22.11.2019, 16:08
Қараулар: 167
Велоспортқа қолдау молынан, жетістік те айтарлық

Велоспортқа қолдау молынан, жетістік те айтарлық

Бала кезімізден жақсы таныс көліктің түрі – ол, әрине, велосипед. Үш аяқты «Балдырғанды» тепкен балақай қашан есейіп, аға-апаларындай көшенің шаңын бұрқыратып, қос дөңгелекті зырлатқанша асығатын. Бүгінде де велосипедтің түр-түрі бар. Көзіміз үйренген ауыл ішіндегі серуенге арналған қарапайымдарынан бастап, бірнеше жылдамдықпен жүйткитіні, тау жорықтарына арналғаны дейсіз бе, балалармен бірге ересектер де осылардың қай-қайсының қызығына белшесінен батып жүр. Кейде аудан орталығының көшелерінен арнайы форма киіп, спорттық велосипедте желмен жарысқан жасөспірімдерді көріп жатамыз. Олар – осындағы велоспорт үйірмесіне қатысушылар. Бүгінгі мақаламызда ашылғанына 3 жыл болған аталмыш үйірменің атқарған жұмысына, жас велошабандоздардың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталмақпыз.

Бүгінде Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер Аслан Нұрымов жетекшілік ететін бұл үйірмеде 24 жас спортшы велоспортпен айналысуда. Ең алғаш ашылуына себепкер болған жергілікті биліктің қолдауымен үйірме мүшелері барлық керек-жарақтарымен қамтылған. Алғаш ашылған сәтте аудандық бюджеттен 4 велосипед сатып алуға 1 миллион теңге бөлініп, Абай атындағы мектеп-гимназия интернатының ғимаратынан арнайы орын бөлінді. Соңынан облыстық спорт басқармасынан қажет тренажерлер жеткізіліп, үйірме мүшелерінің алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалды.

Әрине, қай спорттың түрі де еңбекқорлықты, ептілік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ, расы көп жұрттың велоспортқа оншалықты мән бере қоймайды. Оларды тек велосипед тебе алса, болды емес пе деп түсінетіндер де бар. Жаттықтырушы Аслан Нұрымов бұл пікірдің жаңсақ екенін айтады: «Велоспорт –  спорттың ең ауыр түрі. Ол күш пен жылдамдықты қажет етеді. Денсаулық үшін пайдасы зор. Бұл спорт түрімен айналысатындардың физикалық жағынан жақсы дамуын, сонымен қатар ойлау қабілетінің ұшқырлығын жақсарта түседі».

Үйірмеге келген бала бірден велосипедке отырмайды екен. Ең алдымен олардың аяқ күшін жетілдіріп, жаттықтырады. Себебі қос дөңгелекті жүйткіген жылдамдықта тепкенде бар салмақ ең алдымен аяққа түседі. Сонымен  қатар жол ережелерін білу де өте маңызды. Көлік жүргізушілер үшін жол ережесін білу қаншалықты қажет болса, велошабандоздар үшін де соншалықты керек. Аяғына күш жинап, жол ережесін зейініне тоқып алған соң ғана «шайтанарбаға» отырғызады. Велоспортта майда-шүйде деген болмайды. Мұндай велокаска, велокиімнің, аяқ киімнің де маңызы айтарлықтай. Мәселен, велофутболка желден қорғауға арнап тігілген болса, велотуфлидің аяққа жеңіл болумен қатар, спортшының табанын ауыртпауы керек. Мұндай киімдермен спортқа қатысатын әрбір бала қамтамасыз етілген. Жаттығу жұмысынан кейін балалар өз велосипедтерін мұқият тазалап, ақаулықтары болса, жөндеуге үйренеді. Бұл күн сайынғы дағды десе де, болады. Әркім өзінің «темір тұлпарын» ұқыптылықпен баптайды. Себебі, жарыстарға шығарда велосипедтің сақадай сай дайын тұруы – әр спортшының өз жауапкершілігінде. Сондықтан дөңгелегінің, рулінің беріктігі, тежегіштің істен шықпауы, осының бәрі велошабандоз үшін күнделікті іс.

Айта кету керек, велоспорт үйірмесі облыс аудандарының ішінде тек біздің ауданда ғана ашылған. Үйірме жетекшісінің айтуынша, оның ашылуына бастамашы болған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Асқар Шораев. Зейнетте болса да, облыстық велоспорт федерациясын басқаратын жерлесіміз ауданымызда велоспортты дамытуға мүмкіндіктердің бар екенін алға тартып, аудан басшылығы бұл бастаманың жүзеге асуына тікелей ұйытқы болыпты. «Біздің үйірме облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне қарайды, әйткенмен жергілікті басшылық тарапынан қолдауға зәру емеспіз», — дейді үйірме жетекшісі. Газеттің өткен санында хабарлағанымыздай, әрқайсысы 400 мың теңге тұратын қос велосипед балаларға тарту етілді. Үйірме қатысушыларымен емен жарқын жүздесуде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жергілікті бюджет есебінен үйірме жабдықтарын жаңартылатынын айтты.

Жас велошабандоздар әйгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровпен жүзбе-жүз таныс. Үйірме жаттықтырушысы өзінің бірнеше шәкіртімен Атырау қаласында өткен «BikeRide» жобасы аясында алғашқы қайырымдылық велошеруде Александр Винокуровпен кездескен болатын. Олимпиада чемпионы Чапаевтағы аталған үйірменің тынысы жайында егжей-тегжейлі сұрастырып, Асланның ізденісіне, жасы 12-13 жастағы шәкірттерінің талабына аса риза болған еді. Міне, содан бері велоспорт үйірмесінің шәкірттеріне А.Винокуров атындағы спортты қолдау және дамыту жөніндегі қоғамдық қорынан 700-800 мың теңгенің көлемінде арнайы велокиім-кешек, велоқұрал-жабдықтар сыйға келді. Енді алдағы жылы қор қаражатына жаңа велосипед, оған қажет заманауи құрылғылармен қамтуды да жоспарлап отыр.

«Темір тұлпарға» мінген қаракөз балалар талай жарыстарда алдына жан салмай, оза шапқанын бірі біліп, бірі білмейді. Жан-жақты демеудің арқасы – небары үш жылдың ішінде үйірме мүшелерінің қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Берік Орынбай, Сағжан Қошай 2016, 2017 жылдары облыс жастары арасында өткен маутинбайк жарыстарында жеңіс тұғырына көтерілді. Биыл да балғын велошабандоздардың еншілеген жүлдесі  мол-ақ.  Әлішер Серікқан Қызылорда облысында өткен республикалық  көпкүндік веложарыстың командалық сынында жеңіске қол жеткізсе, аудандық жекелей сынның жеңімпазы Мақсат Сауранбек облыстық маутинбайк жарысының жүлдегері атанды. Аты аталған екеуі де облысымыздың велоспорттан құрама командасының мүшелері. Күні кеше Орал қаласында ұйымдастырылған облыс чемпионатында олар өздерінің спорттық шеберліктерін дәлелдеп, 2020 жылы халықаралық жарыстарға қатысуға лицензия иеленді. Аудан үшін зор мерей – үйірме қатысушысы Әнес Уапов биыл спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мамандырылған мектеп – интернатына қабылданды.

Әрине, әр істің жандануы, серпін алуы үшін кәсіби, білікті маман қажет. Үйірме жаттықтырушысы Аслан Нұрымовты өз ісінің фанатигі десек, әсте артық айтқанымыз емес. Дарынды балаларға арналған спорт мектебінің түлегі үш жылдан бері осы үйірме жұмысының ыстық-суығын басынан өткеріп, оның жандануына бар ынта-жігерін салып қызмет етіп келеді. «Әрбір жаттықтырушы өз жұмысын сүйіспеншілікпен атқаруы тиіс. Таланттың бәрі ауылдан шығады десек, қызметте мақсат пен ынта тоғысқанда, 1 емес, 5 чемпион тәрбиелеп шығуға болады. Бастысы, ізденіс, талпыныс керек», дейді ол.

Бүгінде бала қандай спорт түрімен айналысамын десе де, еш кедергі жоқ. Ауданымызда спорттың дамуына жан-жақты жағдай жасалып жатқанына көпшілік куә. Бір ғана мысал, бір ғана спорттың түрі – велоспорт жасөспірімдердің шынығып өсуіне, сонымен қатар болашаққа мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге ұмтылуына тәрбиелеуде. Демек спорт тек денсаулық негізі ғана емес, тәрбиенің де мықты құралы.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ