14.11.2019, 17:25
Қараулар: 225
Құнына құрық салдырмаған нан

Құнына құрық салдырмаған нан

Балалық шақтан естелік қой. Атамның қарындасы Мәулен әжеміз қызы Шолпанның қолында тұратын. Сол апамыздың бірінен соң бірі дүниеге келген еңгезердей 6 ұлы бар-тын. Сол кезде алды әскер қатарынан оралса, кішісі мектептің табалдырығын енді аттаған. Колхоздың жұмысына алатаңнан кеткен аналары кешқұрым бір-ақ келеді. Тентектердің қарнын ашырмай, киімін бүтіндеп, сабаққа уақытында шығуын қамдайтын әжелері-тұғын. Сол әжеміздің ауладағы қос қазанға майды құйып жіберіп, табақ-табақ пісірген бауырсақ-шелпегі әлі есімде. Қазаннан ыршып түскен бауырсаққа тойып алған алтауының бірі ойынға, бірі сабаққа кетіп жатады. Қай баланың болсын, әдеті емес пе, үйімізде нан жетіп, артылып жатса да, Мәулен әжеміздің бауырсағы тәттірек көрінетін. Шарбақтың есік-тесігінен сығалап, біздерге де ауыса ма деп дәмеленеміз. Сонда әжеміз «Тұқымы көбейгірлер-ау, соғыстың кезінде бір масақ бидайды мәске тығып алып шығамын деп, түрмені де көргенбіз. Бүгінгі күнімізге мың рақым, нанымыз аста төк» деп, жайған алақанымызға сыйғанынша бауырсақты төгетін еді, жарықтық…

Осылайша астың атасы, дәмнің үлкені деп үлкендеріміз қадірлеген нанның бағасы бүгінде қымбаттап барады. Осы айда 10 теңгеге қымбаттап, жергілікті наубайханаларда бір бөлкенің құны 125 теңгеден, ал Оралдан келген нанның бағасы 140 теңгеден бір-ақ шықты. Жыл басынан бері бір емес, бірнеше дүркін бағаның шарықтағаны неліктен? Осы сұрақтың жауабын іздеп, жергілікті билік өкілдеріне де, нан өнімдерін шығаратын кәсіпкерлерге де хабарластық.

Алдымен аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бәкіровпен сұхбаттастық. Ол нан құнының қымбаттауын нарықтағы бидайға бағаның өсуімен түсіндіреді. «Біздің аудан – ауа райы тұрғысынан алғанда, бидай дақылдарын өсіруге қолайсыз өңір. Облыс бойынша Теректі, Бәйтерек, ішінара Тасқала ауданында бидай өсіріледі. Ал нан бағасының тұрақтылығы осы аудандардағы егіннің түсіміне тікелей байланысты. Биылғы құрғақшылық өнімнің аз түсуіне бірден-бір себеп», — дейді бөлім орынбасары.

Сонымен бірге нарықтың да өз ережелері болатын айдан анық. Егінмен айналысатын шаруа қожалықтары алдымен бидай саудасында оның өзіндік құнын ақтауын құнттайды. Танапқа түсетін техниканы жаңалау керек, оған қажет қосалқы бөлшектер бар, оның үстіне жанармай құю бекеттерінде солярканың бағасы да жыл басынан бері бірнеше мәрте көтерілді. Қырман басында еңбек ететін азаматтардың жалақысы, салықтарын қоса есептеген шаруагерлер өз қолындағысын барынша қымбатқа сатқысы келіп бағады. Қай делдал қожайынның көңіліндегі бағасын ұсынса, өнім соның қолында кетеді – сауданың заңдылығы да осы.

Ә.Бәкіровтың айтуынша, аудан көлемінде жұмысы мемлекеттік кірістер басқармасында ресми тіркелген 4 наубайхана қызмет етеді. Олардың 2-еуі аудан орталығы Чапаев ауылында, қалғандары Есенсай мен Жұбан ауылдарында нан өнімдерін шығаруда. Нанның бағасы көтерілген бойда көпшілікке аз да болса, көмек болсын деген ниетпен бөлім мамандары наубайхана иелерімен баға тұрақтылығын сақтау жөнінде сұхбаттасқан екен. Соның арқасында ұнның 1 сұрыбынан пісірілетін нан бағасы сол күйінде қалған. Үнемге үйренген жандар үшін бұл да болса, көп көмек екені анық. Алайда, осы 1 сұрыптың нан өнімдері  тұрғындардың арасында сұранысқа ие еместігін кәсіпкерлер алға тартады. Ал құнына құрық салдырмаған жоғары сұрыптың наны, керісінше, көпшілік саудаға өтімді көрінеді.

Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі жасақталып, оның бағасын тұрақтандыруға баса назар аударылуда. Бұл тізбеге 19 атау кіреді, — дейді Ә.Бәкіров. Апта сайын бөлім мамандары аудандағы сауда нысандарындағы бағаға талдау жасап, орташа бағаны «Тұлпар» платформасына енгізеді екен. Азық-түліктің жыл басынан бергі құнын бағамдау үшін осы интернет-платформаға кіріп, аудан бойынша мәліметтерді сараптадық. Қарап отырсақ, ағымдағы жылдың 3 қаңтары мен 6 қарашасының арасындағы мәліметтерде әжептәуір айырмашылық бар. Мысалға алар болсақ, күріш 257-ден 332, 1 сұрып ұны 117-ден 139, қарақұмық 226-дан 349, макарон өнімдері 196-дан 236, тауықтың еті 756-дан 843 теңгеге бір-ақ көтеріліпті. Арзандаған азық-түліктер де жоқ емес, сүт, жұмыртқа өнімдерінің бағасы 8-10 теңге көлемінде түскен. Осылай күн санап шарықтаған бағаны тұрақтандыру мақсатында бөлім аудан бойынша жол картасын жасақтаған. Қазіргі таңда бекітілуде. Ол жүзеге асқан жағдайда арнайы жұмыс тобы құрылады. Сонымен қатар бюджет тарапынан астық құны субсидияланған жағдайда аз қамтылған тұрғындардың тізімі жасақталып, оларға бекітілген арзан бағамен нан ұсынылмақ. Бұл да болса, жағдайы төмен отбасыларды қолдауда үлкен қарекет.

Пікіріміз біржақты болмасын деген оймен аудан орталығындағы ірі наубайхананың иесі Лариса Мырзағалиевамен де нанның қымбаттауына байланысты хабарласқан болатынбыз. Оқырманға таныстыра кетейік, Л.Мырзағалиева 15 жылдан бері нан өнімдерін пісірумен айналысып келеді. Шағын наубайхана күніне 400-500 нан шығарады. Қарамағында 8 адам жұмыс істейді.

«Біздің нан бағасын бұрынғы деңгейде ұстап тұруға қауқарымыз жоқ», — дейді кәсіпкер. Оның сөзінше, тек жоғары сұрыпты ұнның 50 келілік қабы 7700 теңгеден 8300 теңгеге көтеріліпті. Қараша айында нан бағасын 115 теңгеден 120 теңгеге (дүкендерде бұл баға 125 теңге) көтерген ол осының өзінде наубайхананың шығындарын, қызметкерлердің жалақысын әрең өтеп отырғанын айтады. Есептеп көрелік, 50 келілік астық — 80 нанның шығымы. 120 теңгелік 80 наннан 9600 теңге маржа түседі екен. Сонда наубайханаға 1 қапшықтан 1300 теңге көлемінде таза табыс келеді. Жұмысшылардың жалақысы, коммуналдық төлемдер, сауда нүктелеріне тасымал шығындарының бәрі осы табыстан алынатыны айтпаса да, түсінікті.

Сонымен қатар Оралдың нан өнімдері де нан саудасындағы жергілікті кәсіпкерлердің тынысын тарылтып барады. Қайта осындағы әлеуметтік нысандар – аурухана, колледж сынды мекемелердің тендеріне қатысып, өз өнімдерімен қамтамасыз еткеннің арқасында табыс түсуде. Күндіз-түнгі  тынымсыз жұмыстың бәрі – наубайхана жұмысының тұралап қалмауының қамы. «Астықтың бағасын тұрақтандырмайынша, кәсіпкерліктің осы саласындағы тірліктің түлеуі неғайбыл. Біртіндеп наубайхана жұмысының тоқтауы да мүмкін», — дейді ертеңгі күніне алаңдаған кәсіпкер.

Лариса Мырзағалиева облысымызда осыдан 7-8 жыл бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры қызметке кірісіп, соның арқасында астықтың бағасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік болғанын айтады. Жергілікті биліктің қолдауымен 4-5 жыл қатарынан осы қордан белгілі көлемде ұн өнімдерін алған екен. «Қазір аталмыш қордың игілігін облыс орталығы көрсе, көріп отырған шығар. Бірақ ауданға оның шарапаты мүлдем тиіп жатқан жоқ. Егер қайтадан осы жұмыс қолға алынса, бізге де, халыққа да әлдеқайда көп қолдау болар еді», деген ойын білдірді наубайханашы.

Бағынбаған баға ең алдымен әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың онсыз да жұқарған қалтасына салмақ салатыны сөзсіз. Аудан орталығының Асылхан (есімі өзгертілген) есімді отағасының жанұясында 9 адам бар. Бұл  отбасыға күніне 1 нан аздық ететіні анық. Келімді-кетімді қонағын қоспағанда, күн сайын 250 теңгені олар тек нан алуға жұмсайды екен. Орта есеппен алғанда бір айда тек нан сатып алу үшін 7000-8000 теңге қаражат кетеді. Сондықтан шығынды азайту мақсатында оның жұбайы 1 сұрыптың ұнынан күніне 2 таба нан үйден пісіріп отыр. «1 қапшық  1 айға да жетпей қалады. Сондықтан нандай сатып алғаның, астықтай сатып алғаның не, бәрібір. Бірақ, үйдің пешке піскен ыстық наны тойымды, әрі сіңімді болады емес пе. Қайғысыз қара су мен қара нан да ас. Сондықтан нан бағасының шарықтауы тоқтамаса, қарапайым халыққа қиын болайын деп тұр», — дейді отағасы.

Иә, онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген халық 125 теңгегенің де наны алып та, жеп те жатыр.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, алдағы уақытта кәсіпкерлермен екіжақты келісім жасап, нанға тұрақты бір бағаны бекіткен жөн. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіп иелеріне мемлекет демеуқаржы ретінде қолдау көрсетілуде. Жоғарыда ескергеніміздей, бұл саланы да субсидияландыру арқылы тұрақтандыру тетіктерін қарастырса, күн сайын құбылған нан бағасының бағынары да, әр отбасының дастарханының сәні артары да анық.

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы»