14.11.2019, 16:58
Қараулар: 220
 «Бақытты отбасымен» баспана

 «Бақытты отбасымен» баспана

2019 жылдың шілдесінен бастап аталған санаттағы азаматтар үшін жылдық 2%-бен ипотекалық несиелендірудің «Бақытты отбасы» жеңілдетілген бағдарламасы іске қосылды. Бұл мемлекет тарапынан қарастырылған аз қамтамылған көп балалы отбасыларға теңдессіз қолдаудың түрі. Бастапқы жарна – әкімдіктерден тұрғын үй сертификаттарын пайдалану мүмкіндігімен 10% басталады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және табысы төмен, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға несие беруге арналған.

Апта сәрсенбісінде  аталмыш бағдарламаның шарттарын түсіндіру бойынша ауқымды жиын өтті. Оған жергілікті әкімдік өкілдері және Тұрғын үй құрылыс жинақбанкі кеңесшілері, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары санатындағы алпысқа жуық ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуде «Бақытты отбасы» бағдарламасының шартымен қатысушыларды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Батыс Қазақстан облыстық филиалының кеңесшісі Гүлдана Айсекенова таныстырды. Оның айтуынша, осы санатқа жататын тұрғындар тұрғылықты жері бойынша әкімдікте баспана кезегінде тұруы қажет. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын басты талаптардың бірі – олардың 5 жыл көлемінде иелігінде тұрғын үйдің болмауы және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салымдарының болуы. «Егер сіз бұл банктің салымшысы болмасаңыз, бағдарламаға құжат тапсырар сәтте аталған банктен жеке шот ашуыңызға болады» — деді ол. Тұрғын үйді бағдарламаға қатысушы өзі таңдай алады. Олар жаңа салынған үйдегі пәтерді де, қайталама нарықтағы баспананы да, тіпті жеке тұрғын үйді де сатып алуға құқығы бар.

Г.Айсекенова пәтерді облыстың кез келген аумағынан таңдауға болатынын айтып, салымшылардың несиені төлеу мүмкіндіктері тексерілетінін де ескертті. Үміткердің отбасының табысы жан басына шаққанда 42 мың 500 теңгеден аспауы қажет, егер өтініш білдірушінің отбасылық табысы бұл сомадан артып кетсе, ол бағдарламаға қатыса алады. Төлем қабілеті жоқ отбасылардың да баспаналы болуы үшін толық жағдай қарастырылған, тек оларға табысы бар екі адам кепіл болуы керек .

Қатысушылар бағдарлама шарты бойынша қойылған сұрақтарына толыққанды жауап берілді. Кездесуде болған тұрғындардың арасынан тұрғын үй кезегінде тұрған 20 адам «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысуға ниет білдіріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашты. Атап кету керек, аталмыш бағдарламаға қатысқан ауданымыздың 2 отбасы облыс орталығынан баспанаға ие болған.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ