22.11.2019, 16:00
Қараулар: 137
Балғын балуандар бәсекесі

Балғын балуандар бәсекесі

Жылма-жыл ауданымызда көптеген нысандар бой көтеріп, ескірген ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін жасалып жатқан жұмыстар да жетерлік. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі 67,1 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. 2003 жылы жұмысын бастаған ғимараттың еден тақтайлары ауыстырылып, іштегі ауа айналымын жақсартатын жаңа құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар қосалқы бөлмелер жасақталып, жастардың жаттығу жасау аясы кеңейді.  Спортсүйер қауым үшін жағымды жаңалық аясында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне орай еркін күрестен 2003-2005 және 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында Ақжайық ауданының ашық біріншілігі өтті.

Сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысып, балғын балуандарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар БЖСМ ғимаратын уақытылы әрі сапалы күрделі жөндеуден өткізген «Өркен Сервис» ЖШС ұжымына ризашылығын білдірді. Спорт ардагері Дәулет Мұңайтпашев та ізбасарларын мерекелерімен құттықтап, ел намысын қорғайтын чемпион болуларын тіледі. Байрақты бәсекеге Орал, Ақсай қалалары мен облысымыздың Бөрлі, Тасқала, Казталов аудандары және Ақжайық ауданының ауылдары қатысты. Сонымен қатар көршілес Атырау облысының Индер ауданынан да спортшылар келіп бақ сынады. Боз кілемде 150-ден астам спортшы жас ерекшелігі бойынша екі топқа бөлініп, 16 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен бәсеке өте тартысты өтті. Белдескенді алып та, шалып та жығу үшін бап пен бақ қатар келу керек болса, осы орайда ауданымыз алдыңғы орынды бермей, 9 бірдей балуан алтын алқа тағынды. Айта кетер болсақ, чапаевтық Бекарыс Ахмет, Ерасыл Бақтыгерей, Ануар Бегимов және Сұлтан Садық біріншілік чемпионы атанса, Жайық ауылының намысын қорғаған Есен Дошатов пен Еламан Қанатовтар да жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді. Сондай-ақ Қабыршақты ауылының қос балуаны Бөкейхан Сүйеуғали мен Әли Ибат қарсылас шақ келтірмей, бірінші орын иеленсе, алғабастық Нұрқанат Демесін де жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жарыс жүлдегерлері Ақжайық аудандық БЖСМ атынан диплом және медальдармен марапатталды.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

Cуреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ