5.12.2019, 16:50
Қараулар: 169
Елі еріне, ері еліне сенген ұлт бақытты

Елі еріне, ері еліне сенген ұлт бақытты

Ауданымызда биыл да Тұңғыш Президент күні қашандағыдай, бай мазмұнмен өтті. Ауыл елдімекендерде айтулы күннің мән-маңызын айғақтаған мәдени-спорттық шаралар өткізілсе, аудан орталығында сән-салтанаты келіскен мерекелік жиын өтті. Аудандық мәдени-демалыс орталығының басты залына мерекелік көңіл-хошта жиналғандарды аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтап, сөз сөйледі.

– Тәңірдің халқымызға сыйлаған баға жетпес екі бақыты бар, бірі – қаннан да, жаннан да қымбат Тәуелсіздік, екіншісі – Тәуелсіздік туын берік ұстап, сары даланы алып шаһар тұрғызып, гүл қалаға айналдырған, алдағыны жаңылмай көріп, алысты жаңсақсыз болжаған, мемлекетіміздің  керегесін кеңейтіп, шаңырағын шайқалтпай, сеніммен өркенденткен Ұлт Көшбасшысы —  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тұңғыш Президент күні – бұл әрине, дамудың, Еңбек Қоғамына қарай бекем адымдаудың, рухани жаңарудың, сөйтіп, тәуелсіздігімізді нығайту үшін топтаса түсудің күні. Осы орайда бізге Нұрсұлтан Әбішұлының сұңғылалығы да, қайраткерлігі де, көрегендігі де әрдайым үлгі болғай! Ол елді адастырмай, күштілерге басындырмай, небір сыннан сүріндірмей, Мәңгілік Ел болу көшін бастады. Ал еліміздің ертеңін баянды етіп, тәуелсіздігімізді кемел ету – бізге аманат,-деді аудан басшысы.

Бұдан әрі ол тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қол жеткізген жетістіктері, әлемге әйгілі болған асулары туралы баяндап, ауылдарымыздың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты атқарылған істерден жарқын мысалдарды тілге тиек етті.

Салтанатты шарада ол аудандық балалар және туризм орталығы директорының орынбасары Қуаныш Аққалиевке Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын, С.Ошанов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арина Шайхиеваға министрдің Алғыс хатын, «Ернұр-Ж» шаруа қожалығының жетекшісі Жанғабыл Сәтпаевқа облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ Жайық ауылының «Асыл әжелер» ансамблі, Қабыршақты ауылдық округінің әкімі Тілек Какенов, Чапаев №1 орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі Назгүл Нығметова, тағы басқа мақтаулылар аудан әкімінің алғысхатына ие болды.

Айтулы күнге орай аудан көркемөнерпаздары, мәдениет қызметкерлері концерт беріп, көрермендеріне әсерлі кеш сыйлады.

Әсия ШЫРАЙ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ