22.11.2019, 14:57
Қараулар: 188
БАЛДЫРҒАННЫҢ БАЛ ТІЛІ ШЫҚПАЙ ЖАТСА…

БАЛДЫРҒАННЫҢ БАЛ ТІЛІ ШЫҚПАЙ ЖАТСА…

Бала — тілі бал дейміз. Бірақ сол балдай тәтті тілі дер кезінде шықпай, дамуы жағынан қатарластарынан қалып бара жатқан балдырғандарды соңғы кезде жиі кездестіріп жүрміз. Оның мүлдем сөйлемеуі, тілінің кеш шығуы немесе сөздік қорының санаулы сөздермен шектелуі, ойын жүйелі жеткізе алмауы – үлкендерді толғандыратын мәселеле. Бүгінгі баланың тілі шынымен кеш шығатын болды ма және оған қандай себептер әсер етуі мүмкін екендігін осы мақалаға арқау етіп, түрлі сала мамандарын әңгімеге тарттық.

Жүктілікке бей-жай қарамаңыз

Алдымен аудандық аурухананың балалар невропатологы Нұрсұлтан Меңдалиевпен сұхбаттастық. Оның айтуынша, дені сау баланы дүниеге әкелуде жүктілікті дұрыс жоспарлау қажет. «Әйел-аналардың өз денсаулығы, болашақ сәби денсаулығына деген салғырттығы дейміз бе, олар босануға дайындық мектептерінің табалдырығын мүлдем аттамайды. Қиындықсыз босануды қалай бастан кешіруге болады, жаңа туған нәрестеге қандай күтім керек – осының бәріне аталмыш мектепте тәптіштеп үйретеді. «Кейбір әйелдер бар, ақпарат алу үшін «ғаламторды қазады», ал енді біреулерін ештеңе тіптен мазаламайды, ешкімнен кеңес те сұрамайды. Ал қазіргі заманда жүкті әйелге бала денсаулығына құрсақта жатқаннан бастап алаңдауы қажет. Себебі, болашақ ана жүктілік кезінде түрлі аурулармен ауырса, жиі күйзеліске шалдығып жатса, баланың неврологиялық дімкәстікпен дүниеге келуі әбден ықтимал. Дәрігердің кеңесінсіз без-берекетсіз дәрі іше беру де құрсақтағы сәбиге әсер етеді», — дейді Нұрсұлтан Байтемірұлы.

Бала тілінің дамымауының үш себебі бар: физиологиялық, генетикалық және психологиялық. Сәбидің тумысынан ауыз қуысы, жақ сүйегі, тілінде қандай ма бір кемістіктер болуы мүмкін. Бала кішкентай кезінде құлап, жақ сүйегі орнынан қозғалып кеткен болуы да ғажап емес. Ал генетикалық тұрғыда, аты айтып тұрғандай, ата-анасының тілі жай шыққан болса, бұл кемістік тұқым қуалап, оның ұрпағынан да көрініс табады. Психологиялық себепке келер болсақ, бала оқыстан қатты қорқып қалса, яки болмаса отбасында ата-анасының үнемі жанжалдасқанына куә болса, тілдің шығуы да кешеуілдейді. Өзінен-өзі тұйығып, ештеңеге қызықпай, енжарлыққа бой ұрады.

Сонымен қатар бала туа бітті неврологиялық дертпен дүниеге келсе, жалпы сөйлеу тілі мүлде дамымай қалуы да мүмкін, — дейді дәрігер. Оған балалардың церебралды сал ауруы, гидроцефалия, микроцефалия, энцефалопатия, эпилепсияның ауыр түрлері жатады.  Осындай деректерді келтірген Н.Меңдалиев тіл дамуының кемістігіне байланысты онымен әр саланың мамандары айналысатынын айтты. Басты салмақ білім беру мамандары, соның ішінде дефектолог пен логопедке түседі екен.

Дефектологтан қандай көмек бар?

Алдымен сандарды сөйлетсек, ауданымызда даму мүмкіндігі шектеулі 259 бала бар екен, оның ішінде 199 бала мектептерде білім алуда. Біз сұхбаттасқан аудандық білім бөлімінің бас маманы Әйгерім Серікбаева олардың басым бөлігінде әртүрлі дәрежеде тіл кемістігі бар екенін айтады. Осындай балдырғандардың қалыпты балалармен бірге білім алуы үшін білім беру саласында инклюзивті оқыту қарастырылған. Инклюзивті білім беруді дамыту үшін 2 мектепте, атап айтсақ, М.Әуезов атындағы орта мектеп, Краснояр орта мектерінде түзете дамыту сыныптары ашылған. Мұнда көбіне, тілі кеш шыққан, даму қабілеті төмен балалар келеді екен.

Көптеген ата-ана баласының тілі шықпағанына қарамастан, бірден тиісті сала мамандарына баруға асықпайды. Уақыт өте келе, өзі сөйлейді деген үмітпен емді кейінге қалдырады. Бірақ біз тілдескен М.Әуезов атындағы орта мектептің түзете дамыта оқыту сыныбының дефектологы Гүлжанар Есенғалиева мұның балаға кері әсері мол екенін айтып, дабыл қағуда. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, дефектолог даму ерекшеліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдей отырып, оқытып-үйрететін, сөйлеу машығын қалыптастыратын қызметі ауқымды маман. Яғни дефектолог маман денсаулығында кінәраты бар балалармен жұмыс істейді. Ағымдағы оқу жылында бұл сыныпта орталық жүйке жүйесінің бұзылу, психикалық дамуының тежелу белгілері бар 15 оқушы 2 ауысым бойынша білім алуда. Олардың барлығының дерлік тілі жетіліп, дамымаған. Тіпті мектепалды даярлық тобындағы 1 оқушының тіл кемістігі 1 деңгейде деп баға берді маман. Яғни, оның сөздік қоры тек өзіне таныс ұғымдармен шектелген: мама, папа, жоқ, иәні ғана біледі. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген, екіауыз сөзді айтуға қиналған баланың тілі «Майнкрафтқа» сыныпты. Телефонға арбалған ұрпақтың айтары сөзі сол болмағанда, қайтсін.

«Біз түрлі гаджеттердің мысы басым заманда өмір сүрудеміз. Мұның бәрі баланы қызықтырады, алдандырады, кей кезде жұбатады да. Дегенмен қай нәрседе де шектеу болу қажет. Телефондағы қас-қағым сәтте жылт еткен суреттер, теледидардағы кейіпкерлердің әрекеттері баланың миының қабылдауына қиындық туғызады, шаршатады. Дегенмен, бұл бәріне тиым салу қажет деген сөз емес. Телефонды ұстау мерзіміне шек қойылса, баланың бос уақытында ата-ана оған қызықты істермен айналысуы керек. Мысалы, далада серуендеп немесе қолына қағаз бен қарындаш беріп, сурет салу қажет. Баланың тілінің кешеуілдеуіне тіпті ата-анасының екі тілде сөйлеуі де ықпал етеді. Бала тілге үлкендердің айтқанын қайталап, яғни еліктеп үйренеді десек, осындай себепке байланысты не орыс, не қазақ тілін ұғынбай жататынын жиі кездеседі», — дейді Г.Есенғалиева.

Дефектологтың сөзіне сүйенсек, уақтылы түзете дамыту сабақтарына бала үзбей қатысып жүрсе, ата-ана үйде маман берген нұсқаулықтарды бұлжытпай орындаса, нәтиже болады екен. Айталық, 2016-2017 оқу жылында тіркелген 12 баланың 3-і, өткен оқу жылында 13 оқушының 6-ы, биылдың өзінде 13 оқушының 3-і есептен шығарылған. Бастысы, алтын уақытты бос жібермей, дер кезінде маманның көмегіне жүгіну.

Тіл мүкістігінің түрі көп

Негізінен, бала 3 айынан бастап уілдеп, жастан асқанда былдырлап тілі шыға бастайды. Ал егер тілі осы уақыттан кешеуілдегенде ата-анасы назар аудармаса, оның арты баланың ақыл-ойының дамымауына әкелуі мүмкін. Себебі, тіл – қарым-қатынас құралы, тілі жетілмеген соң, оның танымдық әлемі де тарылады, — дейді логопедия саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар маман Аида Саранова.

Балдырғанның 2 жасында белсенді сөздік қоры жинақтала бастауы қажет. Айталық, 2 жаста 300 сөзге тілі келсе, 3 жасында 1000 сөз білуі керек, 5 жасқа қарай ана тілінің 5000 сөзін меңгеруі заңдылық екен. Бүгінде «Ақбота» балабақшасындағы инклюзивті кабинетпен қатар аудандық коррекциялық кабинетінде қызмет ететін А.Саранова биылғы жылы 300-ге тарта балаға аудан көлемінде логопедпен жұмыстануға нұсқаулық берілгенін айтады. Мысалы, ол коррекциялық кабинетте 20 балаға, балабақшада 12 балаға дәріс береді. Ол тіл мүкістігінің түрі өте көп екендігін және оның диагнозына сәйкес жеке жұмыс жоспары жасалып, түрлі ем-дом шаралары алынатынын айтады. Дислалия, жалпы сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, жалпы сөйлеу тілі дамымауының І, ІІ, ІІІ деңгейі, дизартрия, алалия, тұтықпа, айта берсеңіз, көп-ақ. Кез келген дыбысты айтып үйреткенде, міндетті түрде оның  айтылуына, яғни артикуляциясына назар аударылады. Жақ бұлшық еттерінің дұрыс жұмыс жасауына арналған жаттығулар, массаж жасалады. Олардың тілдің босаңсуының алдын алып, жақ сүйектерінің қозғалысын арттыруға септігі мол. Және осы жаттығуларды логопед маман ата-аналармен өтетін шеберлік сыныптарында көрсетіп, үйде кемінде күн сайын 15-20 рет қайталауға кеңес береді.

«Ләм-мимге келмеген баласын көбіне ата-аналар бірден логопедке алып келеді. Әрине, оларды да түсінуге болады, баласының бал тілі шықпағасын, тіл маманынан көмек болар деп үміттенеді. Дегенмен, сәбидің құлан-таза айығып кетуі үшін кешенді жұмыс керек. Яғни тек логопед қана емес, невропатолог, дефектолог, психологпен бірлесіп, дертті жеңудің жолдарын қарастыру керек», — дейді А.Саранова. Білікті маманның 10 жылдық жұмыс өтілінде баланың тілі шықпай қалған жағдай болмапты. Тек әр баланың дертінің ауырлығына байланысты уақыт қажет екен. Бала тілінің толық шығуы жеке, физикалық, психикалық даму ерекшелігіне байланысты. Аз уақыт дегеннің өзі 6 айға, ал ұзақ уақыт 3 жылға созылуы мүмкін.

Аудан орталығындағы ата-аналардың бірі Шахизада Қойшығалиева мұнда ұлы Ералыны әкелгеніне 2 жыл болған. Ұлының жасы бесте. Ата-анасы бастапқыда ұлының қылығын еркелік деп аса мән бере қоймапты. Балабақшаға барарда  ғана алаңдаушылық білдірген. Дәрігерлер психикалық дамуының тежелуі, бронхиалды астма деген екі диагноз қойған соң, логопедтің алдына келеді. Алғаш маманға келген кезінде Ералының бір-екі ауыз сөзге де тілі келмепті. Қазір нәтижесі жақсы, ана тілінде емін-еркін сөйлеп, өз ойын анық жеткізе алады.  Енді мектепке дайындалып жатыр. Баласының бал тілін естіген Шахизаданың қуанышы да еселі.

Логопедтің ата-аналарға берер кеңесі: баламен үнемі сөйлесіп, оның жауабын тыңдау қажет, себебі әр бүлдіршін сөйлескенді, оны тыңдағанды ұнатады. Онымен сөйлескенде де, өбектеп, бала тілінде үнқатудан аулақ болған жөн.

Маманның  сөзіне сүйенсек, біздің елімізде тіл мүкістігі бар балалармен жұмыс енді-енді жолға қойылып жатыр. Осыған дейін мүлдем нақты жүйе, стандарт та болмаған. Тек бір-екі жылдың турасында қазақстандық бағдарламалар, әдістемелік құралдар шыға бастапты. Облыс орталықтарына бұл оқулықтар жеткен шығар, ауыл-аймақтардағы мамандардың қолына тимеген. Қазірдің өзінде аудандағы мамандар ресейлік ғалымдардың жасақтаған бағдарламасымен қызметтенуге мәжбүр.

P.S. Жалпы, бала денсаулығы дұрыс болып, ой-өрісі еркін дамысын десек, әр ата-ана жұмысты өзінен бастауы қажет екенін ұғынасың. Үйде баланың дамуына қолайлы жағдай қалыптастырып, баламен жиі әңгімелессе, тілі де тез шығатыны анық. Жұмыспен бас әуре болып жүретініміз рас, бірақ ертеңіміз, өміріміздің жалғасы – балаларымызға да уақыт бөлу керек екенін ұмытпайық. «Бала ананың құшағында күніне кемінде 8 рет болу керек», дейді мамандар. Ананың мейірімі, әкенің айналайынынан айырмайық өз баламызды.

Әлия Серікқызы.

Жайық таңы.

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар