7.11.2019, 11:03
Қараулар: 25
Аға басылым Ақжайықта

Аға басылым Ақжайықта

Жүз жылдық межесіне жақындаған республикалық басылым – «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясының өкілдері киелі өлке – Ақжайыққа өткен аптада бас тіреді. Батыс Қазақстан облысындағы атаулы күндері аясында олар алдымен облыс басшылығымен жүздесіп, соңынан Қазталов, Бөкейордаларында сапарлатып, ауданымыздағы оқырмандармен сұхбаттасты. Делегация құрамында «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп, газеттің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын, жерлесіміз Егеменнің облысымыздағы меншікті тілшісі Қазбек Қабжан, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитұлы, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әли Бердешев  бар.

Ел тынысынан күнделікті ақпар беріп, қазақ тарихымен бірге жасаған бас басылымның шежіресінен сөз тарқатар болсақ, алғаш рет өз оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынбор қаласынан бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды алаштың біртуар азаматтары қызмет етіп, басылымды дамыту, беделін арттыруда елеулі үлес қосты.

Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Газеттің бүгінгі тиражы 206 мың дана.

Аудан орталығы Чапаевта делегация өкілдері барша ақжайықтықтар тағзым етер Жұбан ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ақиық ақынның алып ескерткішінің басында Қазақстан Ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев ашып жүргізген еске алу шарасында жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, Тілес Жазықбай өздерінің даңқты жерлесіне арнаған туындыларын оқыса, Жұбанның жыр шумақтарын төгілткен балғын оқушылар көпшілікті тамсандырды.

Осыдан соң аға басылымның өкілдері аудандық кітапхананың мәжіліс залында өздерін тағатсыздана күткен оқырмандармен жүздесті. Аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Габдушев мерейлі кездесуді ашып, ауданымыздың рухани тынысы, аудан мен бас басылымның арасында ақпараттық байланыстың жыл санап тереңдеп келе жатқандығы жайында айта келіп, келесі жылға ақжайықтық оқырманның «Egemen Qazaqstan» газетінің 1000-ға тарта данасына жазылғанын, бұл облыс бойынша жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін жеткізді. Расында да, аудан жұртшылығының бас басылымға деген ықыласы ерекше. Ақжайықтық абыз ақсақалдар 2007 және 2017 жылдары еліміздің Елордасына сапарында арнайы газет редакциясына барып, ел аманатын арқалап, шығармашылық ұжыммен жүздескен болатын. Осы кездесулерде өңірімізден барған аға ұрпақ өкілдері елдің жай-күйі жөнінде өрісті де өнегелі ойларын ортаға салған болатын. «Газеттің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Жайық өңіріне келген сапарын сол кездегі редактор Сауытбек Әбдірахмановтың Жұбан елінен бастауын ақын туған топыраққа деген ыстық ықыласы мен құрметі деп білеміз», — деді Т.Габдушев.

Өзінің кіріспе сөзінен кейін ол кезекті Ғ.Мүсірепке берді. Танымал журналист «Газеттің мерейтойы белесіндегі шаралардың ішінде тұрақты оқырмандармен жадыра жүз, жарқын қабақ кездесулердің жөні бөлек», — деп бастады өз сөзін. Ол «Егеменнің» қашан да  елдің сөзін, елдіктің жайын айтып келе жатқанын, алыпқашпа сөзден аулақ тұратынын, жақсылықты паш етуге, соны халыққа жеткізуге құмар екендігі жөнінде ой тарқатты. Жалпы Батыс Қазақстан облысы жан басына шаққанда бас басылымға ең көп жазылатын өңір. Халық жұбанса, қуанып, жыласа, жасаураған «Егеменнің» тарихында облысымыздың 4 тумасы редактор болып, басқарыпты. Олардың екеуі – Ақжайық ауданынан. Бірі – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналист Молдағали Жолдыбаев. 1924 жылдың сәуір айынан осы жылдың желтоқсанына дейін басқарған. Бүгінгі Әль-Фарби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің ашылуында атақты жерлесіміздің еңбегі зор. Алашорданың идеясын, қазақтың тәуелсіздігін жақтағаны үшін «Алашорданың контрреволюциялық оқулықтары мен әдебиеттерін пайдаланды» деген айыппен ату жазасына кесілген.

Екінші редактор биыл 120 жылдығы атап өтілген Ораз Жанұзақұлы Исаев. Ол газетте 1926 жылдың сәуірінен осы жылдың тамызының 30-на дейін редакторлық қызметте болыпты.

Осындай дарынды тұлғалар дүниеге келген қасиетті мекенде игі жақсы ағалардың жолын жалғастырар таланттар көбейе берсін, Жұбанның 100 жылдық тойында кездесейік деген тілек білдірген Ғ.Мүсіреп кезекті оқырмандардың өздеріне берді.

Еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев «Егеменнің» ел үшін маңызы зор, оқырмандардың сеніміне ие басылым екендігі жөнінде ой сабақтай келіп, «Зерде», «Әдебиет», «Руханият» тақырыбындағы тұрақты беттерінің жастарға берері мол екендігін айтты. Сонымен қатар ол ен байлық – Жайықтың экологиялық ахуалын, оның жыл санап емес, күн санап кеуіп бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Қазір мұнай-газымен әлемге танылған Отанымыздың Кеңес дәуірінде бағасы алтынмен тең келетін қызыл балықтың да жойылып бара жатқандығына алаңдаулы екенін жасырмады. Бекіре тұқымдастардың уылдырық шашатын ареалы Жайық өзенінің Ақжайық ауданындағы сағасы. Бірақ қара уылдырықты кәсіп еткендердің кесірінен олар Атыраудың тұсынан аса алмайды. Ащы шындық осы: Ақжайық десе, көзге елестейтін қызыл балық құрып барады, — деді ол. Д.Жақсыбаев осы мәселелер турасында жазған хатын Ғ.Мүсірепке тапсырды.

Желтоқсанның жебесі атанған Жұбан ақынның алдағы 100 жылдығына арналған шаралар республика көлемінде ұйымдастырылса деген көпшіліктің тілегін  жеткізген С.Бисенғалиев «Егеменге» арнаған жырын оқыды. Кездесуде сөз алған Ү.Елеубайқызы да 100 жылдық мерейтой қарсаңында Жұбан ақынға «Халық қаһарманы» атағын беру және оның іздері сайраған Алматы қаласында ескерткіштің орнатылуы жайында тілек білдірді. Кездесуде жаңартылған оқыту жүйесі туралы ұстаз Алдаберген Сәрсеков, спортшылардың еңбегін үлгі ететін мақалаларды жариялау жөнінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермуханов, жас журналистерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қамтылған мамандықтар қатарына енгізу жайында осы жолдардың авторы сөз сөйледі.

Әлеуметтің осындай салмақты тілектеріне, жүрекжарды құттықтауларына ризашылық сезімін білдіре отырып, Ғ.Іскендерұлы оқырмандардың сауалдарына жауап берді. Жайықтың тағдырына, ірі тұлғаларымыздың ұлықталуына қатысты ой-пікірін ортаға салып, жуық арада газет бетіне Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы көлемді материалдардың жарық көретінін айтты. Ел тілегін ескеріп, орынды ұсыныстарыңызды назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, — деді ол.

Мәнді де, мазмұнды кездесудің ақжайықтық оқырманның есінде сақталары анық.

Әлия ШАРАПИЕВА

«Жайық таңы»

Суреттерді түсірген Нұрәлі ӘЛІМ