15.11.2019, 12:11
Қараулар: 239
Ұстаз, сазгер, әрі әнші

Ұстаз, сазгер, әрі әнші

Талантты жұрт танып алады, асыл кездік қын түбінде жатпайды. Бар өмірін өнерге арнаған жерлес сазгер, музыкант Еділбай Шоқайұлының шығармашылық жолы — бұл асыл сөздердің айқын дәлелі. Өнер сарбазы, туған халқымыздың ән өнерін, әншілік өнерін өзекжарды өбектей сүйген, сүйіп қана қоймай сол ұлы да ұлық өнерге сүбелі олжа келе жатқан ерек жан.

Сонау 1939 жылдың күрең күзінде Бөкей ордасы ауданының Талап ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген сәбидің қасиетті өнерге деген сүйіспеншілігі отбасынан бастау алғаны кәміл. Орта мектепті тәмамдасымен жас жігіт 1955 жылы бұрынғы Родник Новый, қазіргі Жаңабұлақ ауылында еңбек етіп, жұмысқа қызу кіріседі. Қай салада болмасын, жұлдызы жанған Еділбай Меңдешев 1957 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын адал атқарып шықты. Өнерге деген талпынысынан шығар, ел шекарасын қорғап жүріп, радиотехник мамандығын меңгеріп алады. Еңбе жолын Коммунизм ауылына осы кәсіппен бастады.

«Ағасы бардың жағасы бар» демекші, сол кезде оркестрдің жетекшісі болып қызмет еткен, табиғатынан бойына дарын сіңген домбырашы, мондалинші Қайреден Әлекенов ағасы жас жігіттің қайрат жігеріне қанат бітіреді. Жазуы жақсы адамның бәрі жазушы бола бермейтіні сияқты, даусы жақсы адамның бәрі де әнші бола бермесі анық. Ерен ұстазының еңбегі болса керек, ағаның ән айту мәнері мүлдем бөлек. Жұмсақ бір самал желден көтеріп әкетіп, ән біткенше алақанына сап әлдилеп отыратындай, еркелегендей үлбірек үнмен ол айрықша нұрланып айтады. Әсіресе өзінің алғаш аудан сахнасында орындаған Есбаевтың «Маржан қыз» әнін әлі күнге дейін тебірене әуелетеді.

Еділбай Меңдешев өз репертуарындағы қандай әнді болмасын, толық зерттеп, ой елегінен өткізіп, ән болмысын, мән-мағынасын жарқырата ашып беруге тырысады. Содан да болар, оның орындауындағы «Еркежан», «Таң сәріде», «Сұрша қыз», т.б. көптеген әндері көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, тыңдармандар оны дуылдата қол соғып қарсылап, сахнадан дәл сондай қошеметтеп шығарып салады.

Жігітке жеті өнерде аз, өмірін өнерге арнауға бекінген жас әнші 1966 жылы Ақтөбедегі музыка училищесіне түседі. Музыкалық білімін шыңдап, түрлі аспаптардың қыр-сырын меңгерген Еділбай Меңдешевтің өмірінде енді ұстаздық бекем орын алды. Алдымен «Восход» кеңшарының мектебінде ән сабағының мұғалімі, сосын Чапаев музыка мектебінде домбыра класының оқытушысы болып қызмет етеді. Бір кездері өзін музыканы тани білуге, сүюге қалай баулыса, енді өзі де ізбасар дайындау жолына келеді. Сол жылдары қазір аудан, облысымызға танымал Ермек Сарқұлов, Ақылбек  Өтепов,  Сұңғат Жанаев сынды шәкірт тәрбиелеп шығарған абзал ұстаз бүгінде олардың жетістіктерін естіп, көріп көңілі шаттанады.

Өмірін өнерге арнаған адам қақты-соқты тірліктен аулақ жүрмей ме. Едағаң өз ортасы үшін әншілік пен сазгерлік тізгінін тең ұстайтын бас аспап жан ретінде танымал. Сонымен қатар өнер адамдарының бойынан кездесетін толассыз ізденіс , шығармашылық талпыныс  осы жанның мінезіне де тән. Осындай қасиеттерінің арқасында Абайдан бастап қазақтың көрнекті ақындары, шетел ақындарының өлеңдеріне жүзге тарта ән жазды. Оның қай шығармасын тыңдасаң да, айғай-шудан аулақ әуез, ұлттық рух жүрек қылын тербеп, сезім пернесін тап басатын әдемі ырғақтардан тұрады. Атап айтсақ, халық сүйіп орындайтын «Шашу», «Мой ангел хранитель», «Сағыныш», «Аққулар кетіп барады», «Ауыл сырты» , «Әдемі Қазақстан», «Әз Астана», «Жайығым», «Жаңа жыл кеші», т.б. әндері — ел еңсесін көтерер бірлік пен ынтымаққа үндейтін шығармалар. Төрт шығармасы 80-ші жылдарда жарық көрген «Жастық шақ» атты ән жинағына енгені — сазгердің бүкіл жерлестері үшін мақтаныш.

Өзінің ашық, асқақ даусы, сырлы саздарымен Еділбай Шоқайұлы бүгінде аудан, қала берді облыстың өнерсүйер халқына ерекше танымал. Талай мәрте облыстық байқауларда лауреат атанып, шағын отанының мерейін асырды. Атап айтатын болсақ, 1974 жылы арнайы шақыртумен Композиторлар одағының 2-ші пленумына ал 3 жылдан соң осы одақтың 6-шы съезіне делегат болып қатысты. Жеңістің 50 жылдығына арналған облыстық сазгерлер байқауында бас жүлдені иеленді.

Ағамыздың отбасы да ауылда үлгілі үйелмен ретінде танылған. Отанасы Макуда Ажғұлқызы бар саналы өмірін медицина саласына арнаған жан. Жұбайымен екеуі екі қызғалдақты Айгүл мен Нұргүлді тәрбиелеп, білімдерін берген. Еділбай аға өзінің жиендерін де саз өнерінің тылсымына їйретті. «Ендігі жерде менің шәкірттерім осы» деп, жәй ғана миығынан күледі сексенге жетсе де, өнерден қол їзбеген ұстаз, сазгер, ақсақал. Музыка — өнердің ұлттық тілге , мемлекеттік шекараға бағынбайтын жанры. Олай болса, осы салада талмай еңбек еткен Еділбай Меңдешевке өнеріңіз өрге жүзіп, шалқар шабытқа шомыла беріңіз демекшіміз. Ақсұңқар әндеріңіздің қадір қасиеті арта берсін.

Жігербай ҚАЖЫҒАЛИЕВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар