15.11.2019, 12:05
Қараулар: 224
«Ұлағат өнегесі – еңбекте»

«Ұлағат өнегесі – еңбекте»

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ЭКСПО-2017 көрмесінің алған орны ерекше екені баршаңызға аян. Осы көрмеге Ақжайық ауданы бойынша, әрбір округтен тыл және еңбек ардагерлері бар жалпы саны 25 адам тегін қатынасып келген болатынбыз. Сол сапарда Нәсіпқали Қайырқомов деген азаматпен танысып, бас-аяғы 10 күннің ішінде ағалы-інілі бауырлардай болып кеттік. Поезда бір купеде, қонақ үйде де бір бөлмеге орналастық. Нәсіпқали ағамыздың адамгершілігі мен парасаттылығы, өмірден көрген-түйгені мол, нағыз еңбекқор адам екендігі ұнады.

Қайырқомов Нәсіпқали Қайырқомұлы 1940 жылы бұрынғы Жаңақала ауданы Бекетай ауылының 24 ауылдық советінде дүниеге келген. 1952 жылы Алғабас ауылына қоныс аударған. 7 жылдық сыныпты бітіргеннен кейін орта білімді Тасқаладан алып шыққан. 1960 жылы жолдасы Қоңырша Меңдігерейқызымен отау құрып, жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Нәсіпқали ағамыз зоотехник мамандығын алғаннан кейін Алғабас ауылының №2 бөлімшесі Қарағай ауылында ферма меңгерушісіне дейінгі түрлі лауазым бойынша еңбек еткен. Басшылықтың ұйғарымы бойынша Нәсіпқали ағамыз су қоймасының басшысы қызметіне ұсынылып, осы жұмыста 30 жыл табысты еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Первомай су қоймасының жұмысын да Нәкең қатар атқарған. Осы жұмыста жүріп, ағамыз сырттай оқып, мамандығына сай дипломын алып шыққан. Қарауындағы жұмыстастарына әділ, талап қойғыш, бір сөзді білгір маман ретінде зор беделге ие болды. Бірге қызмет еткен мамандар көп нәрсені Нәкеңнен үйренгенін әлі күнге айтады. Уақытпен санаспайтын бұл жұмыс табандылықты, қажырлықты талап етеді. Күні-түні судың деңгейін бақылау, каналдарды қаңбақ пен құрақтан тазалау, қақпаларды уақытында ашып-жабу сынды қиын жұмыспен жағаласа жүріп, кей кездері су басында түнегенін өз аузынан талай естігенбіз. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ағамыз шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын өркендетуге бар күшін салды. Ұлы Жомарт пен келіні Жұмағыз қазір әкесінің сенімін ақтап, қожалықтың өркендеуіне үлес қосуда. Жабық мекемелерді ет, сүт, қымыз бен қамтамасыз етуді де қаперлерінен шығарған жоқ. Шаруашылықтарында төрт түліктің бәрі бар. Ел болғасын қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Нәсіпқали ағамыз ауылда атқарылатын ортақ істің қай-қайсысына да өз көмегін беруден ешқашан қалыс қалмайды. Ауылдастарының қуанышы мен қайғысын бірге бөлісіп, демеуші болуды өзінің парызы деп түсінеді. Оны ауылдастарының аузынан да естігенбіз. Осылайша төккен тер мен еткен еңбек арқасында ағамыз Ақжайық ауданының Құрметті азаматы атанды. Алған марапаты мен медальдары да бір басына жетерлік. Сөзге шешендігі мен салт-дәстүрді өте жақсы білетіндігі бір мақалаға арқау болғандай. Нәкең қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Тәрбиелік мәні бар шараларды ынта-жігерімен жүргізеді. Оның дәлелі ретінде өткен жылдың тамыз айында Бударин ауылында өткен «Меймандостық -тектіліктің белгісі» тақырыбындағы шараны айтуға болады. Сонау бағзы заманнан қазақ даласына келген жолаушылардың өзегі аштықтан үзілмеген, жаяу жолда тентіремеген, айдалада баспанасыз қалмаған. Еш жерде жазылмаған дала заңы оларды құрметтеп күту, қызмет көрсету, жағдайын туғызу, керек десеңіз, әуелеген әні мен күмбірлеген күймен қарсылауды үйреткен болса, бүгінде осы қонақжайлық әлі де ұлтымыздың өзгелерден оқшау үкілеп тұрар қасиеті ретінде бағалануда. Осы қасиетімізді жас ұрпақ санасына сіңіру, күн тәртібінен түсірмеуі  тиіс мәселелердің бірі. Ауылға ат тұрған азаматтың бәрі Нәкеңнің қонақжайлығына куә.

Нәсіпқали Қайырқомов жасы 80 жасқа жақындаса да, әлі ширақ. Үй шаруасына да араласып, үнемі балаларына қолғабысын тигізіп жүреді. Бірнеше автокөлігі бола тұра, ұшқыр ат мініп, желмен жарыса жүруді дағдыға айналдырған. Ауылдастарының қуанышын бөлісуге құлшынып тұрады. Ақжайық аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі. Өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі бола білген Нәсіпқали ағамызға ұзақ ғұмыр тілеп, ұл-қыздарыңыз бен жиендеріңіздің қызығына кенеліп, Қоңырша апамыз екеуің аман есен жүре беріңіздер дегім келеді.

Хамит ЖАНАЛИЕВ,

Базартөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар