14.11.2019, 16:51
Қараулар: 180
Аудан әкімінен сыйлық

Аудан әкімінен сыйлық

Ауданда велосипед үйірмесінің ашылғанына 3 жыл. Айта кету керек, мұндай үйірме облыс бойыншатек Орал қаласы мен Ақжайық ауданында ғана қызмет етеді. Осы уақыт ішінде балғын велошабандоздардың қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Бұған, әрине, облыстық спорт басқармасы, аудан басшылығының тікелей қолдауы арқау болды. Сөзіміздің дәлелі – бүгін аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов велоүйірмеге әрқайсысы 400 мың теңге тұратын 2 велосипед тарту етті.
Бұл велосипедтер тас жол, таудағы жарыстарға арналған. Салмағы небары 6,5 келі болғанымен, сағатына 60 шақырымға дейін жылдамдықпен жүйткиді. Қаңқасы толығымен жартылай аллюминий, жартылай карбоннан жасалған. Карбон материалының ерекшелігі – желге қарамастан, спортшыға жылдамдықты арттыруға мүмкіндік береді.

Былтыр Атырау қаласында әлем чемпионы Александр Винокуровтың қатысуымен өткен марафонға ауданымыздың жас шабандоздары да қатысып, әйгілі спортшымен жүздескен болатын. Балалардың спортқа, соның ішінде велоспортқа деген ықыласына сүйсінген А.Винокуров осымен екінші жыл қатарынан арнайы қордан қаражат бөлінуіне ықпал етіп, үйірмеге спорттық киім, аяқ киімдермен қолдау көрсетіп отыр. «Мұндай көмекті атақты велосипедші облыста тек біздің ауданға ғана ұсынып отыр», — дейді осы марафонға қатысуға ұйытқы болған үйірме жетекшісі Аслан Нұрымов.
Аудан басшысы жарқын жүздесуде балалардың жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, табыс тіледі. Ол тек спорт қана емес, барлық салада да негізгі білім мен машықтарды жас кезде игеріп алу керектігін, уақытты босқа өткізбей, келешек өмірге қазірден дағдылану қажеттігін атап өтті.

Әлия ШАРАПИЕВА
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН