14.11.2019, 17:31
Қараулар: 292
Құт дарыған Қарауылтөбе

Құт дарыған Қарауылтөбе

Қазір шалғай елдімекендер туралы сөз қозғасақ, көбіне күрмеуі қиын мәселелер мен аяқсыз қалған бастамалар ойға орала береді. Алайда ауылдарда да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Топырағынан талай дарын түлеп ұшқан Қарауылтөбе ауылдық округі де елдегі игі бағдарламаларды жүзеге асыруда алдына жан салмайды. Күнінде шаруашылығы дүркіреген киелі мекеннің аумағын бүгінде мың жарымнан астам халық мекен етуде. Атадан қалған таяқты қолына ұстаған ағайынның негізгі кәсіп көзі – мал шаруашылығы. Бір кезде урбанизацияның жетегіне еріп, талай жас қалаға қарай ағылса, бүгінде қаладағы кәсібін тастап, ауылға келіп, мал өсірумен шұғылданып жүргендер аз емес. Бұл да болса қанымыздағы сайын далаға деген іңкәрліктен оянған қасиет шығар деп пайымдадық.

«Сыбаға» алып, сиырды көбейткен

Қарауылтөбенің тумасы Дәурен Ихсанов негізгі жұмысымен бірге, мал шаруашылығымен қоса айналысуға бел буады. Сөйтіп «Ихсан» шаруашылығын құрып, жұмысын бастап кетеді. Мал болған соң түрлі қиындықтары қоса жүреді. Көбейтпесең айтарлықтай табыс әкелмейтіні тағы бар. Мал басын асылдандырып, санын арттыру үшін қаншама қаражат керек екені айтпаса да, белгілі. Осы жерде мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы ойлаған мақсаттың нақты жүзеге асуына негіз болыпты. 2017 жылы аталмыш бағдарламамен мемлекеттен 13 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, 58 бас ірі қара малын сатып алады. Оның 38 басы қазақтың асылтұқымды ақбас сиыры. Осылайша шағын шаруашылықтан бастаған Дәуреннің бүгінде ауылда екі үй, 3 қора-жайы бар. Шарбағындағы малдың азығын айыруға екі тракторы мен шөп оруға арналған техникалары артығымен жетеді. Онымен қоса, үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алайда Дәуреннің мұнымен тоқталып қалғысы жоқ. Қолынан іс келетін жігіт шаруашылығын әлі де кеңейтсем дейді.

– Биылдың өзінде «Сыбаға» бағдарламасымен 50 млн. теңге несие алып, Ресейден 53 бас ақбас тұқымды сиыр әкелдім. Оған қоса Ақтөбе облысынан 210 бас ангус тұқымды ірі қара мал алдым. Қазір бес жүзге тарта ірі қара малым, жетпістің үстінде жылқым және жүз елуден астам уақ жандығым бар. Жұмысым қала жағында болғанмен, ауылға аптасына бір-екі рет келіп кетпесем, ішкен асым бойыма сіңбейді, — дейді Дәурен Ғиззатұлы. Өз кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетіп отырған жігіттің ауылдың көркеюі жолындағы жомарттына әлі тоқталатын боламыз.

Киелі топырақ, дарынды ұрпақ, жомарт жүрек

Жоғарыда айтқанымыздай, кешегі өткен даңқты композитор  Сейітқали Қайырғалиев, бүгінде өнерімен елге танылып үлгерген Серік Нысанов, Еркін Өтегенов, Жанат Аманғалиев, Мирас Мэлсұлы және т.б. саңлақтарды түлеткен қасиетті мекенде түрлі шаралар жүзеге асып жатады. Тіпті осы ауылдан шыққан өнер жұлдыздары жерлестеріне «Құт қонған Қарауылтөбем» атты концерттік кеш ұйымдастырып беріпті. Ал соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жобалар бой көтерді. Алайда Қарауылтөбедегі ағайын туған ауылы үшін жасаған жұмысын бұлдаған емес.

Ұлттық белдесу жанданбақ

Ақжайық ауданынан түрлі әлемдік додаларда топ жарған палуандар шыққаны баршаға мәлім. Ауыл балаларын спортқа баулуда қарауылтөбелік азаматтардың еңбегі зор. Ауылда қазақша күрес залын ашудағы басты мақсат та ұрпақ бойында ұлттық кодты сақтап, дәстүрлі спорт түріне баулуға бағытталған. Аталмыш жобаның басы-қасында жүрген Қарауылтөбе ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі маман Жәнібек Әбіров күрес залы ел болып атқарған еңбектің арқасы екенін айтады. – Біз ес білгелі ауылда күреспен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Осы бір олқылықтың орнын толтырып, күрес үйірмесін ашу үшін бүкіл ауыл болып қаражат жинап, белдесуге арналған боз кілем сатып алғанбыз. Онымен мектептің спорт залында ашқан үйірме сабаққа кедергі болды. Міне осы кезде ауыл азаматтарының көмегі тиді. Дастан Ихсанов өз иелігіндегі бос ғимаратты күрес залы қылып ашып, жастарға ұсынды. Ескі ғимаратты толық жөндеуден өткізуге Дастанмен бірге Асылбек Жұмағалиев, Жалғас Махметов сынды ауыл азаматтары да атсалысып, 3 млн. теңгеге жаңа жаттығу залын жабдықтап шығарды. Қазіргі таңда ішінен жаттығудан соң жуынуға арналған бөлме жасалып жатыр. Жастардың қуанышында шек жоқ, -дейді Жәнібек. Күні кеше ғана Қаратөбе ауданында қазақ күресінен Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған турнир өтті. Үш облыс орталығы мен онға жуық ауданнан 250 ге тарта палуан қатысқан байрақты бәсекеде Нұрдәулет Ақболаттың жүлделі үшінші орын алып, спорт шеберлігіне үміткер атануы осындай сүбелі істің арқасы деп білеміз.

Ағайынды Дәурен, Дастан Ихсановтар өз иеліктеріндегі күрес залының құжаттарын реттеп, аудандық БЖСМ теңгеріміне беруді жоспарлап отыр екен. Сөйтіп жаңа ғұмыр бастаған жаттығу залы ауыл балаларының игілігіне қызмет ететін болады. Ауылдарында атқарылып жатқан жұмыстан тысқары қалмауды ниет еткен 1972 жылы дүниеге келген азаматтар күрес залын қоршап, ел үшін игі іс атқарыпты. Бірі бастағанда, екіншісі қостап әкетіп, өскелең ұрпаққа үлгі бола білген жерлестерге қарап, сүйсінбеске болмайды.

Заманауи жаттығу алаңы

Қазір қалалар мен аудан орталықтарында заманауи үлгідегі балалар ойын алаңдары мен street workout құрылғыларын жиі байқаймыз. Бұрынғы белтемірлерден айырмашылығы көп түрлілігі мен әдемілігінде жатқан бұл жаттығу алаңдарына жиналатын жастар саны да аз емес. Әліп Шайхиев ұлдары Батырхан және Асылханмен бірге аталмыш алаңды ауылға орнатуды жоспарлап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жақсы ойларын жүзеге асырады. Сөйтіп құны 2 млн. 500 мың теңге тұратын жаңа нысан бой түзеді. Сонымен қатар әкелі-балалы меценаттар ауыл жастарына арнап, көп функционалды жаттығу құрылғысын да тарту етіпті. Бүгінде балғын спортшылар жерлес ағалары салған алаңда емін-еркін жаттығып жүр. Аудан әкімінің қолынан «Жомарт жүрек» номинациясын алған Асылхан, қазақы қоғамда жомарттық жоққа айналды» деген жаңсақ пікірді осылай жоққа шығарды.

Өліге иман, тіріге береке

Елге ат басын тіресек ең бірінші ата-бабамыздың аруағына құран бағыштап, туған үйдің орнына аунап, бір жасап жатамыз. Ауыл адамдарының да өткенге құрметі ерекше екенін аңғаруға болады. Қарауылтөбелік Жұмабай Тілеумағанбетов, Бейбіт Мусин және Тұрлан Аяш ата-бабалары жерленген ескі зираттың айналасын қоршауға 2 млн. теңге көлемінде қаражат бөліпті. Осылайша ескі қорымның айналасын мал тапамастай қылып қоршаған ауыл атымтайлары ағайынның алғысын алды. «Өзенде туып балықтар, Теңізге қарай тартады» деп ақын айтқандай, қай салада болмасын, мемлекеттік деңгейде атақты болып жүргендердің дені ауылдан шыққан қарадомалақтар екені рас. Есейіп, өз қолдары аузына жеткен соң туған ауылының тұрмысын арттыруға жан-жақтан ағылып келіп, атсалысып жатса, көңілің қалай қуанбасын. Осы тұрғыдан қарағанда, көптеген ауылдардың Қарауылтөбеден үлгі алар тұсы жетерлік. Біз болсақ, ел үшін жұмылып жұдырық бола білген жастардың бірлігіне риза болып, ауыл болашағына жарқын қадамдар тіледік.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ