22.11.2019, 16:02
Қараулар: 147
Жастардың жаңа бастамасы

Жастардың жаңа бастамасы

Орал – Атырау тас жолының 238 шақырымдық бөлігі Ақжайық ауданының территориясынан өтіп жатқандықтан жол-көлік оқиғасы жиі орын алып жатады. Жолдың осы бөлігінде жыл басынан бүгінгі күнге дейін жол-көлік оқиғасы салдарынан 18 адам қаза тауып, 23 адам түрлі дене жарақатын алған. Қара жолдағы қайғылы оқиғалардың басты себептері автокөлік жылдамдығын арттыру мен түнгі мезгілде трасса бойында малдың жайылуы. Айта кетер болсақ, биылғы жыл басынан бері малдардың жолға шығуы кесірінен 52 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі аудан жастарымен бірлесіп, үлкен бастама көтерді.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ауылдық үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған жобасын облысымызда жүзеге асыру мақсатында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі бес шағын грант бөлген болатын. Ақжайық ауданы бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жоба жасақталып, қаражат көлемі 570 мың теңгені құрайтын шағын грантқа ие болдық. Бөлінген қаражатқа 2 500 метр жарық шағылыстыратын лента сатып алып, аудандық ветеринария инспекциясының мамандарымен бірлесіп, ірі қара малдардың мойнына қарғы тақтық. Түнгі уақытта трассаға шыққан малдың мойнындағы лента автокөліктің жарығына шағылысып, жүргізушіге жылдамдықты азайту керектігін меңзейді. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен тас жол бойына екі МАИ көлігінің макеті мен төрт сиырдың сұлбасын орнаттық. Бударин және Тайпақ ауылдарының маңына жыл басынан бері орын алған апатты оқиғалар мен қайғылы жайттардан хабардар ететін ақпараттық баннер орналастырылды. Қазіргі таңда жол бойында орын алып жатқан оқиғаларда зардап шегетіндердің көбі жастар. Біз осы жоба арқылы жастарды жол қауіпсіздік ережесін сақтауға тәрбиелеп, оқыс оқиғалардың алдын алғымыз келеді»,- дейді «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асланбек Саламатов. «Жас келсе іске» демекші ауыл ақсақалдары да жаңа бастамаға қолдау білдіруде. Бударин ауылының тұрғындары үшін бұл бастама айтарлықтай оң өзгеріс әкелері анық. «Біздің ауылымыз Орал – Атырау тас жолының ең қауіпті учаскесінде орналасқан. Соның салдарынан жол апаты осы тұста жиі орын алады. Өткен жылы тас жол бойынан екі сиыр машинаға қағылса, биылдың өзінде екі ірі қараның қатысуымен оқыс оқиға тіркелді. Бұл тек ресми дерек қана, тіркелмей «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып жатқаны қаншама. Сондықтан ірі қара мойнына жарық шағылыстырғыш  лента тағып, жастар бастама көтеріп жатыр екен, онысын ауыл тұрғындары түгелдей қолдайды. Күре жолдың бойындағы кез-келген ауылдың азаматтары малының мойнына осындай сақтандырғыш белгі байлауы тиіс. Дамыған елдердің өзінде қараңғы көшеде машина жарығына түсу үшін адамдар киіміне де тігілетін бұл лентаның пайдасы зор деп есептейміз. Әйтпесе жолдағы малға соғылып, қанша ғұмыр қыршыннан қиылды. Енді апатты жағдай орын алмауына бәріміз үлес қосуымыз керек», деді Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев.

Ия, діттеген жерге мезгілінде жету үшін салынған тас жол соңғы кездері суыт хабардың жаршысына айналғандай. Бірер минут ертерек жету үшін басын бәйгеге тігетін жүргізушілерге жергілікті билік өкілдері біраз шара қолданып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жүр. Алайда, апат азаймай тұр. Енді, міне, жастардың бастамасымен жеке адамдардың малына жарық шағылыстыратын қарғы тағылуда. «Ақжайық өрендерінің» бұл бастамасын ел болып, қолдап әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ