Сейтқали Қайырғалиевтің есімін жаңғыртып, өнерін әлі күнге насихаттап жүрген  жары Бикамал апамызға рахмет.  Ағамыздың атына берілген келесі байқауда да осы құраммен бас қосуды нәсіп етсін», — деді. Тілек Александрұлы аудан халқы атынан Бикамал Сыдыққызына камзол мен ақ жаулық тарту етті.

Әсем әуен қалықтаған ән кешін Жаңылсын Хасанова мен Асыланбек Қуаналиев «Екі жұлдыз» әнімен қорытындылады.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суреттерді түсірген автор