1.11.2019, 11:01
Қараулар: 100
Елдің жайын арқау еткен жүздесу

Елдің жайын арқау еткен жүздесу

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов игі дәстүр бойынша еңбек ардагерлерімен жүздесті. Шараға аудандық және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, еңбек ардагерлері, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

–Ауданымызда ардагерлер ұйымының белсенділігі жоғары. Олар ақылшы, кеңесші ретінде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Мысалы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыруда үлкендеріміздің үлесі зор. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаевтың 120 жылдығын, аудан күнін, басқа да маңызды шараларды ұйымдастыруда қалыс қалмай, бел ортасында жүрді. Баршаңызға алғысымыз шексіз. Жуырда Теректі ауданында өткен «Батаменен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауында тайпақтық қазыналы қарт Сейілхан Зейнетов жеңімпаз атанып, мерейімізді үстеді. Жеңісті күндеріміз жалғаса берсін. Келер жылы ғасырлық мерейтойы аталып өтетін Жұбан Молдағалиевке арналған шараларда, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлау жұмыстарын сіздермен бірге еңсеретінімізге сенімдімін,-деді аудан әкімі Қ.Ш. Айтмұхамбетов.

Ол сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда атқарылған жұмыстар легін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған тапсырмалар, халықпен ашық диалог құру жөніндегі шараларды атады. Масылдық пен мұқтаждық, жұмыссыздық, әлеуметтік желідегі алауыздық, дін хақындағы мәселелер туралы ой-пікірімен бөлісіп, осыны тиімді шешуде ауылдағы ақсақалдардың аталы сөзі, бағыт-бағдары ауадай қажет екенін айтты.

Алғабастық 89 жастағы қария Сағынгерей Құбашев бүгінде жұмыссыздық мәселесінің әлі де орын алатындығын, дейтұрғанмен көп жастардың еңбекке құлықсыз екенін айтты. Ауылдық жерлерде шөп бағасының қымбат екенін, ет бағасының тұрақсыздығын жеткізді. Есенсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мерует Қауымбаева ауылдағы игі жақсылықтар туралы баяндады. Ауылдық амбулаторияның күрделі жөндеуден өткеніне ауылдастарының дән риза екенін, алайда, амбулаторияға жалпы тәжірибе дәрігері керек екенін де тілге тиек етті. Есенсайда ұялы байланыстың нашарлығын, жоғары жылдамдық интернет орнату туралы ұсынысын ортаға салды..

Тайпақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Садыров ауылдық ауруханадағы кадр тапшылығын мектептерде мұғалім керектігін сөз етті. Чапаевтық Қанатқали Жасмамбетов «Мұнай базасы» мен Чапаев аралығындағы жолдың нашарлығын көп жылдардан бері мәселе етіп көтеріп келе жатқанын айтты. Жолдың сапасыздығынан күніне 3 рет қатынайтын маршруттан басқа көліктің келуі қиын: Оралға жүретін такси, басқа да жолаушылар көліктері жолдың нашарлығын сылтауратып, келмейтінін ашына жеткізді.

Құрайлысайлық еңбек ардагері Наурызғали Әбілхайыров Азанбай-Тайпақ су арнасын көп күттірмей, суландыру керегін айтса, ақжолдық Темірхан Исаев Жайық өзенінің деңгейі түсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Басқа да қариялар бала тәрбиесі, мектеп мұғалімдерінің киім үлгісіне назар аудару керегін сөз етті.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ