28.11.2019, 16:33
Қараулар: 111
Бударинде жаңа спорт алаңы

Бударинде жаңа спорт алаңы

 Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту бағдарламасына сай Бударин ауылында спорт алаңын «ОралСтройТехСнаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшы-қызметкерлері сәтті мәреледі. Аудандағы көлемі үлкен алаңдардың бірі болып табылатын мұнда шағын футбол, волейбол, баскетболмен айналысуға толық мүмкіндік бар. Ұзындығы 40 метр ені 20 метрлік алаң биіктігі 4 метр темір тормен қоршалған. Бұл спорт алаңының сапасы өте жоғары, бес жылға дейін кепілдік берілген. Жасыл түсті жасанды резіңке жабынның ауданы 800 метр. Нысанға аудан қазынасынан 7 млн 896 мың теңге жұмсалды. Ауыл әкімшілігі де демеушілердің көмегімен жастардың кешкі уақытта да спортпен айналысуға мүмкіндігі болу спорт алаңын жарықтандыруды жоспарлапты.

Осы күнге орай өткен салтанатқа жиналғандарды аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтады. — Біраздан бері жоспарланған осындай нысан, міне, игіліміз үшін бой көтерді. Соңғы үш жылда ауданымызда осындай 11 спорт алаңы ашылса, биыл тағы 7-еуі пайдалануға берілді. Дене шынықтыру мен спортты өркендету мақсатында ауқымды істер әлі де жалғасын таба береді. Енді мұндай шағын алаңдарды ауылдарға салуды біртіндеп қолға алатын боламыз. Спортшыларымыз да осындай қолдауға сай жеңісті сәттерімен, толайым табыстарымен қуантуда. Осы саладағы саңлақтарымыз әлемдік, халықаралық ареналарда топ жарып, туған жерінің, елінің айбынын асырып, абыройын тасытып жүр. Бүгінгі шараға келген балдырғандарымыздың да ертең ел байрағын желбіретіп, ауданымыздың мерейін асырары анық. Халық үшін игі іс атқарып, құрылысты уақтылы аяқтаған мердігерге, іске атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді ол.

Шарада ардагер-ұстаз Хамид Сақауов ауыл тұрғындары атынан ақжарма алғысын білдіріп, жаңа нысанның ауылда спортты дамытуға жаңа серпін беретініне сенімін білдірді. Мұнда спорт жарыстарын өткізуге, жастарды бұқаралық спортқа баулуға барлық мүмкіндіктер бар екен. Осы алаңдар бос тұрмай, жастардың қарасы көп болатынын сеніммен айта аламын», — деді ақсақал.

Ашылу салтанатында ауылдық округ әкімі Шоқан Мұсағалиев осы алаңның құрылысына араласып, қызмет атқарған жергілікті азаматтар Артур Есентаев пен Азамат Нарынбаевқа алғыс хат табыстады. Айта кету керек, небары 25 күннің ішінде атқарылған құрылыс жұмыстарына ауылдың 8 азаматы түрлі қызметтерге тартылған. Сонымен қатар мердігер ұжымның басшысы Иманғали Құбашев сөз сөйлеп, ауданда серіктестіктің осымен бесінші спорт нысанын табыстағанын мәлімдеді. Ауыл спортшыларына кәсіпкерлер  Әсет Аманғалиев, Анна Белугина, Владимир Искалиев, Мират Мендығалиев, Амантай Сапаров қаржылай қолдау көрсетіп, спорт доптарын тарту етті.

Спорттық алаңның лентасын Қ.Ш.Айтмұхамбетов пен Х.Сақауов қиды.

Артынша Тұңғыш Президент күні және спорт алаңының ашылу құрметіне орай шағын футболдан жолдастық кездесу жалауын желбіретіп, Алғабас, Қабыршақты, Жаңабұлақ, Янайкин ауылдық округтерінің, «Жігер» спорт клубының және алаң иелері Бударин ауылдық округінің құрама командалары бап пен бақтың таласына түсті. Кілең мықтылардан құралған командалардың барлығы да бас жүлдеден дәмелі екендіктерін алғашқы сәттерден-ақ көрсетті. Ширақ, шымыр, шебер спортшылар жеңісті еншілеу үшін ойынға барын салып, көрермендеріне тамаша әсер сыйлады.

 

Ә.ШАРАПИЕВА

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ