28.11.2019, 16:43
Қараулар: 148
Дербес бюджетке дайындық пысықталды

Дербес бюджетке дайындық пысықталды

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында халық саны 2000-ға жетпейтін ауылдық округтерге 2020 жылдан бастап төртінші деңгейлі, яғни, дербес бюджет енгізу жөнінде семинар өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің өңіраралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Мақсот Құрықбаев және Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сейткулов қатысты. Семинарды аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов ашып, жүргізді. «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» стратегиялық бағдарламасының 98-қадамында «Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңызды қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады. Облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді» деген болатын. Осыған сәйкес ҚР бюджет кодексіне де бірқатар өзгерістер енгізілді», дей келе, шара спикерлеріне сөз берді.

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе, яғни, бюджеттің кірісін жоспарлау бойынша БҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Ғалым Жұбанышев тыңдармандарға құнды ақпарат берді. Бұрын аудандық бюджет арқылы қаржыландырылып келген ауылдық округтер келер жылдың басынан төртінші деңгейлі бюджетке көшетіндіктен өз кірістері мен шығыстарын жоспарлауда аса мұқият болу керектігін айта келе, айыппұл мен өндіріліп алынатын қаражаттарды болжау дұрыс еместігін ескертті. Сонымен қатар биылғы Президент Жолдауына орай, келер жылдан бастап арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін енетін каникулға да тоқталып, үш жылға салықтан бостытылатындар мен ҚР Салық Кодексіндегі өзгерістерді де атап өтті. Көлік салығының төлеу мерзіміне де өзгерістер енгізу туралы заң жобасы парламентке ұсынылған екен. Айта кетер болсақ, бұрын мүлік иелері жыл аяғына дейін көлік салығын төлемей жүріп, тек желтоқсан айында төлем жүргізіле бастайтын болса, жаңа заң жобасы бойынша көлік иелері салықты 1 сәуірден асырмай берешектен құтылуы тиіс.

Басқосудың екінші спикері БҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева бюджеттік процедуралар  туралы айта келе, бюджеттік өтінімдердің негізсіз болмауын қадағалау керектігіне тоқталды. Сонымен қатар бюджетті бекіту уақытына да өзгерістер енгізілуі мүмкін екені де осы отырыста айтылды. Бұл басқосуда Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің өңіраралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Мақсот Бақытұлы өңірлердегі кадр жетіспеушілік мәселесіне орай, келер жылдан бастап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызмет саласы да енуі мүмкін екенін және бағдарламаны қаржыландыру Республикалық немесе жергілікті бюджеттен жүзеге асырылатынын айтты. Яғни, жергілікті аудан немесе ауылдық округ өзіне керек маман бойынша бағдарламаға қаражат бөледі. Сонымен қатар халық саны 2000 ға жетуіне байланысты төртінші деңгейге ерте өтіп кеткен ауылдық округтер теңгеріміндегі балабақшалар аудандық білім бөліміне кері қайтарылатын болады. Осыған орай келер жыл жоспарын құрған кезде осы мәселені ескеру керектігі айтылды.

Бұрын аудандық мәслихат сессиясында бекітіліп келген ауылдық округ бюджеті енді қоғамдық қауымдастықпен келісу арқылы жүзеге асатын болады. Шалғай елді мекендердегі тағы бір өзекті мәселе есепші мамандардың жетіспеуінен туындаса, осы орайда ауылдық округтерге орталықтандырылған бухгалтерия құру да жоспарда бар көрінеді.

БҚО құқықтық статистика және арнайы есеп басқармасының прокуроры Нұрсұлтан Джурабеков әкімшілік айыппұлдар бойынша жергілікті әкімдіктер толтыратын хаттамалар мен оларды базаға енгізу жөнінде слайдпен түсіндіріп, округ әкімдерінің сұрақтарына жауап берді. Сала маманының айтуынша жыл басынан бері облысымызда 120 мың әкімшілік іс қозғалса, соның 148-і ғана әкімдіктердің еншісінде екен. Бұл жергілікті билік өкілдері құқықбұзушылық орын алған сәтте өз құзыреті шеңберінде қажетті деңгейде әкімшілік шара қолданбай отыр деген сөз.

Сонымен қатар БҚО қаржы басқармасының бөлім басшысы Нұркен Хамбетов жиналғандарға коммуналдық мүлік бойынша кеңес беріп, көптеген мәселелерде қаржылық құжаттар толтыру заңдылығына тоқталып өтті. Әсіресе коммуналдық меншікті жекешелендіру, жалға беру бойынша округ әкімдерінің сұрақтарына жауап беріп, жекеден коммуналдық меншікке өткізу жолдары бойынша кезең-кезеңімен түсіндіріп шықты. Үш сағаттан астам уақытқа созылған семинарда қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, облыс басшылығына өз ұсыныстарын жеткізді.

 

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ