22.11.2019, 15:40
Қараулар: 128
Облыс басшылығы мердігерлермен кездесті

Облыс басшылығы мердігерлермен кездесті

Чапаев ауылына жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов келді. Облыс әкімінің орынбасары алдымен Тәуелсіздік, Щурихин көшелеріндегі ауылішілік жолдардың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша «Бірлік» ЖШС-і салып жатқан ұзындығы 1,8 шақырым нысан тамыз айында басталған болатын. Құрылысы желтоқсан айында аяқталмақ. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынып жатқан асфальт жолдың сапасын тексерген Тимуржан Әдиетұлы аудан басшылығына мердігер жұмысын жіті бақылауға алуды тапсырды. Тас жолдың әр қабатына төселетін жабынның қалыңдығы мен материал сапасына назар аударып, температуралық режимнің сақталуын да назардан тыс қалдырмауын талап етті.

Содан соң Абай атындағы мектеп-гимназия мен 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй құрылысын аралап, мердігерлерден құрылыс нысандарын мезгілінде сапалы аяқтап, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Сонымен қатар биыл күрделі жөндеуден өтіп жатқан №1 мектептегі мердігерлер жұмысымен танысып, ғимаратты аралап шықты. Облыс басшысының орынбасары тапсырыс берушілер тарапынан мердігерлерге қандай да бір шағым болған күнде облыстағы құрылыс саласына жауапты басқармаға жазбаша арыз-хат түсірулері қажет екенін айтты. Әсіресе құрылыс жобасы мен жобалық-сметалық құжаттардағы сәйкессіздік салдарынан көптеген нысан уақытылы аяқталмай, тұтынушылар зардап шегетінін қаперге салды. Осы орайда білім ошақтарының, немесе басқа да үлкен ғимараттардың жөндеу жұмыстарына ауыл ақсақалдары мен ардагерлерінен тұратын топтың да  тарапынан жіті бақылаудың қажет екенін тілге тиек етті.

Жұмыс сапарының аяғында облыс басшысының орынбасары аудандағы құрылыс нысандарының мердігерлерімен кездесті. Отырыс барысында облыстан келген басқарма және мекеме басшылары осы салаға қатысты заңнамалардағы жаңа өзгерістерге тоқталып, жиналғандар сұрағына жауап берді. Сондай-ақ аудан көлемінде «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы тартылып жатқан су құбырларының жұмысымен танысты.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН