14.11.2019, 17:06
Қараулар: 221
Шаршы тақтананың шеберін еске алды

Шаршы тақтананың шеберін еске алды

Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің арасында Аманжол Таспаевты еске алуға арналған шахмат ойынынан облыстық ашық турнир өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа облыс орталығнан, аудандардан 8 команда қатысты. Шарада аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің әдіскері Тұрарбек Қиясов, агротехколледжбен тығыз қарым-қатынастағы мекемелер өкілдері, Аманжол Темірғалиұлының бауырлары Амангелді, Иманғали Таспаевтар болды.

–Марқұм ағамыздың білім саласындағы ұшан-теңіз еңбегі баршамызға зор өнеге. Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде аянып қалмаған аяулы жанның есімі жадымызда мәңгі сақталды. Шахматтан талай жерде олжа салған ағамыздың шарты тақтада мерейі үстем болды. Бүгінге еске алуға арналған ашық турнир оның есімін тағы бір жаңғыртпақ,-деді Т.Ғабдушев.

Осында Тұрарбек Қиясов, колледж директорының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Айдар Қолатов сөз сөйлеп, еске алу шарасының мән-маңызына тоқталып, командаларға сәттілік тіледі.

Таспаев Аманжол Темірғалиұлы 1962 жылы ауданымызға қарасты Мойылды ауылында өмірге келген. 1972 жылы Горячкин негізгі мектебін бітірген соң №83 ауыл шаруашылық техникалық училищесіне (қазіргі Агротехколледж) оқуға түсіп, 1980 жылы үздік аяқтап шықты. 1980-1982 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келген соң өзі оқыған білім ордасына жұмысқа тұрды. Кейін ол Петропавл индустриялды–педагогикалық  техникумында өндірістік оқыту шебері мамандығы бойынша оқуын жалғастырды.

Саналы ғұмырын бір ғана ұжымға, бір мамандыққа арнаған ол қызметтегі талай сатылардан өтті. Алғашында өндіріс-оқыту шебері, кейін аға шебер қызметін атқарды. Ол еңбектің озық әдістері мен тәсілдерін іздестіру және ұйымдастыру формаларын қалыптастыру бағытында көп жұмыстанды. Шахмат ойынында аудандық, облыстық жарыстарда жеткен жетістіктері баршылық.

1983 жылы жұбайы Бағиламен шаңырақ көтеріп, өмірдің ыстық-суығын қатар көрді. Екеуінен бес ұл-қыз өрбіп, өмірде өз орындарын тапты. Отбасында ардақты әке, адал жар, ұжымға сыйлы бола білген ол 2012 жылы ауыр науқастан дүниеден озды. Еңбегімен еленіп, ортаға сыйлы бола білген А. Таспаев  жұртының жадында мәңгі сақталды.

Жер-жерден келген командалар шаршы тақтада ой жарыстырып, ойын көрігін қыздырды. Сайыс қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан индустриалды коллдежінің ойыншысы Бақытжан Төлегенова «Ең үздік ойыншы» аталымына, Ақжайық аграрлық-техникалық коледжінің өндірістік оқыту шебері Айбатыр Жұмағалиев «Ең тәжірибелі ойыншы» аталымына, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ойыншысы Бақтияр Мусин «Ең жас ойыншы» аталымына ие болды. Жалпыкомандалық есепте Сырым колледжі І орын, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі ІІ орын, Жоғары аграрлық колледжі мен Жаңақала колледжі ІІІ орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен, кубоктармен қошеметтелді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген Қайрат ЖАМАҚОВ