28.11.2019, 17:19
Қараулар: 168
«Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы»

«Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы»

Дәл осындай атаумен аудандық орталық моделді балалар кітапханасында тұңғыш Президент күніне орай әдеби қонақжай өтті. Еркін сұхбат түрінде өрбіген шараға аудандық балалар шығармашылығының түрлі үйірме мүшелері мен оқушылар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Кездесуде облыстық «Куншуақ»  бағдарламасына қатысушы Есенаман Жалмуханов цифрлы ғасырға қадам басқан тәуелсіз елімізде осы үйірменің белсенді мүшесі ретінде робототехниканың болашағы туралы ұтымды ойларымен бөлісті. Ал, фотография  үйірмесінің мүшесі Дастан Сақыпкерей жиылғандарды мерекелерімен құттықтап, қатысушыларға өз қолынан шыққан аудан айшықтары бейнеленген күнтізбелер мен тоңазытқышқа жапсыратын сыйкәделер табыстады. Сурет үйірмесінің мүшесі, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Оспан Есенғалиев «ЭКСПО – 2017» көрмесінен алған әсерімен бөлісті. Сондай-ақ аталмыш көрменің делфийлік ойындар сайысының жеңімпазы атандырған өз туындыларымен таныстырды. Балалар саз мектебінің қобыз класының оқушысы Назерке Саркулова тыңдармандарға халық әні «Илигайды» орындап берді. Аудандық туризм орталығының ориентир бағыты бойынша үйірме мүшелері, облыстық, республикалық спорттық бағдарлаудан сайыс жеңімпаздары Әли Ерғали, Гүлмира Ерғали және Гүлназ Самиғоллалар да жиналғандармен мереке туралы өз ойларымен бөлісіп, әр бастамаларына сәттілік тіледі.

Шараның екінші бөлімінде оқушылар Елбасы туралы эссе жазып, бүгінгі заманның ұлы саясаткері, кемеңгер көшбасшы, тумысынан қасиет дарыған қайраткер жайлы өз ойларын қағазға түсірді.

 

Гүлбану ҚҰЛМҰХАНОВА,

орталық моделді балалар кітапханасының меңгерушісі