7.11.2019, 11:34
Қараулар: 76
«Мұнай базасының» мұңына айналған қара жол

«Мұнай базасының» мұңына айналған қара жол

Еліміздің тәуелсіздігі нығайған сайын экономикамыз жақсарып келеді. Бұл даму үдерісі үлкен қалалармен қатар аудан орталықтарында, ауылдық округтерде айқын сезілуде. Дейтұрғанмен, кейбір кішігірім ауылдар мен аудан аумағында шоғырланған шағын елдімекендерде күрмеуі шешілмей отырған мәселе жоқ емес. Таза ауыз су, көгілдір отын, жол мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Жақсы жағдай–жанның рахаты емес пе? Инфрақұрылымның игілігін көргісі келетін тұрғындар осы жайлар жиі мазалайтынын түрлі жиындарда сан қайтара айтып жүр. Мысалы, Чапаев маңындағы осы округке қарасты «Мұнай базасы» тұрғындарының «бас аурулары» осыған саяды.

Осы шағын ауданның тұрғыны, еңбек ардагері «Мұнай базасының» «әкімі» атанып кеткен Қанатқали Жасмамбетов әр жиналыс сайын Чапаевпен екі ортадағы жолдың нашарлығын айтып-ақ келеді. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды», демекші, қартайса да қарашаның мұңын айтудан қайтпаған ақсақал ауылдастарының аманатын арқалап жүр. Ол жуырда аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың еңбек ардагерлерімен кездесуінде де тағы да осы жөнінде айтты.

–Чапаев пен ауылымыздың арасын жалғап жатқан жолдың жағдайы сын көтермейді. Яғни, айқыш-ұйқыш грейдермен көліктер жүре алмайды. Көліктер көбіне оның жанындағы қара жолмен жүреді. Өз ауылымыздың көліктерінен басқа бұл жермен ешкім жүргісі келмейді. Аудан орталығымен күніне бірнеше мәрте қатынайтын автобусымыз бар, мектеп оқушыларына арнайы тасымал ұйымдастырылған. Бірақ, маршрутқа үлгермеген күндері немесе сенбі-жексенбіде Чапаевқа, Орал қаласына жолға шығып жатамыз. Сондайда шақыртқан не бір такси, не бір «Газель» автокөліктердің біздің Мұнай базасына келгісі жоқ. Жолдың нашарлығын сылтауратып, қымбат баға сұрайды. Осы мәселе шешілуі үшін арадағы жолды жылына кем дегенде екі рет тегістеп тұру керек. Бұл шаруа көптен бері жасалмады,-деп еді сол кезде Қ.Жасмамбетов.

Қарияның үніне құлақ түріп, осы мәселе төңірегінде тиісті мекеме-бөлімдерге сауал жолдадық. Алдымен Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденовпен тілдестік. Оның айтуынша, «Мұнай базасында» 24 үй бар. Осы тұрғынжайларда 72 тұрғын тұрады. 32 оқушы аудан орталығындағы білім ошақтарында оқиды. Олар үшін арнайы тасымал ұйымдастырылған. 9 орындық «Уаз» автокөлігі күніне бірнеше рет оқушыларды мектептеріне жеткізіп, сабақ уақыты аяқталған соң қайта апарып тастайды. Қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелерге қатысатын ұл-қыздар да сабақ уақытына сай жеткізіледі.

Оған қоса «Жалел» жеке кәсіпкерлігі ұйымдастырып отырған «Паз» автобусы күніне 8 рет «Мұнай базасы»–Чапаев–Жайық» бағытында қатынайды. Бұл да осы ауылдағы тұрғындар үшін үлкен қолдау.

–«Мұнай базасындағы» жол мәселесін өте жақсы білеміз. Жолды тегістеу, жөндеуден өткізу аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жұмысы екеніне қарамастан, біз жыл сайын тегістеуге қолғабыс етіп жүрдік. Биыл қаржының тапшылығынан іске кірісе алмай отырмыз. Мұнда әзірге 5 жеңіл, 1 жүк көлігі бар. Оқушылардың тасымал көлігі мен маршрут үшін қыста жолды қардан тазалаймыз. Басқа мезгілде де жолды тегістеп амалдамасақ, күрделі жөндеуден өткізу әзір жоспарда жоқ,-деді Нұртаза Нұрхатұлы.

Округ әкімінің сөзіне байқағанымыздай, жолға күрделі жөндеу жүргізудің ауылы алыс секілді. Дейтұрғанмен, екі ортада көлік қатынасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін де жасау кезек күттірмейтін іс. Қалай дегенмен, ол жақта да өзіміз секілді тұрғындардың барын, кез келген уақытта жедел жәрдемді қажет ететін сәбилер мен жас үлкендердің барын естен шығармаған абзал ғой.

Екі аралықтағы жолды тегістеуде мүдделі мекемелердің меселі қайтқан. Өйткені, асфальт әр жерден бір ойылып, шұрық-тесік болғанымен астында қатқыл плиталар жатыр екен.

–Асфальт астындағы қатқыл плиталар жолды тегістеп, қыруға мүмкіндік бермей отыр. Оған автогрейдердің әлі жетпейді. Күрегі майысып, бірнеше рет жөндеуге де бердік. Биыл жазда құрғақшылық болды. Ондай кезде грейдер тіптен қатқылданып кетеді. Ерте көктемде бұл жолды тегістедік. Мүмкін бұл жұмысымызды тұрғындар аңғармаған шығар. Осы айда жаңбыр жауып, асфалть жіпсіп тұрғанда, жолды тегістетіп алғымыз келіп отыр,-дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин.

Оның айтуынша, «Мұнай базасы» мен Чапаевтың арасы 2 шақырым 700 метр. Кірмежол есебіне жататын грейдерді түгелдей тегістеп шығу оңай шаруа емес. Дейтұрғанмен, халықтың үніне құлақ аспай, қарап отырмақ емес. Жұмыс жасалып жатыр, әрине. Мысалы, биыл Чапаевтың 1,6 шақырым кіреберіс жолы күрделі жөндеуден өтті. Жайық ауылына заманауи аялдама орнатылуда. Сонымен қатар бүгінде Қазақстан, Меңдәлиев көшелеріндегі жолдың 1,6 шақырымы, Достық, Тәуелсіздік, Шурихин көшелеріндегі жолдың 1,8 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыстың басым бөлігі аяқтала келді. Басты көшелерді жалғайтын жол көлік иелері үшін тиімді болмақ.

Оған қоса алдағы уақытта Алғабас, Жаңабұлақ, Ілбішін, Жайық ауылдарының кіреберіс жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Мұндай бақыт уақыты келгенде «Мұнай базасындағыларға» да бұйырады деген ойдамыз.

Кейбір елдімекендерге ауыз су жетпей жатқан кезде, жолды «жыр қылып» отырғанымыз орынсыз көрінуі мүмкін, алайда жол азабын тартқан адам білер. Қанатқали қарияның таксилерге де қыжылының бары тегін емес. Кейде такси жүргізушілері де жолдың алыстығын, нашарлығын алға тартып, шақырған жерге келмей қалып жатады. Көбіне, Чапаев маңындағы «Мұнай базасы» мен Жайық ауылындағы жолаушыларды тасудан үзілді-кесілді бас тартады. Көктем-күз уақытында батпақта батып, шоқалақ жолда бұзылып жатқандары қаншама? Қосалқы бөлшектердің бағасы да аспандап тұр. Сосын таксишілер тасымал бағасын қымбаттатпай, қайтсін?

Мысалы, аудан орталығының ішінде такси бағасы 300 теңге. Орал-Атырау тас жолына жетіп қалуыңыз үшін 400 теңге қажет болады. Ал түнге қалсаңыз, ауыл ішіне 500, жол бойындағы аялдамаларға 600-700 теңге төлейсіз. Бұған 200 теңгеге жүретін «Арзан такси» деген атпен танылған көлік иелерін қосыңыз. Бағытыңыз «Мұнай базасы» болса, кісі басына 500 теңге, Жайық ауылына жол тартсаңыз 200 теңге. Орал қаласына таксилер 1000 теңге, «Газель» автокөліктері 700 теңге алады. Баға тұрақтылығын білмек болып, Ақжайық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына бас сұқтық.

–Кез келген таксиді тоқтатып, тексеру біздің мекеменің құзіретінде емес. Бағаның тұрақтылығын бақылау да солай. Тек тұрғындар тарапынан белгілі бір тұлғаға қатысты арыз-шағым түскенде ғана, тексеріс жүргізуге толық құқығымыз бар. Кейде жоспарға сай құзырлы органдармен бірлесіп, бақылау ұйымдастырамыз,-дейді аталмыш басқарманың салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Қайрат Қапан.

Оның айтуынша, ауданымыз бойынша тасымал қызметімен 84 жеке кәсіпкер айналысады. Соның ішінде 46 жеке кәсікерлік аудан орталығына тиесілі. Оның 38-і жеңіл көлік таксилері, 8-і «Газель» жолаушылар көлігі. Тасымал қызметін патенттеген олар ай сайын немесе 3, 6 ай сайын табыс салығын төлейді. Тоқсан сайын жаққан жанармайына байланысты экологиялық есеп, жартыжылдық есеп өткізіп отырады.

Бір байқағанымыз, ауданымызда тасымал қызметінің бағасын бақылайтын бір де бір мекеме жоқ болып шықты. Сонда әркім ойына келген бағаны қояды деген сөз. Шағын кәсіп пен орта бизнестің жолына кесе-көлденең тұрғысы келмейтін құзырлы мекемелер тапсырма солай екен деп, халық сенімінен айырылып қалмаса игі. Бейнетпен жеткен зейнетақысын тірлігіне жеткізе алмай жүрген «Мұнай базасы» қарияларының жанайқайы да осы болса керек. Тасымал бағасының тұрақтылығы үшін тақтайдай тегіс жол керек екенін айтып жату артық шығар. Бір мәселеден бір мәселе туындай бермесін десек, тұрғындардың сұранысын қанағаттандырғаннан артық қандай шешім бар?

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суретті түсірген Абзал ЕСІРКЕПОВ. 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар