28.11.2019, 17:06
Қараулар: 105
Туған жердің төріндегі жыр кеші

Туған жердің төріндегі жыр кеші

Сайқұдық ауылы жерлесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, облыс ақыны, жұбантанушы, «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызына қошемет көрсетілді. Осында ақынның 65ке толған мерейжасына орай «Жақсылармен жүздесу» атты шығармашылық кеші өтті. Тағлымды шараға Үзілдік Елеубайқызының өнер жолындағы сырластары Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы Дариға Мұштанова, «IQanat» республикалық қоғамдық ұлттық қорының облысымыз бойынша координаторы, тіл жанашыры Гүлнәр Әлжанова, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары және мектеп оқушылары қатысты.

Туған жерін киесіне, елін алтын тұғырына балаған ақын қызының :

Сайқұдық жеткізбейтін қыран далам,

Сұлу жыр, сұлу қыздай бұлаңдама.

Мінгізген жырдың жүйрік сәйгүлігін,

Ақын қып Сағынғали, Жұбанға да,

Сайқұдық талайлардың сыйлы Отаны,

Ол өзін топырағымен сыйлатады.

Келгенде алыс жолдан аңсап сені,

Туған жер топырағында аунатады, — деген жыр жолдарымен басталған бұл кеште өрелі ой да, жауһар жыр да, ақжарма тілек те ақтарылды.

Алдымен жұбантанушы ақын халқымен амандасып, жыр кештерінің жер-жерде өтіп жатқанын, бірақ туған жердің төсінде ауылдас-сырластарымен жүздесу ерекше ыстық, жөні бөлек екенін тебірене айтты. Расында да, ыстық ықыласқа, шынайы құрмет пен ізет төгілген шарада сайқұдықтықтарының ақын қыздарымен мақтанып, марқаятыны анық байқалды. Сахнаға көтерілген досы Дариға Мұштанова сайқұдықтық ақынның айтыстағы ұтымды ұйқастарымен өрілген  теңеу-тіркестері, сахнадағы ерекше мәнері турасында сыр шертті. Сайқұдық ауылдық мәдениет үйінің директоры Қамал Орынбаев жерлес апасының ауылдың өркендеуіне сіңірген қызметі мен еңбегін, ауыл асылдарының мол мұрасын жинақтап, қазіргі ұрпақ үшін сақтай біле алғандығы жайында айтып берді. Сонымен қатар ақынның сыныптасы Болат Бақтығалиев те құрдасының адами қасиеттерін тізбектей келіп, мерейлі жасымен құттықтады.

Жайық өңірінде Үзілдік Елеубайқызының жырларын әнге қоспаған сазгер кемде-кем. Соның бір айғағы – бұл кеште «Анам – қамқорым», «Дарабоз бір бәйтерек» әндерін жергілікті өнерпаздар Зарина Темірғалиева мен Амангелді Айбек шырқады.

Ақын саналы ғұмырын арнаған Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектептің директоры Райса Бисенбаева ауылдастары атынан ақынға сый-қошеметін ұсынды.

Үзілдік Елеубайқызына өміржолы, еңбекжолынан залдан оқушылар сұрақ қойып, әдемі әңгімемен өрілген кеш оның туған жерге деген ілтипатын жеткізген «Сайқұдық – жыр әнім» туындысымен қорытындыланды.

Әсел САҒЫН,

Сайқұдық ауылы