7.11.2019, 11:40
Қараулар: 39
Сезім болып төгілген жібек жыр кеші

Сезім болып төгілген жібек жыр кеші

Өткен аптада аудандық мәдени-демалыс орталығында Қазақстанның халық жазушысы, «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, алашқа танымал ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай «Өлең, мен сені аялап өтем» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті. Шара басталмас бұрын жиналған көрермен мәдениет үйінің фойесіндегі ару ақынның шығармашылық жолынан сыр шертетін кітаптарының көрмесін тамашалады.

Өміршең, әрі өр өлеңдерімен қазақ поэзиясының жарық жұлдызына айналған дарынды тұлғаның кешін Қазақстан Республикасының ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев ашты. Ақиық ақынның өмір жолы мен өткір өлеңдері жайында біраз ой қозғап, қыз Махамбет атанған ірі тұлға Атырау өңірінің тумасы ретінде танылғанымен, кіндік қаны тамған жер батыстың Нарын құмы екендігі туралы дерек барын айтты. Алаштың аялы ақынына айналып үлгерген Фаризаның қазақтың қасиетті топырағының қай жерінде дүниеге келгені туралы талас туғызу үшін емес, тек ақын өмірін зерттеймін деуші өскелең ұрпаққа жол сілтеу бағытында айтылған бұл деректің құны зор. Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай да ақынның өлеңдері жайлы ой қозғаса, ақын Мәлік Берді Әлі жырларын жаттап өскен ізбасары ретінде Фаризаның «Сауал» өлеңін тыңдарманға жолдады.

Аудан көркемөнерпаздары дайындаған сазды кеш дәстүрлі әнші Данияр Елеуовтың орындауындағы М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Ә.Тіналиевтың «Фаризаға» әнімен басталды. Ақындық ана сүтімен дарыған дарынды жанның қайталанбас туындыларын аудандық Абай атындағы мектеп-гимназияның көркемсөз шеберлері нақышына келтіре оқыды. Сейілхан Ибраимов оқыған «Қазақтың батырлары» да көрермен көңілінен шықты. Әдемі ырғақпен оқылып, бейне роликпен әрленген өлең ерекше әсерге бөледі. Ақын өнерін заманауи нақышта ұсына білген өнерпаздардың шығармашылық талабына тамсанбасқа болмайды. Сонымен қатар сахнадан «Неге, осы мен елпілдеп қуанбаймын?», «Дүние бос қалды ғой сен кеткелі», «Жанымда жүрші» сынды өлеңдері оқылып, ақынның сөзіне жазылған Т.Досымовтың «Қыз махаббаты» әнін А.Бақтығалиев орындап, көрерменді бір серпілтіп алды.

Мәдениет саласы мамандарының ұйымдастырған әдеби-сазды кеші керемет көңіл-күймен басталып, әдемі нотада аяқталды. Өкініштісі, көрермен аз болды. Жәңіл әзіл мен әнге аншлаг болып жиналатын көрерменді біртуар тұлғаның кешінен  көре алмай, мемлекетіміз түгіл әлем поэзиясында айтарлықтай орны бар ақынның аруағы алдында аудан жұртшылығы үшін қысылып қайттық. Ұлы ақынды ұлықтағанымыздай, ірі ақындарды да ұмытпағанымыз абзал болар еді.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ