28.11.2019, 17:08
Қараулар: 149
Жадымызда мәңгі өмір сүреді

Жадымызда мәңгі өмір сүреді

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Кез-келген адам тарихи тұлға атанып, күллі халыққа танылмаса да, өзінің шағын отаны – отбасындағы орнымен ұрпағының санасында жаңғырып жүретін жандар жеткілікті. Бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесінде әкенің рөлі айрықша.  Редакция алқасының көмегімен бүгінгі шағын мақаламды өз ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, ауылдастарының жадында қалған  әкем Сапи Халинге арнағым келеді.

Біз қарапайым отбасында тәрбиелендік. Әкем Сапи 1929 жылы дүниеге келген. Анам екеуі 8 баланы бағып-қағып өсірді. Алайда анамыз жастай дүниеден озды. Мен ол кезде 7 сыныпта оқитынмын. Менен кейін ержетпеген әлі екі інім бар болатын. Екі ағам мен екі әпкем шаңырақ құрып бөлек кетті де, үйде қалған кішкентайларды тәрбиелеуде бар жүк әкемнің мойнына түсті. Осы аралықта үйдегі ағам да әскерге кетіп,  үй тірлігінің қамытын мен кидім. Ол кез мен үшін өте ауыр еді. Алайда, әкемнің демеуімен бар қиындыққа тез үйреніп кеттім. Үй шаруасы ол кездегі ересек ұл-қыздардың күнделікті тірлігі болатын. Алайда бой жетіп келе жатқан қыз бала үшін ана құшағы мен аялы алақанының қаншалықты қажет екенін осындай жайтты басынан кешкен оқырман түсіне жатар.

Менің айтпағым басқа, менің жаным торығып жүрген тұста жан әкем ана орнына ана бола білді. Бала болған соң қателеспей жүрмейміз, осындай сәттерде әкем ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жолға салып отыратын. Әсіресе отбасымызбен дастархан басына жиналғанда қиындыққа толы балалық шағынан көптеген әңгімелер айтатын. Оны тыңдай отырып, балалығы сұрапыл соғыс уақытымен тұспа-тұс келген ұрпақ тағдырдан қанша теперіш көрсе де, рухы асқақ намысшыл болып өскендей әсер алып, мойынға түскен қиындықты біраз ұмытып, серпіліп қалатынмын.

Сабақты үздік оқыса да, бастауыш біліммен шектеліп, еңбекке ерте араласқан әкеміз мал бағу, шөп шабу секілді қиын жұмыстардың барлығын жасаған. Жоғарғы білім алмаса да, шотпен есеп шығарғанда әкем алдына жан салмайтын. Суретті де тамаша салатын. Жастайынан мал арасында өскесін бе, төрт түліктің түрлі ауруларын емдеп, алуан дәрі-дәрмек дайындау тумысынан қабілетті жанға қиындық тудырмайтын.

Ал енді қолөнерге келер болсақ, әкеміздің шеберлігі бөлек бір тақырыпқа арқау болғандай. Қолы қалт еткенде аңшылықпен де айналысатын әкеміз аң терісін илеп, әжетіне жаратса, етін тамақ ретінде пайдаланатынбыз. Мал жүнін де далаға тастап көрген жан емес. Киіз байпақ басып, қолдан қалып жасап, былғарыдан етік тігетін. Ағаштан түрлі бұйымдар жасап, ат құралдары мен ер-тоқым, қамшы мен түрлі әбзелдер жасау ол кісінің сүйікті ісі болатын. Бертінде есейіп тұрмыс құрған кезде өзіммен бірге төркіннен әкеткен жүк ішіндегі әкемнің қолынан шыққан ағаш төсек орын, сандық және ас үйге арналған отырғыштар мен үшін ең ыстық бұйымдар болатын. Өз қолымен жасаған сегіз өрмелі дойыр қамшы, домбыра секілді түрлі бұйымдар әлі ел ішінде жүр. Бұл заттар біз үшін балалығымыздың естелігі іспетті.

Бүгінде өзіміз де ұл-қыз тәрбиелеп, немере-жиен сүйіп отырған жайымыз бар. Қазір ата-әже атанып отырсақ та, әке мектебінің берген темірдей тәртібі мен өнегелі өмірін жадымыздан шығарған емеспіз. Өз ұрпағымызға үлгі етіп, әр басқосуда айтып отырамыз. Әкеміз марқұм тірі болса, биыл торқалы тоқсан жасын тойлар едік. Алайда, артында өшпес із қалдырған әкемізді ұрпақтары өлдіге баламаймыз. Жақсы әке  тәрбиесімен жұрт жадында, ұрпақ санасында мәңгілік өмір сүреді деп білемін.

 

Алмагүл Сейткереева,

Ақбұлақ ауылы