22.11.2019, 15:49
Қараулар: 127
Жерлестерінің ықыласына бөленді

Жерлестерінің ықыласына бөленді

Ақжайықтықтар Кореяның Чхонджу қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан туын желбіреткен жерлесіміз Болатбек Райымқұловты қошеметпен туған жерінде қарсылады. Жерлесіміздің ересектер арасындағы әлемдік додаға бұл бірінші қатысуы екен, алғашқы жарысында-ақ күмісті қанжығасына байлаған спорт майталманын алдымен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдап, айтулы жеңісімен құттықтады. «Байрақты бәсекеде Қазақстан мәртебесін биіктеткен сіздің жеңісіңіз бәрімізді рухтандырып жіберді. Алдағы уақытта жұлдызың жанып, жеңіс тұғырында биіктей бер»,–дей келіп, аудан басшысы Б.Райымқұлов пен оның жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиевке өзінің Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.

Осыдан соң олар балуанның туған ауылы – Тайпаққа келіп, жұртшылықпен жүздесті. Спортшыны асыға күткен ауыл ақсақалдары, жастар, білім алған Краснояр орта мектебінің ұстаздары мен шәкірттері жиналған басқосуда еңбек ардагері Ғайнолла Садыров сөз сөйлеп, жерлестерінің жас спортшыдан күтетін үміті зор екенін, әрдайым қолдау көрсетуге даяр екенін айтты. Айтса, айтқандай-ақ, ауыл азаматтары туған елінің атын асқақтатып, ақжайықтықтардың мерейін асырған Болатбек Бауыржанұлы мен оның жаттықтырушысына ақшалай сыйлық тарту етті. Спортшының  ұстаздары сөз сөйлеп, ауылдағы ұл-қыздардың осындай ағаларына бой түзеп өсетінін мақтанышпен айтты.

Болатбектің жетістігіне дән риза болған жергілікті кәсіпкерлер Марат Табылдиев пен Хамидолла Жарылғасов жұлдызы жанған інісіне әрқайсысы бір-бір ат мінгізді.

Спортшымен бірге елге жерлестеріміз, әлемнің 4 дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров пен әлем чемпионаттарының жүлдегері Медет Оңдағанов болды.

Әсия Шырай.