28.11.2019, 16:52
Қараулар: 138
«Сулы газдың» сергелдеңі қашан бітеді?

«Сулы газдың» сергелдеңі қашан бітеді?

Жайық бойын жағалаған жұртшылықтың көп жылдан бері көкейінде жүрген «аяз қысқанда газ жылуы жете ме?» деген бір сұрақ биыл да мазалайтын түрі бар. Жаз бойы күркіреген көгілдір отын қысымы, салқын түсе саябыр тартып, үй жылытпақ түгіл, шәйнек қайната алмай қалып жатады. Қара суық басталып, күрт суытқалы осындай жағдайлар жиі кездесуде. Бұл тек аудан орталығында. Ал шалғай елді мекендердегі, әсіресе өзеннің арғы бетіндегі ауылдарда жағдай мүлде мәз емес көрінеді. Әсіресе Кеңсуат, Есенсай ауылдарында күз басталысымен әлсірей бастайтын қысымды былай қойғанда, өткен аптада құбырдағы ақау салдарынан күні бойы газ болмау жағдайы тіркелген екен. Қыстың қытымыр аязында ақжайықтық ағайын құбырдағы конденсаттың кесірінен жылусыз қалған жайт бір емес, бірнеше жыл қатарынан орын алғаны баршаға мәлім. Биыл қалай болмақ? Газет оқырмандарын да ойландыратын осы сұрақ.

Жақында редакциямызға Нұрғаным (есімі өзгертілген) есімді  оқырманымыз келіп газ мәселесі бойынша көңілінде жүрген біраз түйткілді баяндады. «Жазда суға, қыста газға жарымайтын жағдайға жеттік. Су мәселесі болашақта шешіледі деп жатыр ғой. Мәселе газда. «Айтып-айтып Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киіп болдық. Әсіресе күз келіп, қарасуық басталғаннан газдан берекет кетеді. Мысалы, өткен жылдары қақаған қыс мезгілінде үш күнге дейін газ тоқтап, жылусыз отырған кездер болды. Телефон шалсаң, «уақытша техникалық ақауға байланысты» деп құтылады. Қазақы сабырға салып, шыдап бағамыз. Алайда күн күрт суыса да, жылыса да, мал-жаннан бұрын осы көгілдір отынды уайымдайтын жағдайға жеттік. Бастапқы жылдары табиғаттың тылсымына балап, ашуды сабырға жеңдіріп келгенбіз. Алайда, жылма-жыл «жүйелі» қайталанып келе жатқан бұл проблема биыл шешілді ме? Әйтпесе салқын түскелі ошақтағы жалын сығырайып, үйді жылытпайтын жағдай жиі орын алып жүр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деп,  аяз қыса бастағанда күдікті ойдан берекетіміз кетеді», дейді зейнеткер.

Оқырманның наразылығы жөн-ақ. Ақысы төленгеннен кейін сапалы қызмет талап ету – нарықтық экономика заңдылығы. Газ тасымалдаушы мекеменің немесе көгілдір отынның ошаққа дейін сапалы жүруіне жауапты маманның олқылығы үшін неліктен тұтынушы зардап шегуі тиіс?! Біздің өңірде монополистік ұстанымның халыққа тигізген салмағының салдары ма, әйтеуір алыстағы ағайын көпшілік жағдайда көнбістік танытып, «бассыздыққа» да бақилы болып жүре береді. Күллі оқырманымыз жағдайдан құлағдар болып отыруы үшін жауапты мекемеге жолықтық. «Қаз Транс Газ» АҚ БҚО өндірістік филиалы Ақжайық газ шаруашылығының директоры Айбулат Анесов: «Салқын түсе газ қысымының төмендеуінің басты себебі – ауданымызға газ тасымалдайтын «Ростоши – Тайпақ» жоғарғы қысымды газ құбыры басында мұнай құбыры болып салынып, кейіннен оның бойымен су да айдалғандығында. Тоқсаныншы жылдардың басында аудандарды газбен жабдықтау басталғанда, осы ескі құбырды газ тасымалына пайдалану жөнінде шешім қабылданады. Бір кезде жердің рельефіне байланысты құбыр бойында қалып қойған су  кейіннен газ тасымалы кезінде көп кедергі келтірді. Ресейден өңделіп, бізге жеткен газды аталмыш трасса арқылы жіберген кезде қалдық сулармен газ құрамы ылғалданады да, жылы жер астынан салқынға жеткенде конденсат пайда болып, құбыр ішіне қатып қалу фактілері жиі ұшырасады. Енді көгілдір отынның қатуы биыл да қайталана ма деген мәселеге келер болсақ, газ құбыры толық қайта жаңартылмайынша, бұл мәселе шешілмейді. Біз өз тарапымыздан облыстық басшылыққа құбырларды қалпына келтіру бойынша хат жолдап, орын алып жататын жағдайларды баяндаймыз. Бұл жағдай аудандық деңгейде шешілетін мәселе емес. Тек өткен жылы инвестициялық бағдарлама бойынша  газ трассасының 16 шақырымы ғана полителен құбырмен алмастырылып, қайта жаңартылды. Биыл ол жұмыс жалғасын таппады. Осылай кезең-кезеңімен жұмыс жалғаса беруі керек болатын, әзірше өзгеріс жоқ. Өткен аптадағы арғы беттердегі ауылдарда газдың болмауы жер асты құбырындағы ақаудың салдарынан орын алған болатын. Бір сағат төңірегінде бес ауыл газсыз отырды. Құбырды қалпына келтірген соң, қайта іске қосылды», деп, жағдайды баяндады.

Сонымен қатар «газ есептегіш құрылғы құбыр бойымен келетін қысымы төмен метанға да сапалы газдың көрсеткішін шығара ма?» деген оқырман сауалын сала маманына қойдық. «Жоқ, есептегіш құрылғы газдың қысымына сай есеп жүргізеді. Яғни, неғұрлым газ қысымы төмен болған сайын, көрсеткіш те аз болады. Кейбір тұрғындар газ құрамында ауа бар деген уәжді алға тартады. Бұл жаңсақ пікір. Біз құбырмен келіп тұрған газ құрамына ауа қоса алмаймыз. Сонымен қатар көршілес аудандармен де салыстырып жатады. Қазіргі таңда құбыр бойына жиналған судың кесірінен зардап шегіп отырған біздің аудан мен Бәйтерек ауданы және Теректі ауданының бес елді мекені. Ал, көршілес Жаңақала, Тасқала аудандары көгілдір отынды «Средняя Азия – Центр» магистралді газ құбырынан алып отырғандықтан сапасы жоғары. Себебі газ еш қоспасыз құрғақ, таза күйінде жетеді. Тіпті біздің ауданға қарасты Алғабас ауылы да осы құбырға қосылғандықтан, оларда ешқандай келеңсіздік орын алмайды. Ал біздерде, жоғарыда айтқандай ескі құбыр бойындағы түрлі химиялық қалдықтар мен судың араласуы салдарынан газдың сапасы нашарлайды», дейді Айбулат Анесович.

«Сапасы төмен газға жоғары сапалы газдың құнын төлеу қаншалықты дұрыс?» деген  сұрақтың санада туатыны заңды, әрине. Ия, азуымызды айға білеп, аудандық деңгейде қанша қаужасақ та, бұл мәселе жуық маңда шешімін таппайтынға ұқсайды.

Әйтеуір аяз қысып, қардың сызынан хабар келе бастаса, Ақжайық жұртшылығы жарық пен газға алаңдап, мазасыз күй кешеді. Бізге хабарласқан оқырманымыздың айтуынша, былтыр емес оның арғы жылы газдың тоқталуы салдарынан үйдегі жылыту жүйесі жарылып, қыстың көзі қырауда жөндеу жүргізуге тура келіпті. Жылыту батареяларынан аққан су еден төсемесін бүлдіріп қана қоймай, көпке дейін кеппей, кейуананы біраз әбігерге салған көрінеді. Зейнеткердің әңгімесінен ұққанымыз – өткен жыл да біраз әуре-сарсаңға толы болған сыңайлы.

Халық осылай дейді, ал, ауданға газ таратушы мекеме жауаптыларды «жоғарыдан» іздеу керек екенін айтады. Халықтың түсінбейтіні бір-ақ нәрсе. Мемлекет еншісінде болған кез-келген ірі кәсіпорындарды жекеге беріп, барлық қызмет түрлерін бәсекеге қабілетті ортаға шығырсақ, аузымыз ақ майға былғанатындай болған идея, монополистердің кесірінен көз алдымызда алыстап, буалдыр сағымға айналғандай ма, қалай? Әйтпесе, облыста білдей мекеме ашып, шалқайып жүргендер ауылдағы ағайынға тегін қызмет қылып жүргендей кісімсуді қойып, ақысына сай сапалы қызмет қылатын уақыт жеткен секілді. Қалай десек те, қарашадан кейін мамыр тумайтыны кәміл. Біздің жағдай осындай, ал алдымызда қылышын сүйреп қыс келе жатыр.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар