14.11.2019, 17:22
Қараулар: 219
Ер рухына арналған ерлік сабағы

Ер рухына арналған ерлік сабағы

Чапаевтағы М.Әуезов атындағы орта мектебінің «Жас сарбаз» сыныбында Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолына арналған ерлік сабағы өтті. Ашық сабаққа ауған соғысының ардагері Станислав Ложкин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Дархан Қалимеденов және «Ақжайық тәуекелді сарбаздары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Абдолов қатысты. Келген қонақтар болашақ ел қорғандарына ағалық ақыл-кеңестерін айтып, оқуда үздік болуларын тіледі.

Ерлік сабағы Нығметолла Тілеулин атындағы «Жас сарбаз» сыныбы оқушылырының саптық дайындығымен басталды. Содан кейін болашақ жауынгерлер робототехниканы заманауи әскери тактикаларда қолдануға болатынын іспен дәлелдеді. Инженерлік-саперлік әскери бөлімдер жау кедергілері мен миналанған аймақтарда арнайы бағдарламамен қозғалатын машиналарды қолдану арқылы адам шығынын болдырмайтынын үстел үстінде роботтарды пайдалану арқылы көрсетті. Бұл әзірше балалық қиял мен әскери ойын секілді көрінгенмен, болашақта үлкен идеялар осындай өнертапқыштардан шығатыны рас. Сабақтың келесі боліміндегі АК-74М автоматының макетін бұзып-жинауда да жас өрендер мүдірмеді. Әсіресе қыз балалардың нәзік саусақтарымен көк темірді еркін игергеніне қарап, таңданбасқа болмайды. Одан әрі балғын сарбаздар пневматикалық винтовкадан нысанаға оқ атып, қабілеттерін сынады. Батыр есімін иеленген сынып бұл сында да мүдірмеді.

Ашық сабақтың теориялық бөлімінде ұстаздар Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолын, ерлікке толы қызметі туралы баяндап оқушыларға үлгі етті. Оқушылар да сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті. Сабақ соңында болашақ жауынгерлер қонақтармен естелік суретке түсіп, ер рухына тағзым етіп, ерекше мақтаныш сезіммен тарқасты.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

Суреттерті түсірген автор