7.11.2019, 11:17
Қараулар: 30
Батыр есімін иеленді

Батыр есімін иеленді

Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте «Жауынгерлік Ерлігі үшін» медалінің иегері, ауған соғысында қаза тапқан жерлесіміз Нығметолла Тілеулин атындағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының ашылуына орай мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Габдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажығалиев және облыстық «Жас сарбаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шафхат Жумалиев қатысты.

Алдымен болашақ жауынгерлер өз гимндерін орындап, «Жас сарбаз» мүшелігіне өткендер салтанатты түрде ант қабылдады. Ашылу шарасында сөз алған аудан әкімінің орынбасары болашақ сарбаздарды мерекелерімен құттықтап, антқа адал болуларын тіледі. «Ел тәуелсіздігі бекем болуы үшін, оның шекарасын сыртқы жаудан қорғайтын сарбаздары да болуы керек. Сіздер «Жас сарбаз» қатарына өтіп қана қоймай, болашақ жауынгер ретінде өз қатарластарыңыздың алды болуға тиіссіздер. Мектепте де, үйде де іс-әрекеттеріңмен айналаңыздағы достарыңа үлгі болып жүріңіздер. Жастар бойындағы Отанға деген махаббатты нығайту мақсатында түрлі шаралар жүзеге асып келеді. Аталмыш сыныптың жабдықталуына  бюджеттен қомақты қаражат бөлінді, алдағы уақытта болашақ әскерилерге дәріс беретін ұстаздарға да арнайы киім тіккізу жоспарымызда бар», — деді Тілекқабыл Александрұлы. Өз сөзінде Шафхат Қанатұлы да облыс бойынша он бес «Жас сарбаз» сыныбы ашылуы керек болса, бүгінгі ашылған сыныптың осылардың қатарындағы жетіншісі екенін айтты. Ақжайық ауданы әскери-патриоттық тәрбие беруде алдыңғы қатардағы аудандардың ішінде.

Салтанатты шарадан соң жаңа сыныптың лентасы қиылып, келген қонақтар оқушыларға ақжарма тілектерін жолдады. Айта кету керек, сыныптың іші сапқа тұрар болашақ жауынгерді қалыптастыру үшін керекті жабдықтың бәрімен қамтылған. Ақпараттық тақташалардан бастап, су жаңа АК-74 автоматының макетіне дейін осы жерден табылады. Тіпті оқушыларды мергендікке баулитын пневматикалық винтовка да жаңадан алыныпты. Елбасы тапсырмасына орай өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу мақсатында мұндай бастамалардың оқушыларға берері мол.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ